БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Reddit рекордтық табыс жариялап, нарықты болжамымен таңғалдырды

Яна  Закомолдина

Яна Закомолдина

Reddit рекордтық табыс жариялап, нарықты болжамымен таңғалдырды

Форум иесі Reddit компаниясының акциялары рекордтық табыс пен үшінші тоқсанға мықты болжам жариялағаннан кейін биржадан тыс саудада шамамен 18%-ға қымбаттады. Бұл жарнамалық бағыттың табысты екенін растады. Нәтижеге жарнамалық табыстың шапшаң өсуі, пайдаланушылар санының артуы және жасанды интеллект қызметтеріне басымдық берілуі оң әсер етті. Компания акциялары жыл басынан бері аздап теріс аймақта болса да, тадаушылар оларды сатып алуға кеңес береді.

Егжей-тегжейлі

Қаржылық тұрғыдан алғанда, Business Insider-дің жазуынша, екінші тоқсан компания тарихындағы ең табысты кезең болды. Табыс жылдық өлшемде 78%-ға артып, $500 млн-ға жетті — бұл 2022 жылдан бергі ең жылдам өсім.

Түсімнің негізгі бөлігі жарнама есебінен орын алды. Осы бағыт компанияға $465 млн алып келді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 84%-ға көп. Жарнама берушілер саны жылдық өлшемде 50%-ға көбейді — бұл соңғы үш жылдағы максимум. 15 негізгі жарнама сегментінің тоғызында табыс 75%-дан артық өсті. MarketWatch-тың дерегінше әсіресе технология, қаржы, бөлшек сауда, фармацевтика және медицина жарнамасы айтарлықтай серпін көрсетті.

Reddit 2024 жылдың наурызында биржаға шыққаннан бері жарнама технологияларына белсенді түрде инвестиция салып, Meta Platforms пен Google сияқты алыптар үстемдік етіп отырған цифрлық жарнама нарығындағы үлесін арттыруға ұмтылуда, деп жазады Bloomberg. Reddit негізі он тоғыз жыл бұрын қаланғанымен, $6,4 млрд-қа бағаланған IPO платформаның дамуына жаңа тыныс берді, деп есептейді Business Insider.

Bloomberg-тің нақтылауынша қазіргі таңда Reddit-тің жарнама табысы негізінен ірі клиенттердің шағын шеңберінен түседі, алайда компания тәуекелдерді азайту мақсатында шағын және орта бизнес өкілдерін тартуға белсене кіріскен. Бұдан бөлек, Reddit жарнамалық базаны кеңейту және әртараптандыру үшін халықаралық серіктестіктерді де дамытып жатыр, дейді агенттікке берген сұхбатында операциялық директор Дженнифер Вонг.

«Платформадағы белсенді жарнама берушілер санының артқанын байқаудамыз, — деді Вонг. — Сату тобына, жарнама технологияларына және өнімді дамытуға салынған инвестициялар нәтиже беріп жатыр — жасап жатқан жұмысымыз жемісін бере бастады».

Reddit-тің таза табысы $89 млн немесе бір акцияға шаққанда 45 центті құрады. Бұл бір жыл бұрынғы $10 млн шығынмен салыстырғанда айтарлықтай нәтиже, ол кезде шығындар IPO-мен байланысты болған. Reddit-тің күнделікті белсенді пайдаланушыларының саны жылдық есепте 21%-ға өсіп, 110,4 млн адамға жетті. Бұл аналитиктердің 109,02 млн деген болжамынан жоғары. Платформа пайдаланушы саны бойынша екінші тоқсан қатарынан күтуден жоғары көрсеткіш көрсетіп отыр.

Өсудің қосымша факторлары

Reddit-тің басты басымдықтарының бірі — жаһандық ауқымдағы қатысуды кеңейту. Компания есебінде көрсетілгендей, екінші тоқсанда халықаралық аудитория 32%-ға өсіп, 60,1 млн адамға жеткен, ал АҚШ-тағы қолданушылар саны 11%-ға артып, 50,3 млн адам болған.

Компания жасанды интеллект (ЖИ) негізіндегі функцияларды да белсенді дамытып жатыр. 2024 жылы Reddit Google компаниясымен келісімге келіп, іздеу алпауытынан өз контентін ЖИ модельдерін үйрету үшін пайдалануға рұқсат берді. Оның орнына Reddit Google-дың машиналық оқыту платформасы Vertex AI-ге қол жеткізді, соның арқасында кеңейтілген іздеу мен өзге де технологияларды енгізе алды, деп еске салады Business Insider.

