Сарапшы инвесторларға назар аударуға тұрарлық энергетикалық компанияларды атады

Энергетикалық акциялардың биылғы динамикасы баяу болғанымен, бұл секторда инвесторлар үшін әлі де бағаланбаған мүмкіндіктер бар, дейді Hennessy Midstream Fund және Hennessy Energy Transition Fund қорларының басқарушысы Бен Кук. Ол назар аударуға тұрарлық бірнеше компанияны атады. Олардың басты артықшылықтары — күшті ақша ағымы мен табиғи газға өсіп жатқан сұраныс.
Қандай акциялар тізімге кірді?
Куктың айтуынша, АҚШ-тың ең ірі энергетикалық компаниясы Exxon Mobil әртараптандырылған және кез келген энергетикалық жағдайда табыс таба алады. «Мұнай бағасы барреліне $55 болса да, компания жылына $110 млрд көлемінде бос ақша ағынын қамтамасыз ете алады. Біз Exxon алдағы бес жылда жылына $20 млрд-қа дейін өз акцияларын қайта сатып алады деп күтеміз. Бұл олардың нарықтық капитализациясының шамамен 20%-ын қайтаруы мүмкін деген сөз», — дейді Кук.
Оған қоса, Кук Kinder Morgan мен Williams Cos. сияқты құбыр операторларын да атап өтті. Бұл компаниялар жасанды интеллект әзірлеушілерінен туындаған жоғары сұраныстан ұтып отыр және олардың көлік инфрақұрылымын басқа бәсекелестердің қайталауы қиын.
Сондай-ақ ол Chesapeake Energy мен Southwestern Energy бірігуінен құрылған Expand Energy табиғи газ өндіруші компаниясын атады. Куктың айтуынша, бұл компания ЖИ-ні энергиямен қамтамасыз ете алатын тиімді географиялық орналасуы арқылы тұрақты сұраныстан пайда көреді.
Бұл компаниялардың барлығы Уолл-стриттегі сарапшылардың қолдауына ие: олардың акцияларын сатып алуға 50%-дан (Williams Cos.) 90%-ға дейін (Expand Energy) сарапшылар кеңес береді, — делінген MarketWatch деректерінде.
Энергетика неге бағаланбай отыр?
Energy Select Sector SPDR атты биржалық қор — АҚШ-тағы энергетикалық компаниялардың акцияларын қадағалайды. Биыл бұл қор бар-жоғы 1,5% ғана өскен, яғни жыл басынан бергі кірістілігі бойынша үшінші ең әлсіз сала болды, деп жазады Barron's. Ал жалпы нарықты көрсететін S&P 500 индексі шамамен 6% өсті.
«Энергетика шын мәнінде қазір тым арзан», — дейді сарапшы Бен Кук. Оның айтуынша, Energy Select Sector SPDR қорының EV/EBITDA мультипликаторы (яғни компания құны мен пайдасы арасындағы қатынас) небәрі 7 шамасында. Бұл — S&P 500 индексіне қарағанда екі есе төмен.
Сонымен қатар энергетика секторы жалпы нарықпен салыстырғанда екі есе көп бос ақша ағынын қалыптастырып отыр. Куктың пікірінше, бұл сала қолдағы қаржыны ұтымды пайдалануға үйренді және қазір акционерлерге ақша қайтаруға бұрынғыдан да белсендірек кіріскен.
Кук мұнай бағасы биыл бірқалыпты күйде қалады деп есептейді, себебі ОПЕК елдері мұнай өндіру көлемін арттырып жатыр. Сонымен қатар ол барлау және өндіру жұмыстарына салынатын жаһандық инвестициялар алғаш рет 2020 жылдан бері азайып жатқанын атап өтті. Бірақ бұл жағдай 2026 жылы жақсаруы мүмкін.
Ал табиғи газға сұраныс керісінше, жоғары деңгейде қалып отыр. Barron’s жазуынша, оған тек жасанды интеллекттің көп энергия тұтынуы ғана емес, сонымен бірге ағымдағы сауда келіссөздері де әсер етеді. Куктың айтуынша, мысалы Жапония мен Оңтүстік Корея сияқты елдер АҚШ-тан сұйытылған табиғи газ сатып алып отыр, ал жаңа келіссөздер аясында олар одан да көп көлемде импорттауға келісе алады.








