БастыSmall Caps
Бөлісу

Сток-фотолар дәуірінің соңы ма? Shutterstock пен Adobe-ты не күтіп тұр?

Анастасия Скрынникова

Анастасия Скрынникова

Oninvest тілшісі
Сток-фотолар дәуірінің соңы ма? Shutterstock пен Adobe-ты не күтіп тұр?

Кітап мұқабасы, дүкендегі орамадағы сурет немесе фитнес-қосымшадағы жүгіріп бара жатқан әйел бейнесі — мұның бәрі, үлкен ықтималдықпен, Shutterstock немесе Depositphotos сынды сток-фото маркетплейстерінен алынған.

Көп жылдар бойы бұл бизнес табысты дамыды. Фотографтар суретке түсіріп, сатады, ал шағын және ірі бизнес оны маркетинг пен жарнама үшін сатып алатын. Бұл — арнайы фотосессия ұйымдастырғаннан немесе штаттық фотограф ұстағаннан арзан әрі ыңғайлы еді.

Осы үлгінің арқасында кейбір компаниялардың капитализациясы жүздеген миллион долларға жетті. Алайда жасанды жадыға негізделген сурет генераторларының пайда болуы бұл нарықтағы күш тепе-теңдігін түбегейлі өзгертуі мүмкін. Қазір сток-фото маркетплейстері қалай жұмыс істейді, оларға инвестиция салуға бола ма және ІІ-дың жедел дамуы кімге соққы болады — осының бәрі Oninvest шолуында.

Ащы шындық

2022 жылы сток-фотоларға балама пайда болды — жасанды жадыға негізделген сурет генераторлары. Midjourney сынды компаниялар бизнеске жаңа мүмкіндік берді: керек суретті мәтіндік нұсқаулық арқылы жасауға болады. Осыдан кейін сток-фото маркетплейстерінің танымалдығы төмендей бастады.

Алайда фото сатумен айналысатын компаниялар пессимистік болжамдармен келіспей отыр. The Wall Street Journal жазғандай, клиенттер ІІ арқылы жасалған суреттерге сенімсіздікпен қарайды, ал маркетологтар үшін бастысы — шынайылық атмосферасын сақтау.

Shutterstock бас директоры Пол Хеннесси 2024 жылғы ақпан айындағы есеп беру кезінде: «Клиенттеріміздің жасанды жады жасаған суреттерді сатып алғысы келіп тұрғанын байқамадық», — деп сендірді.

Getty Images-тің креатив бөлімінің ғаламдық жетекшісі Ребекка Свифт те ІІ модельдер өзектілігін сақтау үшін жаңа фотосуреттер ағымына мұқтаж екенін айтты, әсіресе жаңа технологиялар мен ағымдағы оқиғаларға қатысты.

Инвесторлар бұған қалай қарайды

Клиенттер ІІ-суреттерді онша құптамаса да, инвесторлардың сенімі азайған. 2025 жылдың басынан бері Shutterstock акциялары 30%-ға арзандап, соңғы 12 айда капитализациясының 40%-ын жоғалтты. Жазылушылар саны да кеміп барады, 2024 жылы сервис 459 мың жазылушы туралы хабарлады — бұл 2023 жылдан 13%-ға, 2022 жылдан 22%-ға төмен.

Getty Images те ұқсас жағдайға тап болды: жыл басынан бері акциялары 7%-ға, ал соңғы 12 айда 40%-ға арзандады.

Тіпті Adobe секілді ірі компания да қысымда қалды. Photoshop сияқты кәсіби бағдарламалардан табыс табатын бұл алпауыттың акциялары 2025 жылдың басынан бері 18%-ға, бір жыл ішінде шамамен 50%-ға арзандады.

Shutterstock пен Getty Images одағы

Маркетплейстер «қауіпсіздік жастығын» әзірлеуге кірісті: компаниялар күн көрудің амалын ойлап, стратегияларын жасап, өз ІІ-шешімдерін ұсынуда. 2023 жылы Getty Images Nvidia-мен бірігіп, өз кітапханасына негізделген генераторды іске қосты. Ал 2024 жылдың жазында Picsart-пен бірге «жауапты әрі коммерциялық тұрғыдан қауіпсіз» ІІ-модель таныстырды.

2025 жылдың қаңтарында Shutterstock пен Getty Images бірігетінін жариялады. Бұл АҚШ-тағы лицензиялық визуалды контенттің екі алып провайдерін бір шаңыраққа жинамақ. Bloomberg-тің жазуынша мәміле жасанды жадының дамуы мен смартфон камералары қолжетімділігінің артуы салдарынан сток-фотолар құны арзандап жатқан тұста жасалып отыр. Жаңалық шыққан соң Getty Images акциялары 50%-ға, Shutterstock қағаздары 30%-ға қымбаттады.

