Supermicro амбициялық мақсатынан бас тартты. Компания акциялары құлдырады

Серверлік компоненттер өндірушісі Super Micro Computer жаңа қаржы жылында табысты 40 млрд долларға дейін жеткізуді көздемейтін болды. Бұл межені компания ақпанда жариялаған, бірақ инвесторлар оның орындалуына күмәнмен қараған. Енді Supermicro өзі де бұл мақсаттан шегінетінін көрсетті. Жаңартылған болжам әлі де оптимистік болғанымен, Уолл-стрит оны теріс қабылдап, компания акцияларын жаппай сата бастады.
Егжей-тегжейі
Supermicro 2026 қаржы жылында (шілдеде басталған) кемінде 33 млрд доллар табыс түседі деп күтеді. Алдыңғы қаржы жылында компания 22 млрд доллар табыс тапқан. 40 млрд доллар межесі ақпанда айтылғанымен, мамырда компания басшылығы «жағдай нақты айқындалғанша» ресми болжам бермейтінін мәлімдеген еді.
Компания қазіргі тоқсанда 6–7 млрд доллар аралығында табыс болатынын болжап отыр. Бұл аралықтың орта шегі (6,5 млрд доллар) — FactSet сарапшылары күткеннен 130 млн долларға төмен. Сонымен қатар, өткен тоқсандағы сатылым мен табыс көлемі де Wall Street үмітін ақтамады.
5 тамызда Нью-Йорктегі негізгі сауда сессиясы аяқталған соң Supermicro акциялары 16%-дан астамға арзандады. 6 тамызда алдын ала саудада құлдырау жалғасты.
Сарапшылар не дейді?
2025 жылдың басынан бері Supermicro акциялары 88%-ға өскен. Бұл өсім инвесторлардың ЖИ жабдықтарына сұраныс артатынына деген сенімімен байланысты. Алайда жаңартылған болжам Supermicro бұл сұранысты нақты сатылымға айналдыра ала ма деген күмән тудырды.
Bloomberg сарапшысы Ву Джин Хо компанияның маржасы бойынша да қиындық барын айтады. Supermicro бағаны төмендетуге мәжбүр, себебі ЖИ серверлер нарығында бәсеке қатты, әсіресе Dell компаниясымен. Хоның айтуынша, жаңа болжам (соның ішінде 2026 қаржы жылының бірінші тоқсанына арналғаны) инвесторлардың күткен деңгейін төмендетіп отыр. Бұл мега-серверлерге қатысты келісімдерде өте қатаң баға бәсекесінің бар екенін көрсетеді.
Wedbush инвестициялық фирмасы да маржаны Supermicro-ның әлсіз тұсы ретінде сипаттайды. Сарапшылардың салалық сұхбаттары Nvidia чиптерінің сервер өндірісіндегі үлесі артып келе жатқанын көрсеткен. Бұл — жеткізушілердің рентабельділігін азайтады. Supermicro-ның жалпы маржасы 2022 жылдың соңында 18% болған, ал өткен тоқсанда 10%-дан төмендеген. Barron’s басылымы Уолл-стрит бұл көрсеткіштің өсуін күтпейді деп жазады. Bank of America сарапшысы Руплу Бхаттачарья Supermicro өндірістік ауқымын, табысты өсіру және нарық үлесін арттыру мүмкіндігін мойындағанымен, бұл артықшылықтар маржаның есебінен болатынын ескертеді.
Уолл-стрит Supermicro акцияларын қалай бағалап отыр?
Bank of America Supermicro акцияларына 35 доллар көлемінде мақсатты баға белгілеп, «нарықтан төмен» рейтингін берді. Бұл компания акцияларын сатуға кеңес беретін баға. Алайда FactSet деректері бойынша, соңғы айларда сарапшылар акцияларды портфельде ұстауға кеңес беріп отыр. Сонымен қатар, FactSet платформасында орташа мақсатты баға 42,6 доллар деп есептелген. Бұл — тіпті 5 тамыздағы құлдырауды ескерсе де, акцияның сол күнгі бағасынан 25% төмен.








