Шексіз саяхаттар: круиз бумынан қанша табыс табуға болады?

Соңғы жылдары круиздерге сұраныс қарқынды өсіп келеді — компаниялар люкс турларды, экспедицияларды ұсынуда, тіпті зейнетақы жоспарына балама ретінде көпжылдық саяхаттау нұсқасы да бар. Осындай мүмкіндіктер аясында инвесторлар қай компанияларға назар аударуы керек?
Круиз бумы
Пандемиядан кейін жалпы саяхатқа деген сұраныс күрт өскенімен, круиздердей танымал бағыттар аз болды, деп жазады Barron’s. Круиздік сектордағы ірі жария компаниялардың акциялары соңғы жылда айтарлықтай өсім көрсетті. Royal Caribbean котировкасы 80%-дан астамға, Carnival Corporation шамамен 70%, ал Norwegian Cruise Line 23%-дан жоғары өсті. Салыстыру үшін, соңғы 12 айда S&P 500 индексі 15,6% ғана өсті.
Research and Markets шілдедегі есебіне сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша әлемдік круиз нарығының көлемі $8,74 млрд-қа жетеді, ал 2024 жылы ол $7,82 млрд болған. Алдағы жылдары бұл көрсеткіш жылына 12% өсіп, 2029 жылы $13,8 млрд-қа жетеді деген болжам бар.
Өткен жылы круиздер халықаралық туризмнің 3%-ынан азын құрады, бірақ мұндай саяхатқа баратын жолаушылар саны тұрақты түрде артып келеді. 2024 жылы круиздік лайнерлерде 34,6 млн жолаушы саяхаттаған — бұл пандемияға дейінгі 2019 жылмен салыстырғанда 16,5% көп. Жыл ішінде олардың саны 9% артқанын Халықаралық круиздік желілер қауымдастығы (CLIA) есептеді. Круизде болып қайтқан адамдардың 82%-ы саяхатқа қайта шығуға дайын, ал халықаралық жолаушылардың 68%-ы алғашқы круизге шығуға қызығушылық көрсетуде, деп көрсетеді CLIA деректері.
Жолаушылар қайда жүзеді?
Кариб, Багам және Бермуд аралдары әлі де круиздік лайнерлердің негізгі бағыттары болып отыр. Танымалдығы жағынан екінші орында — Жерорта теңізі. Круиздік жолаушылардың жартысынан астамы АҚШ-тан: 16,9 млн адам, олардың саяхатынан түсетін жалпы экономикалық әсер 2023 жылы $65,4 млрд құрады. Екінші орында — Еуропалық одақ: 8,2 млн жолаушы және €55,3 млрд.
Круиздік лайнерлердің дәстүрлі аудиториясы — беби-бумерлер мен бірнеше буыннан тұратын отбасылар. CLIA есебі бойынша, соңғы категорияға жататындар — саяхатшылардың 28%-ын құрайды. Жолаушылар арасында, әрине, миллениалдар мен зумерлер де бар — оларды ең алдымен қонақүйдегі демалыспен салыстырғанда қолжетімді баға мен қарапайым логистика қызықтырады.
CLIA есебінде круиздік экспедициялар танымал болып келе жатқаны айтылған. Арнайы экспедициялық круиздік кеме бар болғаны 10 жыл бұрын салынған еді. Бүгінде нарықта шамамен 40 осындай кеме бар. Экстремалды немесе тосын бағыттарға барғысы келетін жолаушылар саны өткен жылы 22% өскен.
Мысалы, Viking Cruises компаниясы өз лайнерлерімен Антарктида жағалауларына немесе Патагонияға, Ұлы көлдерге не Чили фьордтарына саяхат ұсынады. Royal Caribbean-ге тиесілі SilverSea де осындай турларды ұйымдастырады. Каюта класына және сапардың ұзақтығына байланысты олардың бағасы адам басына $10 мыңнан $50 мыңға дейін өзгеруі мүмкін.
Мұндай сапарлар люкс туризм санатына жатады. CLIA есебіне сәйкес, 2028 жылға қарай люкс класындағы круиздік демалысты таңдайтын саяхатшылар саны жылына 1,5 млн адамға жетуі мүмкін — бұл 2025 жылмен салыстырғанда 25%-дық өсім. Бұл «алаңда» қонақүй желілері де дамып келеді. Мысалы, The Ritz-Carlton бесжұлдызды қалқымалы қонақүй ретінде жабдықталған яхталарын ұсынып отыр.
Премиум клиенттерді тартатын басты артықшылықтар — жолаушылардың аздығы (бірнеше жүз адам), кең бөлмелер, эксклюзивті ас мәзірі және бірегей бағыттар.
Люкс класындағы круиздер арасында сауықтыру бағытындағы ұсыныстар көбейіп келеді. Мұндай турларда алкогольді кештердің орнына — тыныс алу жаттығулары, палубадағы коктейльдердің орнына — смузи, ал бос уақыттың орнына — йога, медитация және пилатес сабақтары қарастырылған. Рухани ағартылуды қалайтындар үшін Дипак Чопраның «саналылық лайнерінде» саяхат бар. 90-жылдардағы new age мәдениетінің культтік тұлғасы саналатын ол жолаушыларға тыныс алу тәжірибесін, медитацияны және теңгерімді тамақтануды ұсынады — мұның бәрі адам басына бірнеше мың еуро тұрады.
Solo travel (жеке саяхат) — индустриядағы тағы бір тренд. 2024 жылы круиздік жолаушылардың 12%-ы демалысты жалғыз өткізуді таңдаған (2023 жылғы 6%-бен салыстырғанда). Ал компаниялар мұндай клиенттерге арнайы бір кісілік каюталарды ұсынуға тырысып жатыр.
«Шексіз» круиздер де бар — мысалы, 2024 жылы Forbes жазғандай. Мұндағы Villa Vie Odyssey лайнерінде 425 аялдама мен жылы климаттағы 1301 күндік саяхат қарастырылған — бұл үш жарым жылдан аса уақыт. Кеме бортында 800 жолаушыға арналған 485 каюта, үш мейрамхана, бес бар, кітапхана, бассейн, жаттығу залы, гольф бағдарламасы және бизнес-орталық бар. Каютаны жалға алуға немесе кеменің қызмет ету мерзімімен, 15 жылға сатып алуға болады. Қазір оның ең төменгі бағасы $130 мың, оған қоса ай сайынғы төлемді төлеу қажет. Ал $350 мыңға шексіз саяхаттау мүмкіндігі беріледі, оған медициналық қызмет көрсету мен спортпен шұғылдану да кіреді. Forbes бұл круизді баламалы зейнетақы жоспары ретінде сипаттайды — өйткені мұндай саяхат АҚШ-тың көп жерінде үйде өмір сүргеннен арзаныраққа түседі. Журнал жазған алғашқы круизде жолаушылардың жартысы жалғыз келгендер болса, 80%-ы АҚШ-тан болған (кейінгі орында — канадалықтар). Саяхатшылардың орташа жасы — 58».
Бұдан кім табыс табады?
Әлемдегі ең ірі круиздік оператор Carnival өзінің есебінде екінші тоқсандағы рекордтық $934 млн операциялық пайда туралы хабарлады, бұл жылдық мәнде шамамен 67% өскен. Табыс $6,3 млрд құрады, былтырғыдан 9,5% жоғары. Таза пайда алты еседен астам өсіп, $565 млн-ға жетті. Есепте 2026 жылға алдын ала сатылымдар 2025 жылғы рекордтық деңгейге жеткені, әрі бағалар тарихи тұрғыда жоғары екені (тұрақты валютада есептегенде) айтылған.
Zacks сарапшылары Carnival-ды ұзақ мерзімді перспективада тиімді инвестициялар қатарына қосты. Олар пайда көрсеткіштері әсерлі болғанына қарамастан, компанияның бағалануы төмен екенін айтады — оның болжамды P/E коэффициенті (бағаның болашақ пайдаға қатынасы) 15,1 деңгейінде, ал бүкіл демалыс және ойын-сауық индустриясында бұл көрсеткіш 21. Ал оның бесжылдық PEG коэффициенті (пайда өсімін ескере отырып, акция бағасының әділдігін көрсетеді) 0,7-ге тең.