Біріккен компанияның жалпы құны $3,7 млрд болады деп бағаланды (оның ішінде Getty Images-тің $1,4 млрд қарызы бар). Мәміле үшінші жылға қарай жылына $150–200 млн үнемдеуге, ал екінші жылдан бастап пайда мен ақша ағынын арттыруға мүмкіндік береді деп күтіледі.

Алайда тамыздың соңында Ұлыбританияның Бәсекелестік және нарықтар басқармасы тергеу бастады. 2025 жылғы 20 қазанға дейін реттеуші бұл қосылу нарықтағы бәсекені төмендетпей ме — соны бағаламақ.

Shutterstock та қарап отырған жоқ. Компания Shutterstock.AI атты генеративті чат-бот іске қосты. Бұл шешім өз ІІ-моделі мен сыртқы серіктестер технологиясын үйлестіреді.

2023 жылы-ақ Shutterstock ІІ лицензиялық келісімдерінен $104 млн табыс тапқан. Пол Хеннесси бұл көрсеткіш 2027 жылға қарай $250 млн-ға жетуі мүмкін дейді. Компания ІІ-ды видео мен 3D шешімдерге де қолдануды жоспарлап отыр.

2025 жылдың II тоқсанында Shutterstock тарихындағы рекордтық қаржылық нәтижелерін жариялады: табыс 21%-ға өсіп, сарапшылар болжамынан 8%-ға асып түсті. EBITDA 32%-ға артып, күткеннен 23%-ға жоғары шықты. Дегенмен Citizens JMP компания акцияларына нейтрал рейтинг сақтады.

Getty Images болса, сол тоқсанда $234,9 млн табысқа қол жеткізді (+2,5% жылдық өсім). Бірақ $35,1 млн таза шығынға ұшырады (2024 жылдың екінші тоқсанындағы $3,85 млн пайдаға қарағанда).

Adobe ІІ-ды қалай дамытып жатыр

2023 жылдың наурызында Adobe сурет пен мәтіндік эффектілерді жасауға арналған генеративті ІІ таныстырды. 2024 жылдың соңына қарай Photoshop сияқты негізгі өнімдерге ІІ енгізілді.

2025 жылдың қыркүйегінде компания Fortune 100 тізіміндегі 99% корпорация Adobe-тың ІІ-қосымшаларын пайдаланып отырғанын мәлімдеді. Coca-Cola, Dentsu, Estée Lauder, Henkel, IBM сияқты брендтер Firefly негізіндегі шешімдерді қолдануда.

2025 жылдың III тоқсанында Adobe-дің табысы 11%-ға өсіп, $5,99 млрд-қа жетті. Бір акцияға шаққандағы пайда $5,31 болды (болжамнан жоғары). Ал жылдық жазылым кірістері $18,59 млрд-қа жетіп, өткен жылдан 11,7% көп болды. Firefly және Creative Cloud-тағы ІІ құралдарының кеңінен қолданылуы клиенттік базаны ұлғайтқаны атап өтілді.

Уолл-стрит не дейді

Компаниялардың бар күш-жігеріне қарамастан, сарапшылардың көбі скептикалық көзқарас ұстануда.

Bank of America 2025 жылдың тамызында Shutterstock-ты ІІ-мен байланысты тәуекелдері жоғары 26 компанияның қатарына қосты. Сарапшылар ІІ графикалық дизайн мен деректер талдауын жеделдетіп, арзандатып, Shutterstock бизнесін шайқалтады деп алаңдаулы.

24 қыркүйекте Morgan Stanley Adobe рейтингін «жоғары нарық» (Overweight) деңгейінен «нарықпен тең» (Equal Weight) деңгейіне түсіріп, мақсатты бағаны $520-дан $450-ға қысқартты. Себеп — ІІ-ға тәуелділік тәуекелі.

Melius сарапшылары да Adobe акцияларын «сату» деп бағалап, бәсекелестіктің күшеюіне назар аударды. Google мен OpenAI сияқты компаниялар ІІ арқылы сурет және видео өңдеу құралдарын ұсынып жатыр.

The Wall Street Journal атап өткендей, ІІ-дың әсері бұрын болжағаннан әлдеқайда ерте сезіліп, компаниялардың болашағына айтарлықтай белгісіздік тудыруы мүмкін.

Melius аналитигі Бен Рейтцес: «Жаңа буын клиенттері Adobe Creative Suite-ке (қосымша пакеті) шексіз қолжетімділік үшін ақы төлегісі келмейді, егер нарықта арзан әрі ыңғайлы ІІ-баламалар қолжетімді болса», - дейді.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары