PepsiCo компаниясы Poppi брендін $1,95 млрд-қа сатып алды

PepsiCo компаниясы Poppi брендін $1,95 млрд-қа сатып алды
PepsiCo 17 наурызда пребиотикалық газдалған сусындар шығаратын Poppi брендін $1,95 млрд-қа сатып алатынын жариялады. Салықтық жеңілдіктерді ескергенде, сатып алу құны $1,65 млрд болады. Poppi өз өнімдерін “пайдалы” газдалған сусын ретінде ұсынады: құрамындағы агава инулині мен маниока тамырының талшықтары ішек флорасын жақсартады, ал басқа газдалған сусындармен салыстырғанда қанттың аз мөлшері салауатты өмір салтын ұстанатын тұтынушылар үшін тартымды етеді.
Poppi брендінің дамуы
Poppi өзінің жолын үй жағдайында жасалған газдалған сусын ретінде бастап, АҚШ-тағы ең танымал алкогольсіз сусындардың біріне айналды. Соңғы 12 айда Poppi сатылымы $391 млн-ды құрады.
PepsiCo-ның стратегиясы
PepsiCo үшін бұл сатып алу денсаулыққа мән беретін Z буыны мен миллениалдар қатарындағы тұтынушыларды тартуға бағытталған қадам. Өткен жылдың күзінде компания пайдалы чипс өндірушісі Siete Foods-ты $1,2 млрд-қа сатып алатынын жариялады, сондай-ақ хумус, гуакамоле және соустар өндіретін Sabra Dipping және PepsiCo-Strauss Fresh Dips & Spreads компанияларындағы үлестерін толықтай иеленді.
Функционалды сусындар нарығының өсуі
Bloomberg Intelligence сарапшысы Кеннет Шидің айтуынша, Poppi-мен жасалған мәміле PepsiCo-ны АҚШ-тағы $1 млрд-тан асатын пребиотикалық газдалған сусындар нарығында көшбасшы етуі мүмкін. Poppi-дің басты бәсекелесі Olipop ақпан айында инвесторлардан $50 млн тартып, компанияны $1,85 млрд-қа бағалады. PepsiCo-ның бәсекелесі Coca-Cola да ақпанда табиғи ингредиенттер мен қосымша дәрумендерден тұратын Simply Pop пребиотикалық газдалған сусындар желісін іске қосты.
Функционалды сусындардың әлемдік нарығы
Imarc Group аналитиктерінің мәліметінше, функционалды сусындардың әлемдік нарығы $143,5 млрд-ты құрап, 2033 жылға қарай $238,1 млрд-қа жетуі мүмкін.
Газдалған сусынның пайдалы болуы және TikTok-тың рөлі
Алма сірке суы және инвесторлар шоуы
Poppi брендінің тарихы 2015 жылы Стивен және Эллисон Эллсворттардың үйдегі тәжірибелерінен басталды. Эллисон алма сірке суын арықтау және детокс үшін қолданды. Оны таза күйінде ішу қиын болғандықтан, ол оны жеміс шырындарымен, пребиотиктермен және газдалған сумен араластырып, дәмі мен пайдасы үйлескен сусын жасауға тырысты. Нәтижесінде Даллас қаласындағы фермерлер нарығында хитке айналған сусын пайда болды. Сол жерде олар Whole Foods Market-тен ұсыныс алып, осы америкалық супермаркеттер желісінде сата бастады.
Үлкен жетістік Эллсворттарға 2018 жылы ABC арнасындағы Shark Tank реалити-шоуында Mother Beverage атты сусындарын таныстырғаннан кейін келді. Шоуда инвестор Рохан Оза компанияның 25% акциясын $400 мыңға сатып алуға келісті. Оза ребрендингке көмектесіп, нәтижесінде Poppi атауы пайда болды. 2021 жылы Cavu Consumer Partners инвестициялық компаниясы Эллсворттардың стартапына $13,5 млн инвестиция салды, инвесторлар қатарында әншілер Элли Голдинг пен Холзи, баскетболшы Рассел Уэстбрук болды. 2022 жылы компания $25 млн тартты, жаңа раундты да Cavu Consumer Partners басқарды.
2023 жылы компанияның сатылымы $100 млн-нан асып, Poppi АҚШ-тағы 120-дан астам бөлшек сауда дүкендерінде сатылды.
TikTok арқылы танымалдыққа жету
Компанияның негізін қалаушы Эллисон Эллсворттың айтуынша, Poppi инфлюенсерлерді TikTok-та тартып, офлайн іс-шаралар ұйымдастырды: “Біз TikTok-қа бағытталған компаниямыз, бұл біздің мәдениетіміздің бір бөлігі”. Ол 2021 жылы TikTok-та компанияның құрылу тарихын баяндаған вирустық жазбасын еске алады: “Мен ұйықтауға жаттым, ал келесі күні оянғанда, видео миллиондаған қаралым жинады”. Қазір брендтің TikTok-тағы аккаунтында 650 мыңнан астам жазылушы бар. Напитоктың жанкүйерлері мен амбассадорлары арасында модельдер Хейли Бибер мен Кайли Дженнер, әншілер Билли Айлиш пен Дженнифер Лопес бар.
Пребиотикалық газдалған сусындардың пайдасы қаншалықты дәлелденген?
Көптеген “пайдалы” газдалған сусындар құрамында пребиотиктер бар. Бірақ оларды пробиотиктермен шатастыруға болмайды. Пребиотиктер – бұл адам ағзасы қорыта алмайтын, бірақ ішектегі пайдалы бактериялар үшін қорек болатын тағамдық талшықтар. Ал пробиотиктер – бұл тірі микроағзаларды өз құрамына қамтитын өнімдер, деп түсіндіреді Иллинойс университетінің тамақтану кафедрасының доценті Ханна Холшер New York Times басылымына берген сұхбатында.
Алайда, тамақтану саласындағы сарапшылардың айтуынша, пребиотиктерді алу үшін арнайы газдалған сусындарды ішу қажет емес. Себебі көптеген өнімдер – мысалы, сарымсақ, пияз, бұршақ, жасымық, дәнді дақылдар мен кейбір жемістер – табиғи түрде пребиотиктерге бай. Егер адамның рационында талшықтар жетіспесе, ешқандай сусын бұл кемшілікті толықтыра алмайды.
Көбіне мұндай сусындарға инулин деген пребиотик қосылады. Бірақ адам ағзасына тек инулин емес, әртүрлі түрдегі талшықтар қажет. Сонымен қатар, табиғи өңделмеген өнімдерде дәрумендер мен басқа пайдалы заттар болады, ал газдалған сусында олар жоқ.
Мысалы, Poppi-дің Orange Cream дәміндегі сусынында 2 грамм талшық бар, ал Olipop-тың Strawberry Vanilla дәмінде 9 грамм. Бұл кезде ересек адамға күнделікті ұсынылатын талшық мөлшері – шамамен 28 грамм (2000 ккал-дық рацион үшін). Орташа алма, бір кесе пісірілген брокколи немесе сұлы ботқасында шамамен 5 грамм талшық бар, ал жарты кесе жасымық пен бір кесе таңқурайда – 8 грамм.
Ханна Холшердің айтуынша, кейбір зерттеулер пребиотиктер ішек шырышты қабатын жақсартуға, инсулинге сезімталдықты арттыруға және тоқтық сезімін күшейтуге ықпал етуі мүмкін екенін көрсеткен. Бірақ бұл зерттеулердің нәтижелері әлі біржақты емес, сондықтан пребиотикалық сусындардың нақты пайдасы туралы айтуға ерте.
Сонымен қатар, инулин кей адамдардың ас қорыту жүйесіне жайсыздық тудыруы мүмкін. Әсіресе, адам оны бұрын қолданбаған болса және бірден көп мөлшерде тұтынса. Ал егер адамда тітіркенген ішек синдромы болса, мұндай сусындар жағдайды ушықтыруы ықтимал.
Poppi құрамында сондай-ақ алма сірке суы бар. Империялық колледж (Лондон) зерттеушілерінің айтуынша, бұл қоспа тамақ ішер алдында қолданылса, қандағы қант деңгейін төмендетуі мүмкін. Бірақ бір банка сусындағы сірке суының мөлшері бұл әсерге жеткілікті ме, белгісіз, дейді Аризона мемлекеттік университетінің диетология профессоры Кэрол Джонстон.
Нью-Йорк университетінің қоғамдық денсаулық сақтау профессоры Мэрион Нестле: «Пребиотик қосылған газдалған сусын денсаулыққа зиян келтірмейді, бірақ үлкен пайда да күтудің қажеті жоқ», – дейді.
«Егер адамдар ішек микробиомына алаңдаса, олар көкөністер жеуі керек. Көкөністер – шын мәніндегі керемет құрал», – дейді ол New York Times-қа берген сұхбатында.
Микробиом – бәрімізге ортақ байлық
Пребиотик пен пробиотик қосылған су, комбуча, кимчи, йогурт, алма сірке суы, алоэ вера шырыны – мұның бәрі соңғы жылдары TikTok-та белсенді жарнамаланып, велнес тауарлары нарығында үлкен танымалдыққа ие болды. Өткен жылы New York Times «ішек саулығына күтім жасау» трендін ең өзекті деп атады.
Markets and Markets зерттеу платформасының деректеріне сәйкес, 2022 жылы пребиотик ингредиенттерінің жаһандық нарығы $6,3 млрд-қа бағаланған, ал 2027 жылға қарай бұл көрсеткіш $10,9 млрд-қа жетуі мүмкін.
Неге бұл тақырып соншалықты танымал? Себебі соңғы зерттеулер микробиом – яғни, ішекте өмір сүретін бактериялар мен саңырауқұлақтар жиынтығы – жалпы денсаулыққа тікелей әсер ететінін көрсетіп отыр. Дисбактериоз – яғни пайдалы бактериялардың жетіспеушілігі – ішек аурулары, семіздік, диабет және қатерлі ісік сияқты созылмалы ауруларға әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, ішек флорасы жүрек-қантамыр жүйесіне, ми жұмысына, гормоналды және иммундық жүйелерге әсер етеді.
Тіпті микробиом біздің мінез-құлқымызға да әсер ететіні анықталды – бұл туралы Оксфорд университетінің зерттеушілері Катерина Джонсон мен Кевин Фостер және Ирландиядағы Корк университетінің ғалымдары жариялаған.
Ойланып көріңіз: ішімізде өмір сүретін бактериялар, саңырауқұлақтар мен вирустардың колониясы біздің көңіл-күйімізге, денсаулығымызға және тіпті жеке басымыздың ерекшеліктеріне әсер етеді. Ғалымдар микробиомды екінші ми деп атап, оны саусақ ізіне теңейді – әркімде бірегей.
Алайда TikTok-та кеңінен таралған ішек саулығын жақсарту тәсілдерінің бір кемшілігі бар – әр адамның микробиомы ерекше. Сондықтан қандай да бір қоспаны қолданар алдында алдымен микробиотаны талдаудан өткізу қажет – ағзаңызға не қажет екенін нақты білу үшін.