Norwegian Cruise Line де екінші тоқсанда табысын жылдық мәнде 6% ұлғайтып, $2,5 млрд-қа жеткізді. Түзетілген операциялық пайда 23% өсіп, $450,3 млн болды. Бірақ таза пайда бес еседен астам төмендеп, $30 млн-ға жуықтады. Ал алғашқы жартыжылдықта компания $10,3 млн залал тіркеді. Мұндай құлдырауды компания еуродағы қарызды қайта бағалаумен түсіндірді, ол $121,9 млн қағаз жүзіндегі залал әкелген, сондай-ақ билеттердің алдын ала сатылымдарын валюталық қайта есептеу де әсер етті. Оның болжамды P/E мультипликаторы 10, ал бесжылдық PEG коэффициенті — 0,55.
Үлкен үштіктің ішінде көрсеткіштер динамикасы бойынша көшбасшы — Royal Caribbean. Barron’s жазғандай, ол биыл допандемиялық деңгейден асып кеткен жалғыз ірі компания болды. Екінші тоқсандағы есебінде Royal Caribbean жолаушылар санын тоқсан және жартыжылдық бойынша шамамен 10% арттырғанын хабарлады. Екінші тоқсандағы табыс $4,53 млрд болды (валюталық қайта бағалауды ескергенде) — бұл шамамен 10%-дық өсім. Таза пайда 42%-ға жуық өсіп, $1,21 млрд-қа жетті. Оның болжамды P/E мультипликаторы 17,76, ал бесжылдық PEG коэффициенті 0,99 деңгейінде. Бұл компания акцияларының құны әділ құнына жақын екенін көрсетеді.
Биыл көктемде Royal Caribbean өздерінің өзендік круиздер нарығына шығатынын жариялады, онда қазір Viking Holdings үстемдік етеді, деп жазады Barron’s. Қазірдің өзінде 2027 жылға Рейн және Дунай бойымен өзен круизін брондауға болады.
Melius Research сарапшысы Коннор Каннингемнің пікірінше, Royal Caribbean бизнеске қайта инвестиция салып, ұзақ мерзімді жоғары пайда қамтамасыз ете алады. Осы айдың басында ол компанияға «сатып алу» рейтингін растады және мақсатты баға $385 екенін айтты (бұл ағымдағы котировкадан 18%-дан астам өсім деген сөз). Ол: «Royal үшін пайда өсімінің жолы соңғы онжылдықтағы ең айқын болып тұр» деп жазды.
Royal Caribbean-ды фавориттер қатарына CNBC арнасындағы Mad Money шоуының жүргізушісі Джим Крамер де енгізді. Жалпы, ол американдық экономиканың нашарлауына және жұмыссыздықтың өсуіне қатысты алаңдаушылықтарға қарамастан, круиздік компаниялардың акцияларын перспективалы деп санайды. Оның пікірінше, круиздерге сұранысты халықтың жұмыспен қамтылу деңгейі емес, олардың клиенттер үшін құндылығы айқындайды. «Круиздер — баға мен сапаның тамаша қатынасы. Олар қонақүйде тұрудан әлдеқайда арзан әрі өте-өте көңілді», — деп келтіреді оны Insider Monkey инвестпорталы.
Сұраныс ұзаққа созылмайды
Круиздік компаниялар бизнесінің өсуі қанша уақытқа жалғасатынын айту қиын. Бірақ сарапшылардың болжамына қарағанда, алдағы уақытта мұндай қарқынды сақтауға компаниялардың мүмкіндігі азаяды — круиздерге деген сұраныс төмендей бастайды.
CLIA болжамы бойынша, биыл круиздік компаниялар 37,7 млн жолаушыны тасымалдайды — бұл 9%-дық өсім. Алайда 2026 жылдан бастап өсім баяулай бастайды: 2026 жылы ол тек 5% болуы мүмкін, ал 2028 жылға қарай бар болғаны 2% түседі. Сол кезде круизге шығатындар саны шамамен 42 млн адамға жетеді.
Barron’s-қа шілдеде берген сұхбатында Каннингем, Melius Research төрт круиздік оператор (оның ішінде Viking Holdings) үшін 2025 жылы акцияға шаққандағы пайданың «қос таңбалы өсімін» болжайтынын айтты. Бірақ ол сондай-ақ, келесі жылы-ақ өсімнің «аздап» баяулайтынын күтіп отырғанын да жеткізді.








