Сарапшы Alphabet әлемдегі ең қымбат компания болуы мүмкін деп санайды

Google-дың холдингі Alphabet болашақта әлемдегі ең қымбат компаниялардың көшін бастауға мүмкіндік алады, деп санайды MoffettNathanson сарапшылары. Олардың пікірінше, бұған ЖИ-дегі көшбасшылық пен негізгі нарық сегменттеріндегі мықты позиция көмектеседі. Бірақ Уолл-стритте компания акциялары сәуірден бері 70%-ға өскен соң, бұл қарқын қаншалықты тұрақты болатынына күмән бар.
Егжей-тегжейі
MoffettNathanson сарапшысы Майкл Нейтенсон 25 қыркүйекте Alphabet акцияларының мақсатты бағасын $230-дан $295-ке көтерді. Бұл сәрсенбідегі жабылу бағасынан шамамен 20% жоғары. Бұл деңгей Уолл-стриттегі ең жоғарғы болжам — $300-ға жақын. Сарапшы Google холдингінің акцияларын сатып алуға ұсынысын да сақтап қалды.
«Нарықтағы көшбасшылық, әртараптандыру және ауқым Alphabet-ті генеративті ЖИ дәуірінің жеңімпазы ғана емес, сонымен қатар әлемдегі ең қымбат компания атағына лайық қылады», — деп жазды Нейтенсон Bloomberg келтірген жазбасында.
Ол Google әлі де генеративті ЖИ-іздеу саласында «эталон» болып отырғанын атап өтті. Сарапшының айтуынша, Alphabet-тің OpenAI-да жоқ ресурстары мен тарату арналары бар. «Google енді сақтық танытпайды — компания ЖИ өнімдерін нарыққа шығаруды жеделдетті. Бұл — реактивті стратегиядан проактивтіге көшудің айғағы».
Акциялар жағдайы
25 қыркүйектегі саудада Alphabet A класты акциялары бір сәтте 2,6%-ға арзандап, кейін құлдырау 0,7%-ға дейін баяулады. 2025 жылдың сәуір айындағы минимумнан бері олар 70%-дан астамға қымбаттады. Жыл басынан бергі өсім 30%-дан асып, Nasdaq 100 индексінің көрсеткішінен (17%) екі есе жоғары болды.
CNBC жазуынша, мұндай қарқын шамадан тыс болып көрінуі мүмкін. LSEG дерегіне сай, сарапшылардың орташа мақсатты бағасы қазіргіден 5% төмен. Дегенмен, сарапшылардың көпшілігі Alphabet-ке оң көзқарас білдіруде: 64 сарапшының 52-сі акцияны сатып алуға кеңес береді.
15 қыркүйекте Alphabet тарихта капитализациясы $3 трлн болған төртінші компанияға айналды. Қазір оның нарықтық құны осы деңгейге жақындап тұр. Ал көш басында Nvidia ($4,3 трлн), одан кейін Microsoft ($3,79 трлн) пен Apple ($3,74 трлн).
Басқа сарапшылар не дейді
— Melius Research сарапшысы Бен Рейтцес Google Gemini арқылы ЖИ-ді белсенді қолданғаны үшін Alphabet-ті мақұлдағанымен, ЖИ іздеуіндегі жарнама тиімділігіне күмән келтірді. Оның айтуынша, Alphabet бұл салада жетістіктер көрсетіп отыр, бірақ жарнама кірісі іздеудегі дәстүрлі сілтемелердегідей нәтиже бермейді. Ол сондай-ақ Alphabet-тің акциялары тым тез өсіп кеткенін, ал Microsoft қағаздары әлі де премияға лайық екенін атап өтті.
— Truist сарапшысы Юсеф Сквали Alphabet акцияларын сатып алуға ұсынысын растады. Ол Google-дың іздеу нарығында 90%-дан астам үлеспен әлі де үстем екенін айтты. ЖИ-іздеудегі үлес тым аз, сондықтан чат-боттардың дамуы іздеудің жалпы нарығын кеңейтіп жатыр.
— Niles Investment Management негізін қалаушы Дэн Найлс Alphabet-ті ұзақ мерзімге сенімді таңдау деп санайды. Оның пікірінше, YouTube арқасында компания әлемдегі ең көп дерекке ие және бұл ЖИ қолданбаларының сапасын арттырады.
— Wolfe Research сарапшысы Швета Кхаджурия Google-дың ЖИ функциялары әсерлі екенін атап өтті. Ол компания өнімдерін өзі сынап көргенін және олардың App Store жүктеулерінде көш бастап тұрғанына таң қалмағанын айтты. Жарнама бюджетінің тұрақтылығы мен бұлтты нарықтағы үлесінің өсуі Google-ды қысқа мерзімді негізгі ұсыныстар қатарында ұстап отыр.








