Нью-Йорктегі таң: инвесторлар фискалдық келіспеушіліктерге назар аударуда

Freedom Capital Markets Research басшысының орынбасары Михаил Денисламов ұсынған АҚШ қор нарығына арналған күнделікті шолуы мен болжамы.
Біз не күтеміз
Инвесторлардың назары Конгрестегі салықтарды айтарлықтай қысқарта отырып, бюджеттік шығындарды арттыруды көздейтін заң жобасына ауысты. Қатаң бюджеттік тәртіпті қолдайтын республикалық «қырандар» мен федералдық және жергілікті салықтар бойынша SALT шегерімін ұлғайтуды жақтайтындардың арасындағы келіспеушіліктер өкілдер палатасындағы дауыс берудің бұзылуына әкеп соғуы мүмкін. Бұған дейін президент Дональд Трамп осыған ескерту жасаған. Ақ үй басшысы бұл құжатты республикалық партия конгрессмендерімен талқылауды жоспарлаған. Қазіргі ұсынылып отырған ымыралы шешім — $40 мың көлеміндегі шегерім лимиті мен рұқсат етілетін табыс шегін кезең-кезеңмен кеңейту. Өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон бұл жобаны апта соңына дейін дауысқа салуға үміттеніп отыр, бірақ түпкілікті мақұлдау Сенат шешіміне байланысты болады. Нарық бұл заңнамалық өзгерістердің бюджет тапшылығы, инфляция және монетарлық саясат үшін ұзақмерзімді салдарын бағалап отыр.
Күн ішінде ФРЖ басшылығының өкілдері — Сьюзан Коллинз, Адриана Куглер және Мэри Дейли түсініктеме береді деп күтілуде. Инвесторлар күзге болжанған мөлшерлеме төмендеуі аясында реттеушінің риторикасын мұқият қадағалауда.
Сауда сессиясы басталғанға дейін Target (TGT), TJX Companies (TJX), Baidu (BIDU), XPeng (XPEV) және WeRide (WRD) есебін жариялайды. Lowe’s (LOW) кірісі Уолл-стрит күткенмен шамалас болды, ал акцияға шаққандағы пайда болжамнан асып түсті. Сауда аяқталғаннан кейін Snowflake (SNOW) және Zoom (ZM) тоқсандық есептерін жариялайды.
АҚШ индекс фьючерстері сәл теріс аумақта саудаланып жатыр. Азия-Тынық мұхиты өңірінің биржалары әртүрлі бағытта жабылды. Келесі сессияда орташа құбылмалылық жағдайында біршама теріс теңгерім күтілуде. S&P 500 индексі бойынша болжам 5870–6000 пункт аралығы (сейсенбідегі жабылу деңгейінен −1,2% бен +1% арасында).
Назарда
— Palo Alto Networks (PANW) кірісі мен табысы болжамнан асып түсті. Алайда жалпы кіріс 76%-ды құрап, консенсустық 77,2%-дан төмен болды — бұл инвесторлардың алаңдаушылығын туғызып, постмаркетте бағамдардың шамамен 4%-ға төмендеуіне себеп болды. Дегенмен, компанияның осы тоқсанға берген табыс бойынша болжамы орташа күтулерден жоғары болды.
— Қосымша акция шығару туралы $1 млрд көлеміндегі хабарлама Take-Two Interactive (TTWO) бағалы қағаздарының негізгі саудадан кейін 3,5%-ға төмендеуіне себеп болды. Компания бұл қаражатты корпоративтік қажеттіліктерге, соның ішінде қарызды өтеу мен бизнес ауқымын кеңейту үшін қолданбақ. Алайда инвесторлар капиталдың сұйылуын меңзейтін хабарды теріс қабылдады.
— Toll Brothers (TOL) жылдық жоспарынан таймай, нарыққа 11,2–11,6 мың үй шығаруды көздеп отыр және премиум сегменттегі табысты тұрақты деңгейде сақтады. Акцияға шаққандағы пайда $3,5-ты құрап, $2,83 деңгейіндегі консенсусты артта қалдырды. Алайда кіріс 3,5%-ға қысқарды. Басшылық тұрғын үй тапшылығы мен демографиялық трендтерді ұзақмерзімді оң факторлар ретінде атап өтті. Компания акциялары постмаркетте 5%-дан астамға өсті.
Кешегі нарық
20 мамырдағы АҚШ қор нарығындағы сауда әртүрлі бағытта аяқталды. S&P 500 —0,39%-ға, Nasdaq 100 —0,37%-ға, Dow Jones —0,27%-ға төмендеді, ал Russell 2000 символикалық түрде +0,05%-ға өсті. S&P 500 индексіне кіретін 11 сектордың сегізі минуста жабылды. Тұтыну тауарларын жеткізушілер жақсы нәтиже көрсетті (XLP: +0,35%). Энергетика секторы аутсайдерлер қатарында қалды (XLE: −0,92%).
Макроэкономикалық күн тәртібі екінші орынға ығысты. Аймақтық іскерлік белсенділік статистикасы мен ФРЖ өкілдерінің пікірлері бағамдарға елеулі әсер еткен жоқ. Сент-Луис ФРБ басшысы Альберто Мусалем қазіргі ақша-кредит саясатын «орташа шектеулі» деп сипаттады, ал Кливленд ФРБ президенті Элизабет Хэммак экономикалық өсудің стагфляциялық сценарийіне қатысты белгісіздік пен қауіптердің сақталып отырғанын айтты. Филадельфия ФРБ-ның өндірістен тыс сектордағы іскерлік белсенділік индексі мамырда −41,9 пунктке жетіп, −42,7 деңгейіндегі консенсусты басып озғанымен, әлі де құлдырауға нұсқап тұр.
Компания жаңалықтары
— Moderna (MRNA: +6,1%) акциялары АҚШ FDA агенттігінің егде және иммундық жүйесі әлсіреген пациенттер үшін жаңартылған COVID-бустерлерін мақұлдау ниеті туралы хабарынан кейін өсті. Денсаулығы мықты балалар мен ересектерге вакцинация бойынша жаңа клиникалық мәліметтерді ұсыну талабы сақталғанына қарамастан, бұл жаңалық инвесторларға оң әсер етті.
— Victoria’s Secret (VSCO: +3,3%) директорлар кеңесі BBRC International компаниясы акцияларының елеулі бөлігін иемденуіне байланысты акционерлерді қорғау жоспарын бекітті. Бұл әрекет ықтимал дұшпандық басып алуға қарсы қорғаныс ретінде бағаланып отыр.
— Levi Strauss (LEVI: +1,5%) Dockers брендін Authentic Brands холдингіне шамамен $390 млн-ға сатуға келісті. Бұл қаражаттың $100 млн-ға жуығы акцияларды кері сатып алуға жұмсалады.
— Home Depot (HD: −0,6%) тоқсандық кірісі орташа күтулерден жоғары болғанымен, түзетілген табыс болжамнан төмен болды. Басшылық жылдық болжамды растады және жаңа тарифтік саясатты ескере отырып, бағаларды көтеруді жоспарламайтынын мәлімдеді. Бұл шешім жабдықтау тізбектерінің әртараптандырылуы мен наурыз–сәуірдегі тұрақты сұранысқа негізделді.
— 2025 жылға арналған круиздік турларға тапсырыстар көлемі өсіп жатқанымен, Viking Holdings (VIK: −5%) компаниясының 2026 жылға арналған әлсіз баға болжамдары сарапшыларды алаңдатты.








