БастыReview
Бөлісу

Стейблкоин дәуірі: төлем жүйесіндегі төңкеріс қайда апаруы мүмкін?

Виктор  Достов

Виктор Достов

Стейблкоин дәуірі: төлем жүйесіндегі төңкеріс қайда апаруы мүмкін?

Бүкіл әлем биткоин бағамына көз тіккен кезде әлемдегі ең ірі компаниялар криптовалюта нарығының басқа секторы — стейблкоиндарға белсенді еніп жатыр. Бұл үрдістің себебін цифрлық қаржы жөніндегі халықаралық сарапшы, «Записки на рукавах» («Жең ұшындағы жазбалар») телеграм-арнасының авторы Виктор Достов түсіндіреді.

Бүгінде стейблкоиндардың жаңа төлем инфрақұрылымының негізгі элементіне айналып келе жатқаны жиі талқыланып жүр.

Стейблкоин дегеніміз не?

Стейблкоин – бұл құны әдетте АҚШ долларына немесе алтынға байланған, блокчейнге негізделген токендердің жалпы атауы. Walmart, Amazon, Expedia секілді ірі компаниялар, тіпті әуе тасымалдаушылары да Visa және Mastercard сынды дәстүрлі төлем жүйелерін айналып өту үшін өз токендерін шығаруды қарастырып отыр.

Coinbase Shopify-мен серіктестік орнатып, платформада стейблкоиндармен төлем жасау мүмкіндігін іске қосты. Ал шамамен 10 мың қаржы институтына қызмет көрсететін Fiserv компаниясы FIUSD деп аталатын жаңа стейблкоинмен цифрлық активтер платформасын іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл токенді биылдың соңына дейін өзінің банк және төлем жүйесіне енгізбек. Сөйтіп кез келген клиент бұл токенді төлем мен өтімділік үшін пайдалана алады. Вендорлар үшін бұл функция міндетті құралға айналуы ықтимал.

JPMorgan стейблкоинды өз бетінше жасап, оны JPMD деп атады. Ол коммерциялық банк депозиттерімен қамтамасыз етілген және институционалдық инвесторларға тәулік бойы жылдам әрі арзан есеп айырысуға мүмкіндік береді.

Visa мен Mastercard та бұл трендке жауабын дайындап үлгерді. Олар криптовалюталармен, соның ішінде стейблкоиндармен төлем жасауға болатын карталарды шығаруға мүмкіндік берді.

Қазіргі таңда айналымдағы барлық биткоиндардың жалпы құны $2,3 трлн-нан асса да, стейблкоиндардың жалпы құны $250 млрд көлемінде ғана. Алайда күнделікті айналым бойынша стейблкоиндар көш бастады. Шамамен $160 млрд — бұл биткоин ($70 млрд) мен эфириумнан ($33 млрд) әлдеқайда көп.

 Ірі нарық ойыншылары стейблкоиндарға неге қызығушылық танытып отыр?

Мәселенің түпкі мәнін түсіну үшін алдымен жұмыс істеу схемасына тоқталайық. Стейблкоинның дәстүрлі моделі қарапайым. Сіз операторға $1 бересіз, ол оны резервке қояды, ал сізге сол сомадағы токен шығарады. Бұл токенді басқа адамға жолдауға немесе операторға қайтарып, доллар алуға болады (комиссия алынады). Сондай-ақ, стейблкоиндар биржаларда немесе p2p форматында еркін саудаланады. Ал биткоинмен есеп айырысқанда бағам құбылмалы болғандықтан, төлем жіберу мен алу сәтіндегі құн айтарлықтай өзгеше болуы мүмкін — бұл қысқамерзімді мәмілелерде де, ұзақмерзімді келісімдерде де үлкен қауіп тудырады. Стейблкоиндар осы мәселені шешуге көмектеседі.

Идеалды модельде стейблкоин операторы лицензияға ие және реттеушінің бақылауында болады. Бұл — орталықтандырылған стейблкоиндар. Бірақ өзге нұсқалар да бар. Орталықтандырылмаған стейблкоиндар эфириум секілді криптовалюталармен қамтамасыз етіледі. Демек $100 стейблкоин шығару үшін сатып алушы $100-ден артық сомадағы криптовалютаны смарт-контрактте блоктауы керек. Ал алгоритмдік стейблкоиндар ешқандай нақты активпен қамтамасыз етілмейді, олардың тұрақтылығы арнайы алгоритммен сақталады, бұл валюталық дәлізді еске салады.

Кең мағынада стейблкоиндарға орталық банктердің цифрлық валюталарын (CBDC) және банктік токендер деп саналатын токенделген депозиттерді де жатқызуға болады.

Шекарасыз әлем: стейблкоин мен дәстүрлі ақшаның айырмашылығы неде?

Экономикалық табиғаты жағынан стейблкоиндар классикалық электронды ақшаға ұқсас. Бірақ олардың басты айырмашылығы төлем жүйесінде.

Егер сіздің $100 банк А-дағы есепшотыңызда жатса, бұл ақша жай ғана ішкі жүйедегі жазба. Ал оны банк Б-ге аудару үшін екі банк арасында келісімдер, төлем жүйелері мен корреспонденттік шоттар қажет. Ал шетелге аударым жасау тіпті күрделене түседі. Себебі мұндай ақшалар тек орталықтандырылған жүйеде өмір сүреді.

