SpaceX қанша тұруы мүмкін? Кэти Вуд аналитиктерінің болжамы

SpaceX тарихтағы ең үлкен IPO өткізуі мүмкін. Bloomberg-тің дерегінше компания 2026 жылдың ортасында немесе соңында биржаға шығуды жоспарлап отыр. SpaceX өз бағасын шамамен $1,5 трлн деңгейінде күтеді.
Қазір компания инвесторлар арасында ірі жеке келісім дайындап жатыр. Сарапшылар SpaceX-тің қазіргі бағасы $800 млрд-тан жоғары болуы мүмкін дейді. Бұған The Wall Street Journal да жазған, бірақ олардың деректерінде бағалау тек $800 млрд деңгейінде деп көрсетілген. Маск бұл ақпаратты «дұрыс емес» деп атады, бірақ SpaceX құны Starlink интернеті мен Starship ракетасының дамуына қарай өсіп жатқанын растады.
SpaceX ресми түрде IPO немесе акцияларды қайта сату жоспарын жариялаған жоқ. Маск бұрын Starlink тұрақты табысқа шыққан соң ғана оны биржаға шығаруға дайын болатынын айтқан.
ARK Invest аналитиктері SpaceX-тің болашақ құнын болжау үшін түрлі сценарийлерді модельдеді. Олардың пікірінше компанияның негізгі құны Starlink спутниктік интернетінен қалыптасады. Starlink толық қуатта жұмыс істеген жағдайда жылына шамамен $300 млрд табыс әкелуі мүмкін. Бұл — әлемдік байланыс нарығының шамамен 15% үлесі.
Starship жобасы да маңызды рөл атқарады. Егер ракета жиі ұшып, қайта қолданылатын деңгейге жетсе, спутниктерді орбитаға жеткізу арзандайды. Бұл Starlink желісін тез кеңейтуге мүмкіндік береді.
Марс жобасы және Optimus роботтары қазіргі таңда инвестициялық жоба болып саналады. Олардан 2030 жылға дейін айтарлықтай табыс күтілмейді.
ARK Invest-тің 2030 жылға арналған болжамдары мынандай:
Базалық сценарийде SpaceX құны $2,5 трлн болуы мүмкін.
Оптимистік сценарийде құны $3,1 трлн деңгейіне жетуі мүмкін.
Пессимистік нұсқада құн $1,7 трлн болуы ықтимал.
Аналитиктер бұл нақты болжам емес, мүмкін бағыттар екенін айтады. Бағалауға технологиялық кешігулер, Starship-тің сенімділігі, спутниктік байланыстағы бәсеке және реттеуші талаптар әсер етуі мүмкін.
Қарапайым инвесторлар қазір SpaceX акциясын тікелей сатып ала алмайды. Сондықтан Кэти Вуд ARKX деген арнайы ETF құрды. Бұл қор ғарыш, спутник, қорғаныс және автономды технологиялар саласындағы компанияларға инвестициялайды.
Қордағы негізгі компаниялар:
Kratos — әскери дрондар және спутниктік жүйелер өндірушісі.
Rocket Lab — SpaceX-тің бәсекелесі саналатын жеке ғарыш компаниясы.
Archer Aviation — қалаішілік ұшатын такси жасайтын стартап.
Сонымен қатар қорға AMD, Palantir, Trimble, Teradyne, Deere & Co және басқа да технологиялық компаниялар кіреді.








