PayPal акциясы 10%-ға құлдырады: инвесторларды негізгі көрсеткіш алаңдатты

Финтех-сервис PayPal акциялары 29 шілдедегі саудада 10%-ға төмендеді. Бұл соңғы алты айдағы ең ірі құлдырау болды. Компания екінші тоқсан бойынша жақсы есеп берді: табысы мен акцияға шаққандағы пайдасы өсті, сонымен қатар EPS бойынша болжамын жақсартты. Дегенмен инвесторлар негізгі кірістілік көрсеткішінің баяулауына назар аударды. Сарапшылар нарықтың тым қатты реакция білдіргенін айтып, PayPal-дан әлі бас тартуға ерте екенін жеткізді.
Егжей-тегжейі
29 шілде, сейсенбі күнгі сауда барысында PayPal акцияларының бағасы 70,31 долларға дейін түсті. Бұл — алдыңғы күнгі жабылу бағасынан 10,1%-ға төмен және соңғы бір айдағы ең төменгі көрсеткіш (23 маусымнан бері). Бір күндік төмендеу қарқыны жағынан бұл 4 ақпаннан бергі ең үлкен құлдырау болды, деп жазды Bloomberg.
Осы күнге дейін PayPal акциялары тоғыз сауда сессиясы қатарынан өскен еді. Бұл — соңғы төрт жылдағы ең ұзақ серия.
PayPal екінші тоқсандағы табысы 5%-ға артып, 8,29 млрд долларға жеткенін мәлімдеді. Бұл LSEG мәліметі бойынша болжанған 8,08 млрд доллардан жоғары. Түзетілген таза пайда 1,37 млрд $ немесе акцияға шаққанда 1,4 $ болды — бұл да болжамнан (1,3 $) артық.
Сонымен қатар жалпы төлем көлемі 6%-ға өсіп, 443,5 млрд долларға жетті. Бұл да сарапшылар күткен 435,7 млрд доллардан жоғары. Алайда транзакциялар саны төмендеді.
Компания тұтынушылық шығындарда «аздап баяулау» бар екенін байқағанын айтты. Бұл туралы қаржы директоры Джейми Миллер аналитиктерге берген түсініктемесінде Bloomberg-ке мәлімдеді.
PayPal EPS бойынша жылдық болжамын да жақсартты. Енді жылдық түзетілген пайда 5,15–5,3 $ аралығында болады деп күтуде (бұрынғы болжам — 4,95–5,1 $). Бұл — айтарлықтай оң өзгеріс. FactSet сауалнамасына қатысқан сарапшылар 5,11 $ болады деп күткен, яғни жаңа диапазонның ең төменгі шегінен де аз.
Есепте не ұнамады?
CNBC жазуынша, PayPal өз табыстылығының негізгі көрсеткіші — транзакциялық маржа (transaction margin dollars) өсімінің баяулауын хабарлады. Бұл көрсеткіш транзакциядан кейінгі табысты көрсетеді.
Көрсеткіш 7%-ға өсіп, 3,84 млрд долларға жетті. Алайда бірінші тоқсандағы өсім 8% болған. Дегенмен бұл көрсеткіш қатарынан алтыншы тоқсан өсіп отыр.
Жалпы табыстың артуы жылдық болжамды көтеруге мүмкіндік берді. Енді PayPal бұл көрсеткіш жыл соңына дейін 15,35–15,5 млрд $ болады деп күтеді (5–6% өсім). Бұрынғы болжам — 15,2–15,4 млрд $ (4–5% өсім). Алайда үшінші тоқсанда өсім шамамен 4% ғана болады.
Сонымен қатар компанияның шығындары өсті, ал бос ақшалай ағыны (free cash flow) азайды. Операциялық шығындар 6,78 млрд $ болды — бұл бірінші тоқсандағы 6,26 млрд доллармен салыстырғанда көп.
Сәйкесінше, түзетілген бос ақшалай ағыны 656 млн $ ғана болды. Бұл — Уолл-стрит күткен соманың үштен бірі. Ал бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш 1,4 млрд $ болған.
Сарапшылар не дейді?
Mizuho сарапшысы Дэн Долевтің айтуынша, transaction margin dollars көрсеткіші оның 5% болжамынан асып түсті. Дегенмен бұл нәтижеге негізгі төлем серіктесімен серіктестік аясындағы бір реттік пайда әсер еткен.
Соған қарамастан, ол компанияға қатысты оң көзқарасын сақтайды. Оның пікірінше, «қазір акцияларға қысым жасайтын бірқатар фактор бар, бірақ PayPal-дың мықты іргелі көрсеткіштері ақыры жеңіп шығады».
Barclays сарапшысы Рэмси Эль-Ассаль PayPal тоқсандық есебі «жалпы алғанда сенімді» болғанымен, акция бағасы күткеннен төмен қалғанын айтты.
JPMorgan сарапшылары брендтелген төлемдер көлемінің (branded checkout) баяу өскеніне назар аударды — бұл көрсеткіш небәрі 5% болды. Бұл — компанияның өз күткенінен де, инвесторлардың болжамынан да төмен.
Сонымен қатар болжамның жақсартылуы алдын ала күтілген жағдай болғандықтан, банк есеп жарияланғаннан кейін акция бағасының уақытша төмендеуін болжаған еді.
Инвесторлар да бұл бизнеске қатысты алаңдаушылықтарын білдірді. Себебі PayPal Apple Pay және басқа төлем қызметтерімен бәсекелесуге мәжбүр болып отыр.
Дегенмен JPMorgan компания есебі күткеннен жақсы болды және жылдық болжамның «сау» жақсартылуы төлем саласындағы әлсіз үрдістерді теңестіріп тұр деп санайды.
Сейсенбі күні банк PayPal акцияларына Overweight рейтингін растады. Бұл — «нарықтан жоғары» деген баға, яғни сатып алуға кеңес береді.
MarketWatch дерегі бойынша, PayPal акцияларына 44 сарапшы баға берген. Олардың пікірлері әртүрлі: 21-і — ұстау (Hold), 16-сы — сатып алу (Buy), төртеуі — Overweight, ал үшеуі — сату (Sell) деп бағалаған.
Орташа мақсатты баға — 82,66 $. Бұл 28 шілдедегі жабылу бағасынан 6%-ға жоғары.