Стейблкоиндар болса, керісінше, ашық блокчейнде тіркеледі. Мәселен, Айсұлу Берікке 100 стейблкоин жіберетін болса, бұл транзакцияны бүкіл желі көре алады және оны өзгерту мүмкін емес.

USDT иесі қай жерде болса да, өзінің өтімді активін қалаған кез келген адамға бір сәтте жібере алады. Бұл халықаралық банктің баламасы секілді, бірақ шекарасыз және қағазбастылық жоқ.

Шындық қандай?

Идеалды әлемде трансшекаралық төлемдер жылдам әрі арзан болар еді. Бірақ іс жүзінде төлем инфрақұрылымы фрагменттелген, корреспонденттік шоттар азайып барады, ал қарапайым халықаралық аударым күн өткен сайын қиындап келеді. Осындай жағдайда әмбебап төлем құралдарына деген сұраныс артып отыр.

Алайда қазіргі жүйе де мінсіз емес. Біріншіден, егер эмитентпен тікелей әрекет ете алмасаңыз, делдалдарға комиссия төлеуге тура келеді. Дұрбелең туған кездерде өтімділік төмендеп, комиссиялар өседі. Екіншіден, қазір «қара» әмияндарды бұғаттау мүмкіндігі бар — заңсыз жолмен алынған токендерді пайдалану қиындай түседі.

Құптаушылар мен қолдаушылар артуда

Бұрын стейблкоиндарға қарсы шыққандар эмитент дефолтының қауіпін алға тартатын. Қазір бұл мәселе өзектілігін жоғалтты. Лицензиясы бар эмитенттер толық бақылауға алынды, олар несиелеумен айналыспайтындықтан, резервтері 100% қамтамасыз етілген.

АҚШ секілді елдердің билігі ұлттық валютада есептелетін төлем құралдарының болуы оны халықаралық деңгейде күшейтетінін жақсы түсініп отыр. Доллардың әлемдік үстемдігі — оның кең таралуы, тұрақты сатып алу қабілеті және жетілген қаржы құралдарымен байланысты. Долларлық стейблкоиндар бұл артықшылықтарды тек толықтырып отыр.

Сондықтан АҚШ-та стейблкоиндарға көзқарас бұрыннан оң, ал Трамп билікке келгелі мүлде қолдау тапты. Қазір Конгресте GENIUS заң жобасы қаралуда — ол стейблкоиндарды дамыту мен реттеуге бағытталған (дегенмен соңғы отырыста дауыс беру болмады). Тағы бір заң жобасы — «Цифрлық активтер нарығындағы анықтық туралы» — SEC пен CFTC арасындағы өкілеттіктерді нақтылауды көздейді. Ал Anti-CBDC Surveillance State Act заң жобасы — ФРЖ-ге цифрлық доллар шығаруға тыйым салып, жеке стейблкоиндарға басымдық береді.

Егер GENIUS Act қабылданса, бұл стейблкоиндардың заңды және кеңінен танылған төлем құралына айналуына жол ашады.

Алдағы қадам – табысты стейблкоиндар

Келесі үлкен қадам — табыс әкелетін стейблкоиндар нарығының дамуы болуы мүмкін.

DeFi нарығындағы кейбір токендер резервтегі активтерден табыс алып, оны иелеріне үлестіре алады. Мысалы, Ondo Finance компаниясының USDY токендері АҚШ-тың қысқа мерзімді облигацияларына (T-bills) салынған қаражат есебінен табыс табады. Forbes деректеріне сүйенсек, мұндай табысты стейблкоиндар нарығының көлемі бүгінде $11 млрд-қа жеткен — бұл бүкіл стейблкоин нарығының 4,5%-ы.

Бұл кәдімгі банк шотындағы күнделікті пайыз секілді.

Жуырда бұл табысты дәстүрлі нарыққа да алып шығу ұсынысы айтылды — табысты стейблкоиндарға негізделген ETF құру арқылы. Phoenix Labs бас директоры Сэм Макферсон Forbes-қа берген сұхбатында осындай жоспарлары барын айтқан. Басылымның пайымынша, мұндай ETF криптобиржалық қорлар әлеміндегі келесі үлкен трендке айналуы мүмкін.

Егер бұл құралдар жеке инвесторлар арасында сұранысқа ие болса, стейблкоиндардың кең таралуын одан әрі күшейтеді.

Жалпы алғанда, стейблкоиндар технологиясының негізінде төлемдер үшін, әсіресе халықаралық есеп айырысуда, жаңа әмбебап жолдарды құру мүмкіндігі бар. Ал нарық бұл мүмкіндіктен табыс табудың жолын да қарастырып жатыр.

Басты кедергі — реттеушілердің ұстанымы. Тек жалпы қолдау жеткіліксіз, нақты тәртіп пен ережелер қажет: операторлар мен биржалар банк шоттарын оңай аша алуы, ал банктер — комплаенс мәселелерінен қорықпауы керек.

SWIFT немесе дәстүрлі төлем жүйелері бірден жойылып кетпейді. Бірақ криптоинфрақұрылымның дәстүрлі қаржы жүйесіне біртіндеп сіңісуі — екі тарапқа да пайдалы сценарий.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары