БастыЖаңалықтар
Бөлісу

АҚШ акциялары үшін бір айдағы ең әлсіз күн: инвесторлар бюджет тапшылығына алаңдаулы

Владислав Осипов

Владислав Осипов

Oninvest тілшісі
АҚШ акциялары үшін бір айдағы ең әлсіз күн: инвесторлар бюджет тапшылығына алаңдаулы

21 мамыр, сәрсенбі күні америкалық акциялар үшін соңғы бір айдағы ең әлсіз күн болды. Негізгі биржалық индекстер сауданы қызыл аймақта аяқтады — трейдерлердің жаңа бюджет заң жобасына қатысты алаңдаушылығы нарыққа қысым түсірді. Нарық бұл құжат АҚШ-тың онсыз да үлкен бюджет тапшылығын ушықтыруы мүмкін деп алаңдаулы. Бұған қоса, 20 жылдық мемлекеттік облигацияларға сұраныс төмен болды. Нәтижесінде 30 жылдық қазынашылық қағаздардың табыстылығы соңғы бір жарым жылдағы ең жоғары межеге көтерілді.

Егжей-тегжейлі

— MarketWatch Dow Jones Market Data деректеріне сілтеме жасап хабарлауынша, сәрсенбі күні АҚШ-тың негізгі қор индекстері 21 сәуірден бергі ең нашар сауда сессиясын көрсетті.

— Технологиялық компаниялар индексі Nasdaq Composite 1,4%-ға төмендеп, 18 872,6 тармақ деңгейінде жабылды. Apple (-2,3%), Tesla (-2,7%), Nvidia (-1,9%) және Amazon (-1,45%) котировкалары АҚШ-тың қазынашылық облигацияларындағы кірістілік өсімінің қысымына ұшырады, деп жазады телеканал.

— Кең нарықты қамтитын S&P 500 индексі 21 мамырда 1,6%-ға төмендеп, 5844,6 тармаққа дейін түсті.

— Dow Jones Industrial Average көк чиптер индексі сәрсенбі күнгі сауда қорытындысы бойынша 1,9% төмендеп, 41 860,4 тармақ деңгейінде жабылды. Индекс құрамындағы ең әлсіз қағаздар UnitedHealth-ке тиесілі болды — HSBC рейтингті төмендеткеннен кейін акциялар 5,8% арзандады.

— Шағын капитализациялы компаниялар индексі Russell 2000 2,8% төмендеп, 2046,6 тармақты құрады.

— 30 жылдық АҚШ қазынашылық облигацияларының кірістілігі 5,09%-ға дейін өсіп, 2023 жылдың қазан айынан бергі ең жоғары деңгейге жетті, делінген CNBC мәліметінше. Ал 10 жылдық облигациялардың кірістілігі 4,59%-ды құрады.

— Биткоин күн ішінде сауда тарихындағы жаңа рекорд — $109,8 мың деңгейіне көтерілді, алайда күн соңына қарай бағасы сәл төмендеді.

Нарыққа не әсер етті?

21 мамырда инвесторлар АҚШ Конгресінде қаралып жатқан заң жобасы елдің бюджет тапшылығын ұлғайтуы мүмкін деген алаңдаушылықпен ұзақ мерзімді облигацияларды жаппай сата бастады, деп жазады CNBC. 20 жылдық АҚШ қазынашылық облигацияларының аукционда сәтсіз орналастырылуынан кейін олардың кірістілігі одан әрі көтерілді. Телеарнаның жазуынша, бұл инвесторлардың америкалық қарызды қаржыландыруға деген қызығушылығы төмендеп жатқанын көрсетуі мүмкін.

CNBC еске салғандай, қазынашылық облигациялар кірістілігінің өсуі сәуір айында басталған еді. Дональд Трамптың баж салығына қатысты жоспарларына байланысты туындаған алаңдаушылық қазынашылық облигацияларының «қауіпсіз айлақ» беделінен айырды. Сол кезде 10 жылдық облигациялардың кірістілігі небәрі бірнеше күннің ішінде 3,9%-дан 4,5%-дан жоғары деңгейге дейін шарықтады. Кейін Трамп баж салығын кейінге қалдыратынын мәлімдегенде кірістілік сәл төмендеді.

Сарапшылар пікірі

«Бюджет – бұл бір жаман, бір жақсы, сосын тағы бір жаман жаңалықтан тұратын анекдот секілді», – деді Bloomberg агенттігіне FHN Financial өкілі Крис Лоу. — Алғашқы жаман жаңалық: жағдай бірнеше жылдан бері бақылаудан шығып кеткен, сондықтан Moody’s АҚШ-тың рейтингін төмендетті. Жақсы жаңалық: қазіргі бюджет траекториясына қарағанда, тапшылықты тұрақтандыруы, тіпті сәл қысқартуы мүмкін. Бірақ екінші жаман жаңалық: тапшылықты тек тұрақтандыру емес, нақты қысқарту қажет».

CFRA Research компаниясының бас инвестициялық стратегі Сэм Стоволл CNBC арнасына берген пікірінде, осы аптада салыққа қатысты заң жобасының қабылдану мүмкіндігі артқанын айтты. Оның пікірінше, бұл түптеп келгенде мемлекеттік қарыздың жалпы деңгейін көтеруі мүмкін. «Қазір фискалдық тұрғыдан ең маңызды сұрақ – салық заңнамасы қандай болады және ол соңғы уақыттағы бюджет тәртібін жоққа шығарып, қарыз өсімін жай ғана баяулатумен шектеліп қалмай ма? Меніңше, дәл осы себепті 10 жылдық облигациялар кірістілігі өсіп жатыр — инвесторлар инфляцияны тежеу мен қарызды азайту бағытында нақты қадамдар жасалмай отыр деп қауіптенуде», — деді Стоволл.

Deutsche Bank сарапшысы Джордж Саравелос қазіргі жағдайда америкалық акциялар үшін тұрақтылықты сақтау қиын болатынын айтты. «2023–2024 жылдары АҚШ экономикасының өсіміне деген болжам қайта қаралған кезде, облигациялар мен акциялар кірістілігі қатар өсті. Бұл қисынды еді. Алайда қазір жағдай мүлде басқа. Капитал құнының өсуі сияқты [жағымсыз] фактордың тәуекелі жоғары активтерге оң әсер етеді деу қиын», — деді ол Bloomberg агенттігіне.

Сондай-ақ Саравелос 20 жылдық мемлекеттік облигациялардың сәтсіз орналастырылуы аясында доллардың әлсіреуіне назар аударды. «Мәселенің түпкі себебі — шетелдік инвесторлар АҚШ-тың қос тапшылығын (бюджет пен сауда) бұрынғыдай бағамен қаржыландырғысы келмейді», — деді ол.

Нарыққа қысым түсіріп тұрған тағы бір фактор — оның тым тез өсуі. Мамыр айының басында Трамптың баж салығы туралы мәлімдемесінен кейін тіркелген құлдыраудан соң индекстер жылдам қалпына келді. Бір ай ішінде S&P 500 13%-дан, ал Nasdaq 18%-дан астам өсті. «Кейбір инвесторлар нарықтың шектен тыс тез өсуіне алаңдай бастады, сондықтан алда өсімді «қорыту» кезеңі болуы мүмкін», — деп түсіндірді Сэм Стоволл.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары