БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Таңғы шолу: Даймон стагфляция қаупі жөнінде, биткоин рекорды, Hinge Health IPO-сы

Ангелина Клейменова

Ангелина Клейменова

Таңғы шолу: Даймон стагфляция қаупі жөнінде, биткоин рекорды, Hinge Health IPO-сы

JPMorgan басшысы Джейми Даймон АҚШ-та стагфляция қаупі бар екенін ескертті, инфляция, бюджет тапшылығы және сыртқы саясаттағы тұрақсыздық экономиканы әлсіретіп жатқанын атап өтті. Дональд Трамп Fannie Mae мен Freddie Mac ипотекалық алпауыттарын мемлекеттік бақылаудан шығару идеясын қайта көтерді. Ал қор нарығында — цифрлық физиотерапия шешімдерін жасайтын Hinge Health стартапының IPO-сы өтті. Компанияның бағаланған құны — $2,6 млрд. Осы және басқа да жаңалықтар 22 мамырға арналған таңғы шолуымызда.

Уолл-стриттегі ең нашар күннен кейінгі нарық динамикасы

Азия-Тынық мұхиты аймағының нарықтары бейсенбіде Уолл-стриттегі құлдыраудан кейін ізінше төмендеді. АҚШ-тағы жаңа бюджет жобасының тапшылық пен қарызды ұлғайтуы мүмкін деген алаңдаушылық инвесторлардың көңіл-күйін түсірді.

— Жапонияның Nikkei 225 индексі сауда ашылғанда 1,06%-ға төмендеді, ал Topix 0,85%-ға құлдырады.

— Оңтүстік Кореяның Kospi индексі 0,59%, ал шағын компаниялар индексі Kosdaq 0,69%-ға төмендеді.

— Австралияның S&P/ASX 200 индексі 0,36%-ға төмендеді.

— Гонконгтың Hang Seng индексі 0,24%-ға, Қытайдың CSI 300 индексі 0,14%-ға төмендеді.

— АҚШ-тың негізгі қор индексі фьючерстері сәрсенбі түнгі саудада айтарлықтай өзгерген жоқ: Dow Jones фьючерсі 0,06%-ға, ал S&P 500 және Nasdaq 100 шамамен 0,03%-ға көтерілді.

— АҚШ-тың 30 жылдық мемлекеттік облигацияларының кірістілігі 5,09%-ға жетіп, 2023 жылғы қазаннан бергі ең жоғары деңгейге шықты. 10 жылдық облигациялар кірістілігі — 4,59%.

Биткоин тарихи максимумға жетті

21 мамыр, сәрсенбі күні биткоин 2,7%-ға қымбаттап, $109 856 деңгейіне жетті. CoinMarketCap деректеріне сәйкес күндізгі шарықтау шегі — $109 767. Бұл 20 қаңтарда Дональд Трамптың инаугурациясы күні орнаған алдыңғы рекордтан жоғары.

CNBC хабарлауынша бейсенбі күні биткоин бағасы $111 мыңнан асты.

Bloomberg түсіндіруінше соңғы апталардағы криптовалюта нарығындағы ралли АҚШ-тағы реттеу өзгерістерінің оң әсерімен байланысты. Сенатта стейблкоиндарға (тұрақты валюталарға байланған криптовалюталар) қатысты заң жобасы алға жылжып, 19 мамырда демократтар қарсылығын еңсеріп өтті.

Bloomberg мәліметі бойынша мамыр айының басынан бері инвесторлар АҚШ-тың биткоин ETF-теріне шамамен $3,6 млрд құйған.

JPMorgan басшысы АҚШ-та стагфляция болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды

JPMorgan Chase басшысы Джейми Даймон Bloomberg Television арнасына берген сұхбатында АҚШ-та стагфляция қаупі бар екенін айтты. Ел инфляция, бюджет тапшылығы және геосаяси шиеленістер сияқты бірқатар күрделі қауіппен бетпе-бет келгенін атап өтті.

«Біз қазір жақсы жағдайдайдамыз дегенмен келіспеймін», — деді ол Шанхайда өткен JPMorgan Global China саммитінде. Оның пікірінше АҚШ-тың ФРЖсы ақша-кредит саясатын өзгертпей дұрыс бағытта әрекет етуде.

ФРЖ биылғы жылы негізгі мөлшерлемені өзгеріссіз ұстап тұр. Бұл ретте өкімет реттеуі, кедендік баж салықтары және олардың ықтимал әсері секілді белгісіздіктер де ескеріліп отыр. ФРЖ өкілдерінің айтуынша жоғары инфляция мен жұмыссыздықтың қатар өсуі қаупі артып келеді.

