Сарапшылар Трамптың 50%-дық баж салығынан пайда көретін акцияларды атады

Bank of America сарапшыларының пікірінше, АҚШ-тың мыс импортына 50%-дық баж салығын енгізу жоспары негізінен Чикаго биржасындағы мыс бағасына тәуелді тау-кен компаниялары үшін тиімді болмақ. Осыған байланысты банк инвесторларға Freeport-McMoRan мен Southern Copper акцияларына назар аударуға кеңес береді. Freeport-McMoRan сонымен қатар JPMorgan тарапынан да оң бағасын алды, алайда бұл банк өзге де компанияларды атап өтті.
Неге Freeport-McMoRan басты фаворит атанды?
CNBC дерегінше, Bank of America Freeport-McMoRan акцияларына «сатып алу» (Buy) рейтингін сақтап отыр. Банк сарапшылары бұл акциялардың мақсатты бағасын 50 доллар деп белгілеген, бұл 9 шілдедегі жабылу бағасынан 9,7%-ға жоғары.
Ал JPMorgan сарапшысы Уильям Питерсон бұл акцияларды «ең үздік таңдау» деп атады және мыс нарығына инвестиция салғысы келетіндер үшін олар маңызды екенін айтты, деп жазады MarketWatch. Ол Freeport-McMoRan акцияларының 23%-ға өсіп, 56 долларға жететінін болжайды. Бұл 2011 жылдың шілдесінен бергі ең жоғары көрсеткіш болмақ.
Питерсонның айтуынша, АҚШ-тың сауда саясаты аймақтық нарықтарға тәуелді компаниялар үшін басты ауытқу көзі болып қала береді. Freeport-McMoRan-ның америкалық нарыққа байланысы жаһандық бәсекелестеріне қарағанда әлдеқайда жоғары. 2024 жылдың алғашқы тоқсанында компанияның АҚШ-тағы мыс шахталарынан түскен табысы – 1,41 млрд доллар, Оңтүстік Америкада – 1,2 млрд доллар, ал Индонезияда – 1,26 млрд доллар болды. Компания сондай-ақ алтын мен молибден өндіреді.
Bank of America болжамынша, 2025 жылы Freeport табысының шамамен 36%-ы Чикаго металл биржасындағы (CME) америкалық бағамен сатылатын мысқа тиесілі болмақ. CNBC жазуынша, бұл биржадағы мыс бағасы Лондон металдар биржасымен салыстырғанда шамамен 600 базистік пунктке жоғары. Ал баж салығы жарияланғаннан кейін бұл айырма 1400 пунктке дейін өскен.
«CME бағасымен мыс сататын өндірушілер үшін бұл – нақты табыстың артуын білдіреді», – деді Bank of America сарапшысы Лоусон Уиндер.
Сәрсенбі күнгі саудада Freeport-McMoRan акциялары 1,6%-ға өскенмен, күнді 1,5% төмендеумен аяқтады. Бұған дейінгі күні олар сегіз ай ішіндегі ең жоғары деңгейге жеткен. Жыл басынан бері бұл акциялар 19,7%-ға қымбаттаған, ал мыс фьючерстері – 35,3%-ға, S&P 500 индексі – 6,1%-ға өскен.
Freeport-McMoRan компаниясы екінші тоқсанның қаржылық нәтижесін 23 шілдеде жарияламақ. FactSet сауалнамасы бойынша сарапшылар табыстың 19,9%-ға артып, 7,19 млрд долларға жетуін, ал акцияға шаққандағы пайданы былтырғы 0,4 доллардан 0,46 долларға дейін өсуін күтуде. Питерсонның жеке болжамы – 0,48 доллар.
Сарапшылар тағы қандай компанияларға назар аударуды ұсынады?
Bank of America мыс нарығындағы өсімнен пайда көруі мүмкін компания ретінде Southern Copper акцияларын атады. Бұл компания мысқа қоса молибден, мырыш, күміс және алтын да өндіреді. Дегенмен, банк бұл акцияларға «нарықтан төмен» (Underperform) рейтингісін сақтап отыр. Мақсатты баға – 75 доллар, яғни ағымдағы бағадан 25%-ға төмен. BofA болжамынша, 2025 жылы Southern Copper табысының 40%-ын CME биржасындағы америкалық бағамен сатылатын мыс құрайтын болады.
MarketWatch мәліметінше, JPMorgan Ivanhoe Electric (АҚШ-та мыс кен орындарын барлайтын және игеретін компания) және Солтүстік Америкадағы ірі өндірушілердің бірі Teck Resources (Канада) акцияларына оң көзқараста.
«Мыс өндірушілерінің акциялары кез келген техникалық түзетуден кейін сатып алуға тұрарлық», – деді Питерсон.
Bernstein сарапшылары сейсенбі күні мыс нарығына қатысты негізгі акциялар бойынша «нарықтан жоғары» (Outperform) рейтингін растады. Олар – Antofagasta, Glencore және Rio Tinto.
Контекст
8 шілде күні мыс фьючерстері бір сәтте 17%-ға өсіп, тарихи рекорд орнатты. Бұл АҚШ президенті Дональд Трамптың мысты импорттауға 50% баж салығы енгізу жоспарын мәлімдеуінен кейін болды. Ал сәрсенбіде бағалар 4%-ға төмендеді.
Bernstein сарапшыларының айтуынша, нарық баж салығын күтті, сондықтан жеткізу бағыттары АҚШ-қа ауысып, қоймаларда қор жинала бастаған. Соған қарамастан, сарапшылар металл бағасына қатысты болжамдарын арттырды. Трамп шешімі үшінші тоқсанда мыс бағасын тоннасына 10 мың долларға дейін, ал төртінші тоқсанда шамамен 9700 долларға дейін жеткізеді деп есептейді Bernstein.