Компания бас директоры Стив Хаффманның айтуынша Reddit-тің жаңа іздеу қызметін апта сайын 70 млн адам пайдаланады. Сонымен қатар, қажетті ақпаратты табуды жеңілдететін Reddit Answers атты ЖИ-функциясы тоқсан ішінде аптасына 1 млн қолданушыдан 6 млн-ға дейін өсті. Хаффман бұл функцияны тереңірек интеграциялап, іздеуді пайдаланушы тәжірибесінің орталық бөлігіне айналдыратынын мәлімдеді.

Үшінші тоқсанға болжам да мықты болды, компания $535–$545 млн аралығында табыс күтуде, ал Bloomberg талдаушыларының орташа болжамы $473 млн болған. Компания болжап отырған түзетілген EBITDA — $185–$195 млн аралығында.

Сонымен қатар, Reddit басым бағыттарға назар аудару үшін кейбір бастамаларға бөлінетін ресурстарды қысқартуға шешім қабылдады. 2024 жылғы IPO құжаттарында пайдаланушыларға бағытталған бизнес бағытын — мысалы, ойын сервисі немесе Facebook Marketplace сияқты алаңдар құру арқылы — дамыту жоспарланғаны айтылған, деп еске салады CNBC.

Reddit акциялары туралы не белгілі

31 шілдедегі негізгі сауда сессиясы Reddit акцияларының 7,5%-ға өсуімен аяқталды, ал есеп жарияланғаннан кейін кеңейтілген саудада шамамен 18%-ға артты. 1 тамыздағы премаркетте бағамдар тағы 14%-ға өсті. Reddit акциялары сәуірдегі минимумнан бері шамамен 110%-ға қымбаттап, жыл басындағы шығынды ішінара жапты. Маусым айындағы жарнамаға арналған жаңа ЖИ құралдарын Cannes Lions фестивалінде таныстырғаннан кейін акциялар күрт өсті. Дегенмен, Yahoo Finance-тың мәліметінше бағамдар ақпан айындағы шекті деңгейден едәуір төмен және 2025 жылдың басынан бері шамамен 2% теріс аймақта.

Investor’s Business Daily-дың хабарлауынша инвесторлар мен талдаушылар есептегі пайдаланушы белсенділігіне қатысты көрсеткіштерді мұқият бақылап отыр. Себебі Reddit-тің Google Search-тен келетін трафикке тым тәуелді екеніне қатысты алаңдаушылық бар. Reddit компаниясы төртінші тоқсан есебінде Google алгоритмдеріндегі өзгерістер аудитория өсіміне теріс әсер еткенін мойындағаннан кейін, акциялары күрт құлдыраған. Yahoo Finance-тың дерегінше JPMorgan-ның сарапшысы Даг Анмуттың бағалауынша Reddit трафигінің 40–50%-ы Google-ға тиесілі.

Jefferies компаниясының сарапшысы Джон Колантуони есеп жарияланар алдында жариялаған шолуында компания акцияларын сатып алуға кеңес беріп, веб-трафикке қатысты үшінші тарап деректері Reddit пайдаланушыларының белсенділігі жылдың басындағы баяулауынан кейін соңғы үш айда тұрақталғанын көрсететінін атап өтті, деп нақтылайды Investor’s Business Daily.

Needham-ның сарапшысы Лора Мартин де «сатып алу» ұсынымын сақтап, былай деді: «Reddit-ке Google трафик беруді тоқтатады деген «аю сценарийі» орындалған жоқ. Керісінше, ЖИ құралдары Reddit-тің генеративті ЖИ-ді табыс көзіне айналдырып үлгергенін көрсетіп отыр».

MarketWatch-тың жазуынша Reddit акцияларын бақылайтын 29 талдаушының 18-і оларды сатып алуға кеңес береді (Buy және Overweight рейтингтері), он адам — ұстауға кеңес береді (Hold), тек біреуі ғана — сатуға (Sell).

Контекст

Reddit акцияларының өсуіне Meta Platforms компаниясының күтілгеннен жоғары тоқсандық нәтижелері де түрткі болды. Investor’s Business Daily-дың жазуынша бұл бүкіл сектор үшін, соның ішінде Reddit сияқты шағын әлеуметтік желілер үшін де оң белгі ретінде қабылданды.

Reuters-тың хабарлауынша жарнама берушілер барған сайын Reddit, Meta және TikTok секілді жасанды интеллектке негізделген жарнама құралдарын ұсынатын платформаларға жүгінуде. Emarketer сарапшысы Джереми Голдман былай дейді: «Reddit-тің бұл тоқсандық нәтижесі — кез келген сыншыл сабреддиттің өзі мақтана алатын көрсеткіш».

Investor’s Business Daily атап өткендей, Reddit-тің сәтті тоқсаны цифрлық жарнама келешегіне деген инвесторлардың сенімін арттырды. Snap (Snapchat иесі) акциялары сауда сессиясынан кейін 1,18%-ға өссе, Pinterest те аздаған өсім көрсетті. Бұл екі компания есептерін келесі аптада жариялайды.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары