Санкцияға іліккен «Лукойлдың» негізін қалаушыларының бірі өз үлесін сатты — Reuters

«Лукойлдың» тең құрылтайшысы Леонид Федун Ресейдің ең ірі жекеменшік мұнай компаниясындағы өз үлесін сатқан, деп хабарлады Reuters үш дереккөз бен редакция қолындағы құжаттарға сілтеме жасап. Агенттік сұхбаттастарының айтуынша, мәміле 2025 жылдың басында жасалған, ал сатып алушы — «Лукойлдың» өзі.
Reuters есептеуінше, Федунның шамамен 10% үлесінің нарықтық құны $7 млрд болған. «Ол дәл осы бағаны алды ма — белгісіз», — деп жазды агенттік.
«Лукойл» жағдайға пікір білдіруден бас тартты, ал Федунмен байланысу Reuters-ке мүмкін болмаған.
Қазанда «Лукойл» АҚШ санкциясына іліккеннен кейін компания халықаралық активтерін қысқартуға және сатуға ниетті екенін жариялады. Reuters пен Bloomberg дереккөздеріне сүйенсек, бұл активтерге қызығушылық танытқан компаниялар қатарында америкалық мұнай алыбы Exxon Mobil, Chevron, инвестқор Carlyle Group және БАӘ-нің энергетикалық компаниясы Abu Dhabi National Oil (ADNOC) бар.
«Лукойлдың» екінші негізін қалаушысы әрі бұрынғы президенті Вагит Алекперовтен айырмашылығы, Федун Батыстың Ресейге қарсы санкциялар тізіміне енбеген. 2022 жылы ол 25 жылдан астам уақыт атқарған «Лукойл» вице-президенті қызметінен кетіп, Мәскеудің «Спартак» футбол клубындағы үлесін де сатқан. Reuters сұхбаттасының айтуынша, Федун Ресейдегі активтерін қысқартуды таңдаған, себебі ол қазіргі уақытта Монакода тұрады.








