Permira мен Warburg Morgan Stanley таңдаған small-cap компаниясын сатып алады

Permira және Warburg Pincus бастаған жеке инвестициялық компаниялар тобы инвестициялық бағдарламалық қамтамасыз ету әзірлеушісі Clearwater Analytics (CWAN) компаниясын қарызын қоса есептегенде $8,4 млрд-қа сатып алуға келісті. Бұл Permira-ның ресми хабарламасында айтылды.
Осы жаңалықтан кейін 22 желтоқсанда сауда ашылғанда Clearwater Analytics акциялары 8%-дан аса өсті.
Егжей-тегжейі
Clearwater-дың мәлімдемесіне сәйкес, Permira мен Warburg Pincus CWAN акционерлеріне бір акция үшін қолма-қол $24,55 ұсынған. Бұл 10 қарашадағы жабылу бағасымен салыстырғанда шамамен 47% үстемақы. Сол күні компанияны сату мүмкіндігі туралы алғашқы хабарлар шықпай тұрған, ал Clearwater акциясы $16,69 деңгейінде болған.
Келісімде go-shop деп аталатын стандартты кезең бар, ол 2026 жылғы 23 қаңтарға дейін жалғасады. Осы уақытта Clearwater басқа сатып алу ұсыныстарын да қарастыра алады. Reuters мәліметінше, барлық қажет реттеуші рұқсаттар алынғаннан кейін мәміле 2026 жылдың бірінші жартысында жабылады деп күтіледі.
Reuters жазуынша, Permira мен Warburg Pincus-тан бөлек, мәмілеге миноритар инвесторлар да қатысады. Олардың қатарында Francisco Partners және Сингапурдың Temasek егемен қоры бар.
Clearwater Analytics немен айналысады
Clearwater Analytics — Айдахо штатындағы Бойсе қаласында орналасқан компания. Ол инвестициялық портфельдерді басқаруға арналған бұлтты бағдарламалық өнімдер жасайды. Компания платформасы портфель деректерін жинап, бухгалтерлік есепті, талдауды және есеп беруді бір жерге біріктіреді. Бұл ЖИ негізіндегі құралдарды қосып, талдау мен есепті нақтырақ жасауға мүмкіндік береді.
Мәмілеге жақын Reuters дереккөзі инвесторлардың қызығуына себептердің бірі — Clearwater-дың ЖИ технологияларын күшейтіп, платформаның құнын арттыру мүмкіндігі екенін айтқан.
Контекст
Reuters мәліметінше, Permira мен Warburg Pincus 2021 жылы компания IPO өткізгенге дейін Clearwater-дың негізгі акционерлері болған. IPO-дан кейін олар Clearwater-тағы үлесін біртіндеп қысқартып, соның ішінде акциялардың кейбір түрлерін сатқан.
LSEG дерегіне сүйенсек, 2021 жылы $5,5 млрд бағалаумен биржаға шыққан Clearwater-дың нарықтық құны 21 желтоқсан, жексенбі күні шамамен $6,5 млрд болған.
2025 жылдың сәуірінде Morgan Stanley Clearwater Analytics қағаздарын “тартымды” small-cap акциялар тізіміне енгізген. Банк компанияның меншікті капитал табыстылығы жақсы екенін және нарық құбылмалы болған кезде өсім қарқыны барын атап өткен.








