БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Сарапшылар доллар құлдыраған соң не болатынын болжады

Владислав Осипов

Владислав Осипов

Oninvest тілшісі
Сарапшылар доллар құлдыраған соң не болатынын болжады

АҚШ валютасы жарты жыл ішінде шамамен 11%-ға арзандаған соң, доллардың әрі қарай да әлсіреу қаупі сақталып отыр. Бұл сарапшылар ескертуі. 2025 жылдың бірінші жартысы доллар үшін 1973 жылдан бергі ең сәтсіз кезең болды. Енді екінші жартыжылдықта оған кері әсер ететін негізгі факторлардың бірі — президент Дональд Трамптың саясаты. Оған қоса, АҚШ Федералдық резерв жүйесінің (ФРЖ) мөлшерлемені төмендетуі жағдайды ушықтыруы мүмкін.

Егжей-тегжейі

CNBC жазуынша, сауда саясатының құбылмалығы, өсіп бара жатқан мемлекеттік қарыз бен бюджет тапшылығы, сондай-ақ ФРЖ тарапынан мөлшерлемені төмендету ықтималдығы 2025 жылдың екінші жартысында инвесторларды мазалай бермек. Бұл оларды «тыныш айлақ» саналатын басқа активтерді іздеуге мәжбүрлейді.

«Бұл үрдіс ішінара күтілген еді, — деді B. Riley Wealth Management компаниясының нарық бойынша бас стратегы Арт Хоган. — Валюта нарығы ойыншылары үшін алаңдайтын жайттар жетерлік: екі партия да (республикашылар мен демократтар) қысқартуға асықпай отырған орасан зор бюджет тапшылығы, одақтастармен әскери және сауда қатынасындағы келіспеушіліктер. Теріс ықпал ететін факторлар көп. Ал бір басталған трендті тоқтату оңай емес».

CNBC мәліметінше, доллардың құлдырауы қаңтардың ортасынан басталып, тек қысқа үзілістермен жалғасып келеді. Сәуірде Трамп ұсынған тарифтердің күткеннен жұмсақ болуы мүмкін деген үмітпен валюта сәл көтерілді. Бірақ бұл үміт ұзаққа созылмады.

Доллар одан әрі әлсірей ме?

CNBC жазуынша, Уолл-стриттегі кейбір сарапшылар бұл тенденция өзгеруі мүмкін деп санайды. Мысалы, Capital Economics компаниясының Азия-Тынық мұхиты бөлімінің жетекшісі Томас Мэттьюс маусым-шілде айларындағы қор нарығындағы өсу — америкалық активтерге сенім артқанын білдіреді дейді. Оның ойынша, бұған дейін доллардың әлсіреуі өзге валюталардың күшеюі мен хеджирлеу стратегияларының өзгеруімен байланысты болған.

Wells Fargo да доллар бағамына қатысты алаңдаушылықты асыра сілтеу деп бағалады. Банктің инвестициялық стратегия жөніндегі сарапшысы Дженнифер Тиммерман CNBC келтірген жазбасында: «Егер доллардың әлемдік сауда мен қаржыдағы рөлін статистикалық тұрғыдан қарасақ, ол әлі де орталық орын алатынын байқаймыз. Оның маңызын жоғалтып жатқанына дәлел жоқ. АҚШ-тағы заң үстемдігі, ашықтық пен жоғары өтімді қаржы нарығы сияқты негізгі артықшылықтар доллардың әлемдік рөлін сақтап қалуына көмектеседі. Сондықтан доллардан жаппай бас тарту — өте баяу және күрделі процесс. Оның үстіне, балама валюталардың да әлсіз тұстары бар», — деді.

АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент CNBC арнасына берген сұхбатында: «Валютадағы тербелістер — қалыпты жағдай» екенін айтты. «Алайда америкалық облигациялар кірісінің артуы доллар мен басқа да америкалық активтерге деген алаңдаушылықтың сақталып отырғанын білдіреді», - деп жазады CNBC.

Мәселен, TS Lombard сарапшылары долларды әлі де «қуантатын сыйлық» деп сипаттап, оған қарсы қысқа позицияларын сақтап отыр. Компанияның аға макроаналитигі Даниэль фон Ален: «Трамптың ФРЖ-ны сынауы және әкімшіліктің әлсіз доллар саясатын ашық қолдауы бұл пікірді күшейтіп отыр. Қазір доллар көптеген валюта көрсеткіштері бойынша тым жоғары бағаланған. Сондықтан оның болашақта төмен бағалануы — қисынды. Біз әртүрлі стратегиялар аясында доллар бойынша қысқа позицияны сенімді түрде ұстап отырмыз», — деді.

Ал B. Riley өкілі Хоган: «Долларға қысым тым күшейіп кеткен болуы мүмкін. Бірақ негізгі себептерге қарасақ, алаңдауға толық негіз бар», — дейді.

Нарыққа әсері қандай?

«Доллардың әлсіреуі америкалық қор нарығы үшін әрдайым жаман жаңалық емес. Себебі бұл АҚШ экспортының бәсекеге қабілеттілігін арттырады. S&P 500 индексіне кіретін компаниялардың табысының 40%-дан астамы халықаралық сатылымдардан түседі. Бұл сауда соғысы күшейіп тұрған тұста өте маңызды», - деп жазады CNBC.

Алайда бұл құлдырау доллардың жаһандық басымдығын жоғалта бастағаны және «америкалық ерекше жағдайдың» аяқталғаны туралы пікірлермен тұспа-тұс келіп отыр. АҚШ-тың мемлекеттік қарызы 30 трлн долларға жақындап, ал 2025 жылғы бюджет тапшылығы 2 трлн долларға жетуі мүмкін. «Егер доллар мен америкалық мемлекеттік облигациялар әлемдік қаржы жүйесіндегі жетекші орнын жоғалтса, бұл акция сияқты тәуекелді активтерге кері әсер етуі мүмкін», - деп ескертті CNBC.

Мұндай жағдайда әлем елдерінің орталық банктері алтын сатып алуды күшейтуде. Дүниежүзілік алтын кеңесінің дерегінше, олар ай сайын орта есеппен 24 тоннадан сатып алып отыр. Биыл алғашқы жартыжылдықта алтын 1979 жылдан бергі ең үздік нәтижені көрсетті.

Bank of America сарапшысы Лоусон Уиндердің айтуынша: «Орталық банктер резервтерді әртараптандыру, долларға тәуелділікті азайту, инфляция мен экономикалық белгісіздіктен сақтану үшін алтын сатып алып жатыр. Бұл үрдіс, әсіресе АҚШ-тың тарифтік саясаты мен бюджет тапшылығы белгісіздік тудырып отырған тұста жалғаса береді».

ФРЖ екінші жартыжылдықта мөлшерлемені төмендетсе, бұл да долларға қосымша қысым түсіруі мүмкін. Алайда CNBC еске салғандай, 2024 жылы ФРЖ мөлшерлемені төмендеткеніне қарамастан, доллар да, қазынашылық облигациялардың кірістілігі де өскен болатын. Сондықтан мұндай саясаттың нақты әсерін болжау оңай емес.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары