Southwest пен American Air акциялары есептен кейін төмендеді. Раллиге үміт бар ма?

АҚШ-тың әуе тасымалдаушылары Southwest Airlines пен American Airlines компанияларының акциялары 24 шілдедегі сауданың басында құлдырады. Бұған себеп тоқсандық есептің екіұшты болуы және инвесторлардың үмітін ақтамауы болды. Ұшуға деген сұраныс артқанына қарамастан, жаңа мәліметтер сектордың 2024 жылғы раллиін қайталай алатынына қатысты күмәнді күшейтті, деп хабарлайды Barron’s.
Егжей-тегжейлі
Southwest Airlines пен American Airlines компанияларының қағаздары 24 шілдедегі сауданың басында шамамен 11% құлдырады. Бұған алдыңғы күнгі тоқсандық есептің жариялануы себеп болды.
Southwest күтілгеннен әлсіз нәтиже көрсетті: пайда бір акцияға шаққанда $0,43, ал табыс $7,2 млрд құрады. Бұл сарапшылар күткен $0,51 пайда және $7,3 млрд табыстан төмен. American Airlines есебі анағұрлым жақсы болды — бір акцияға шаққандағы пайда $0,95, табыс $14,4 млрд болып, консенсус болжамынан асып түсті. Алайда инвесторларды жылдық болжамның қайта қаралуы алаңдатты: енді компания бір акцияға шаққанда -$0,2 мен +$0,8 аралығындағы пайда күтеді. Бұған дейін $2,7-ге дейінгі пайда болатыны болжанған.
American Airlines бас директоры Роберт Айсом бұл көрсеткіштерге ішкі сұраныстың әлсіреуі, іскерлік белсенділіктің төмендеуі және дауыл салдарынан болған операциялық ақаулар әсер еткенін айтты. Дегенмен, ол жағдай жақсарса, компания болжамның жоғарғы шегіне жете алады деген үмітін білдірді.
Southwest болса, үшінші тоқсанда бір орынға шаққандағы кіріс 2024 жылмен салыстырғанда 2% шегінде өзгеруі мүмкін деп күтуде. Сонымен қатар, компания жаңа тәсілдің алғашқы нәтижелері туралы хабарлады: 54 жыл ішінде алғаш рет жүк үшін ақы енгізілді, бұл айтарлықтай қаржылық нәтиже беріп жатыр. 2026 жылғы қаңтардан бастап Southwest еркін отыру жүйесінен бас тартып, жолаушыларға нақты орындар тағайындалады.
Контекст
Әуе компаниялардың есептері екіұшты шығуы сектордағы жалпы оптимизм аясында орын алды. Бұған дейін Delta Air Lines пен United Airlines ұсынған күшті есептер инвесторлардың авиациялық қағаздарға деген қызығушылығын қайта оятқан болатын. Алайда барлық ойыншылар көшбасшылар қойған биік межеге жете алмай отыр, деп атап өтті Barron’s.
Raymond James сарапшысы Саванти Сайттың пікірінше, нарық сұраныстың тұрақты қалпына келуіне әлі де сенімсіздікпен қарап отыр. Оның айтуынша, United Delta-ның оптимизмін растады, бірақ нақты үміт қалыптастыру үшін келесі есептерді күтіп отырғанын айтты.
Инвесторлар 2024 жылғы сценарий қайталанады деп үміттенеді. Ол кезде әуе компаниялардың акциялары отын бағасының төмендеуі мен рейстердің жоғары толтырылуының арқасында жылдың екінші жартысында күрт өскен болатын. Алайда MarketWatch жазуынша, 2025 жылы жағдай басқаша: әуе акомпаниялар ұсынысты қысқартуда, тұтынушылық белсенділік тұрақсыз, ал төртінші тоқсандағы жоғары база қосымша қысым тудырып отыр.
U.S. Global Jets ETF-фонды шілдеде 11% өскенімен, UBS сарапшылары жаңа ралли басталуы үшін сұраныс айтарлықтай жеделдеуі қажет екенін атап өтеді. Олардың айтуынша, саладағы келесі тұрақты өсім тек 2026 жылы басталуы мүмкін.








