Стратегтер: ФРЖ ставканы төмендеткеннен кейін нарықтық ралли уақытша тоқтауы мүмкін

Уолл-стриттің жетекші стратегтері нарықтағы «бұқа» көңіл күйі уақытша сақтықпен ауысуы ықтимал екенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, мөлшерлеменің 25 базистік пунктке төмендеуі еңбек нарығы мен инфляция мәселесін шеше алмайды. АҚШ Федералды резерв жүйесінің (ФРЖ) отырысы 16–17 қыркүйекте өтеді, ал қабылданатын шешім соңғы 40 жылдағы ең ала-құласы болуы мүмкін: комитеттің бір бөлігі мөлшерлемені тереңірек төмендетуді талап етуде, бұл құбылмалылық тәуекелін және ақша-несие саясаты бойынша болжамдардағы айырмашылықты күшейтеді.
Егжей-тегжейі
Bloomberg хабарлауынша, Morgan Stanley, JPMorgan және Oppenheimer стратегтері осы аптада күтілетін ФРЖ шешімінен кейін америкалық акциялар раллиі баяулауы мүмкін екенін ескертті. Соңғы апталарда S&P 500 өсімін негізінен реттеушінің саясатын жұмсартуға деген үміттер қолдады. Дегенмен, мөлшерлеменің тек 25 базистік пунктке қысқаруы әлсіз еңбек нарығын құтқара қоймайды деген алаңдаушылық артып келеді. Инвесторлар экономикалық баяулауға көбірек мән беруде. Бұған қоса, баж салығының инфляцияға әсері де белгісіздік туғызуда, ал инфляция мақсатты 2% деңгейінен әлі жоғары.
JPMorgan стратегi Мислав Матейка нарық әлсіз макродеректерге көз жұма қарап, рекорд орната бергенін айтады. Алайда 2025 жылғы алғашқы төмендетуден кейін жағдай өзгеруі мүмкін: «Саясат жұмсарған кезде акциялар әлдеқайда сақ қимылдап, қосымша тәуекелдерді бағасына енгізуі ықтимал. Бұл қазіргі тым қанағатшыл көңіл күйді қайта қарауға әкеледі», – деді ол Bloomberg-ке. JPMorgan-ның базалық сценарийі бойынша, S&P 500 мөлшерлеме ширек пунктке төмендеп, «қолдау білдіретін» риторика айтылса, 0,5–1% өседі. Ал «қатаң» сигналдар болса, индекс өзгеріссіз қалуы немесе 0,5% құлдырауы ықтимал. Егер мөлшерлеме бірден жарты пунктке қысқарса, құбылмалылық –1,5%-дан +1,5%-ға дейінгі аралықта болуы мүмкін.
Oppenheimer-дің бас инвестициялық стратегi Джон Штольцфус ФРЖ шешімінен кейін ралли баяуласа да, құлдырау ауқымы шектеулі әрі қысқа мерзімді болады деп санайды. «Егер мөлшерлеме 25 базистік пунктке ғана төмендесе, акциялар алдын ала қыздырылғандықтан, нарық аздап түзетілуі мүмкін», – деді ол.
Morgan Stanley стратегi Майкл Уилсон еңбек нарығының әлсіз көрсеткіштері мен ФРЖ жауабының арасындағы қайшылық басты тәуекел екенін айтты. Дегенмен, ол трейдерлерге S&P 500 индексін ықтимал түзетуде сатып алуды ұсынды. Оның ең оптимистік болжамында, 2026 жылдың ортасына қарай индекс тағы 9%-ға өсіп, 7200 пунктке жетуі мүмкін.
S&P 500 ахуалы
15 қыркүйектегі саудада S&P 500 0,4%-ға өсіп, 6610 пунктке жетті. Бұл жаңа тарихи максимум. 2025 жылдың басынан бері индекс шамамен 12%-ға көтерілді, оған ірі технологиялық компаниялардың акциялары түрткі болды. Осыған байланысты Deutsche Bank пен Barclays қыркүйекте өз болжамдарын көтерді.
Контекст
ФРЖ отырысы 16–17 қыркүйекте өтеді. CME Group-тың FedWatch Tool дерегінше, трейдерлердің 94,4%-ы мөлшерлеме ширек пунктке қысқарады деп күтуде. Дегенмен, бұл жолғы отырыс ерекше жағдайда өтпек: реттеуші ЖІӨ, жұмыссыздық, инфляция және федералдық қорлар мөлшерлемесіне қатысты жаңа болжамдар ұсынады.
Бірақ экономикалық қайшылықтарға қоса саяси шиеленіс, регулятор тәуелсіздігі және комитет құрамының өзі де күн тәртібінде тұр. Бұл жолғы дауыс беру соңғы 40 жылдағы ең ала-құласы болуы ықтимал: бірқатар мүшелер мөлшерлемені жарты пунктке қысқартуды талап етеді, оларға Дональд Трамптың қолдаушысы Стивен Миран қосылуы мүмкін. Сенат оның кандидатурасын 15 қыркүйекте қарайды. «Голубиный блоктың» пайда болуы 1988 жылдан бері алғаш рет үш басқарушының көпшілік шешіміне қарсы шығуына әкелуі ықтимал.
Apollo Global экономисі Торстен Слектің айтуынша, Пауэлл бірлікті сақтауға тырысуы мүмкін, бірақ болжамдардағы алшақтық нарық құбылмалығын және инфляциялық күтулерді күшейтеді. Егер отырыс қорытындысында 2025 жылдың соңына қарай мөлшерлеме бойынша болжамдар тым әркелкі болып шықса, тіпті уақытша келісімнің өзі күмән тудырады.