Трамп Fannie Mae мен Freddie Mac-ті биржаға шығаруды қарастырып отыр

АҚШ президенті Дональд Трамп Fannie Mae мен Freddie Mac ипотекалық агенттіктерін биржаға шығару шешімін жуық арада қабылдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Reuters. Truth Social платформасында ол бұл мәселені тиісті министрлермен талқылайтынын жазды.

«Fannie Mae мен Freddie Mac жақсы жұмыс істеп тұр, мол ақша әкелуде, қазір нағыз оңтайлы уақыт секілді», — деді Трамп, бірақ нақты мәлімет бермеді.

Fannie мен Freddie АҚШ Конгресінің бастамасымен жеке акционерлік компания ретінде құрылған. Олар жекеменшік кредиторлардан ипотекалық несиелерді сатып алып, оларды ипотекалық бағалы қағаздарға айналдыру арқылы ұлттық ипотекалық нарықты кеңейтуге арналған болатын. 2008 жылғы дағдарыс кезінде бұл компаниялар үлкен шығынға ұшырап, мемлекеттік бақылауға алынды. Қазіргі кезде олар FHFA агенттігінің қарауында тұр.

OpenAI тарихындағы ең ірі мәміле

Жасанды интеллект стартапы OpenAI io компаниясын сатып алмақ, ол AI құрылғыларын әзірлеумен айналысады. io-ның негізін қалаушылардың бірі — Apple-дің бұрынғы бас дизайнері Джони Айв. OpenAI сайтыдағы ақпаратқа сәйкес io OpenAI-мен бірігеді, ал Айв дизайн мен креативтік қызметке жауапты болады.

Bloomberg хабарлауынша мәміле сомасы шамамен $6,5 млрд. Оның ішінде $5 млрд — акция түрінде төленеді. Қалғаны — 2024 жылдың 4-тоқсанында жасалған серіктестік аясында келісілген 23% үлесті сатып алу мәмілесінен құралған.

Hinge Health IPO-ға жоғары бағамен шықты 

Цифрлық физиотерапиямен айналысатын Hinge Health компаниясы бір акцияны $32 бағамен орналастырып, күтілген бағалық диапазонның жоғарғы шегіне жетті, деп хабарлайды CNBC. Стартап 8,52 млн акция сатып, шамамен $273 млн тартты. Жалпы орналастыру көлемі 13,7 млн акцияны құрады, қалғанын бар акционерлер сатты.

2014 жылы негізі қаланған компания Нью-Йорк қор биржасында «HNGE» тикерімен саудаланатын болады. Наурызда бастапқы проспект ұсынып, мамырда жаңартқан болатын.

IPO бағасы бойынша Hinge Health компаниясының құны шамамен 2,6 млрд долларды құрайды, бірақ барлық акциялары айналымға шыққан жағдайда бұл көрсеткіш одан да жоғары болуы мүмкін. Бұл 2021 жылдың қазанындағы соңғы инвестиция тарту кезінде бағаланған $6,2 млрд көрсеткішінен төмен.

Компания өз бағдарламалық жасақтамасы арқылы науқастарға бұлшықет-қаңқа жарақаттары мен созылмалы ауырсынуларды емдеуге, сондай-ақ операциядан кейін қашықтан оңалту процесін жүргізуге көмектеседі. Оны негізін қалаған  Даниэль Перес пен атқарушы төраға Габриэль Мекленбург — өздері де жарақаттан кейін оңалту қиындықтарын бастан өткергендер.

Мұнай бағасы АҚШ-тағы қорлардың өсуі аясында тұрақтанды

CNBC хабарлауынша мұнай бағасы АҚШ-тағы қорлардың ұлғаюы және қаржы нарығындағы әлсіздік аясында төмендегеннен кейін тұрақталды.

Brent маркалы мұнай барреліне $65-тан төмен саудаланып жатыр, ал WTI бағасы $61-ден жоғары қалды.

АҚШ-тағы коммерциялық мұнай қоры екінші апта қатарынан өсті, бұл нарықтың артық ұсыныспен толығуы мүмкін деген алаңдаушылықты күшейтті. Бензин мен дистилляттарға деген сұраныс жазғы автокезең жақындап қалса да төмен деңгейде қалып отыр.

ОПЕК және оның одақтастары мұнай өндірісін арттырып жатқанда, нарық әлі де артық ұсыныс қысымын сезінуде. Жыл басынан бері мұнай фьючерстері шамамен 13%-ға төмендеді.

Сондай-ақ АҚШ-тың сауда соғыстары мұнай бағасына кері әсер етіп отыр — бұл жаһандық үдерістердің баяулауына және энергетикалық ресурстарға деген сұраныстың төмендеуіне алып келуі мүмкін.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары