Шортистер Li Auto акцияларына рекордтық көлемде қарсы бәс тікті

Қытайлық электромобиль өндірушісі Li Auto-ның үшінші тоқсандық есебі жарияланар алдында компания акцияларына қарсы қойылған шорт-бәс көлемі рекордтық деңгейге жетті. Аналитиктер компания АҚШ-та листингке шыққалы бері ең ірі табыс құлдырауын көрсетуі мүмкін деп болжаған. Нәтижесінде Li Auto сатылымы 36%-ға төмендегенін мәлімдеді. Жыл басынан бері компания қағаздары шамамен 23%-ға арзандады, ал 2023 жылғы шарықтау шегінен жартысынан астамын жоғалтқан. Нарықта компанияның өнімдік стратегиясын қайта қарау қажеттілігі жайлы пікірлер күшейе түсті.
Егжей-тегжейлі
S&P Global-дың мәліметінше 21 қарашада Гонконгте саудаланатын Li Auto-ның еркін айналымдағы акциялары бойынша шорт-позициялар үлесі рекордтық 8,1% деңгейіне өсті. Bloomberg жинаған аналитиктердің ортақ болжамы бойынша компанияның қыркүйекте аяқталған тоқсандағы табысы 2024 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 38%-ға төмендеуі тиіс еді. Бұл — Li Auto-ның 2020 жылы АҚШ-та листингке шыққалы бері тіркелген ең ірі құлдырау болар еді.
Ақырында компания есепте жалпы выручкасының 36,2%-ға төмендеп, 27,4 млрд юаньға ($3,8 млрд) жеткенін хабарлады. Автокөлік сатылымы одан да терең құлдырап, 37,4% төмендеді. Barron's-тың дерегінше түсім Уолл-стрит күтулерінен жоғары болды ($3,7 млрд). Алайда компания шығын көрсетіп, төртінші тоқсанға әлсіз болжам берді: табыс $3,7–4,1 млрд аралығында болады деп күтілуде, ал аналитиктер $5,1 млрд күткен.
АҚШ премаркетінде Li Auto қағаздары шамамен 2,6%-ға арзандады.
Bloomberg-тің түсіндіруінше компания Қытайдағы ұзартылған жүріс қоры бар гибрид (EREV) сегментінде күшейіп келе жатқан бәсекелестікке төтеп бере алмай жатыр. «Негізгі «аюлы» көңіл-күйлері олардың басты EREV-бизнесіне қатысты», — дейді Macquarie Capital-дың Қытай бойынша акциялар стратегиясы жетекшісі Юджин Сяо.
«Келер жыл да аса тартысты болмақ: Xpeng бірден төрт EREV моделін шығарады, ал Xiaomi өз кроссоверін таныстыруға дайындалып жатыр».
Нарық не дейді
2025 жылдың басынан бері Li Auto-ның АҚШ-тағы депозитарлық қолхаттары шамамен 23,6%-ға төмендеп, Гонконгтың негізгі индекстерінің бірі — Hang Seng China Enterprises — өсім көрсеткен кезеңде индекстегі ең нашар нәтижелердің бірі болды. 2023 жылғы тамыз айындағы максимумынан бері Li Auto нарықтық құнының жартысынан көбін жоғалтқан.
Bloomberg-тің жазуынша опциондық нарық есеп жарияланғаннан кейін акция бағасының шамамен 6% қозғалысын бағалаған. Бұл — соңғы сегіз тоқсаннан кейінгі орташа құбылмалылықтан (11%) әлдеқайда төмен. Сол сегіз жағдайдың бесеуінде акциялардың нақты қозғалысы опцион бағалары болжаған деңгейден төмен болған.
Юджин Сяо:
«Li Auto жергілікті сатып алушылардың талғамына сай болу үшін өнімдік стратегиясын қайта қарауы тиіс. Бұл модельдік қатарды кеңейтуді және таза электрлі BEV модельдерін жаңартуды қамтуы мүмкін», дейді.








