Таңғы шолу: Intel-ге меминвестциялар, Баффеттің сатып алуы, Circle-дің ерте сатылымы

Дональд Трамп әкімшілігі Огайодағы зауыттарды қаржыландыру үшін Intel компаниясындағы үлесті сатып алу мүмкіндігін қарастыруда. Уоррен Баффет басқаратын Berkshire Hathaway биылғы жылдың басынан бері котировкалары 46% төмендеген UnitedHealth компаниясының 5 млн акциясын сатып алды. Стейблкоин шығарушы Circle IPO-дан кейін небәрі екі ай өткен соң, бағасы 349% өскен сәтті пайдаланып, $1,4 млрд көлемінде акцияларын сату туралы жариялады. Осы және өзге де оқиғалар — 15 тамыздағы таңғы шолуымызда.
АҚШ Огайодағы зауыттарды қолдау үшін Intel компаниясындағы үлесті сатып алуы мүмкін
Intel акциялары басты саудада 7% және кеңейтілтен саудада тағы 4,5% өсті. Бұған Bloomberg хабарлағандай, Дональд Трамп әкімшілігінің компаниядағы үлесті сатып алу мүмкіндігін қарастыруы себеп болды. Бұл қаражат Огайода зауыттар салуға бағытталмақ. Intel — АҚШ аумағында ең жылдам чиптерді өндіре алатын жалғыз америкалық компания, ал бәсекелестері TSMC мен Samsung елде тек жекелеген фабрикаларға ие.
Осы аптада Intel бас директоры Лип-Бу Тан Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесті. Трамп оны Қытаймен болжанған байланыстарына байланысты отставкаға кетуге шақырды. Компания Танның АҚШ-тың ұлттық және экономикалық мүдделерін қорғауға берік екендігін мәлімдеді.
Бұған дейін Intel Германия мен Польшадағы жобаларын тоқтатып, Огайодағы дамуын баялатты, өйткені оның foundry-бизнесі әлі ірі клиенттерді тарта қойған жоқ. Bloomberg мәліметінше, Трамп әкімшілігінің қадамдары мемлекеттің стратегиялық салаларға араласу үрдісін көрсетеді. Өткен аптада билік Қытайға сатылатын кейбір Nvidia мен AMD чиптерінен АҚШ үкіметіне 15% аударуға келісті, сондай-ақ соңғы айларда MP Materials компаниясындағы үлесті сатып алып, U.S. Steel-де «алтын акцияға» ие болды.
Berkshire Hathaway UnitedHealth компаниясының 5 млн акциясын сатып алды
Уоррен Баффет басқаратын Berkshire Hathaway UnitedHealth Group компаниясының 5 млн акциясын сатып алды, деп хабарлайды Reuters. Бұл мәміле сақтандырушы акцияларының қосымша сауда сессиясында 7% өсуіне себеп болды. Баффет бұған дейін 2006–2009 жылдары компанияда үлеске ие болған, алайда 2010 жылы медициналық секторға салынған инвестицияларды қысқарту аясында оны толықтай сатты.
Мәміле медициналық шығындардың өсуі, федералдық тергеулер, топ-менеджерлердің бірінің өлтірілуінің салдары және өткен жылғы кибершабуыл аясында жасалды. UnitedHealth жуырда алдағы тоқсандарда миллиардтаған қосымша шығындарды күтетінін айтып, пайда болжамын төмендетті.
Жыл басынан бері компания акциялары 46% төмендеді
АҚШ-тың ірі хедж-қорлары Big Tech пен AI-ға инвестицияны көбейтті
2025 жылдың екінші тоқсаны АҚШ-тың ірі хедж-қорларының Big Tech секторына қайта оралуымен және жасанды интеллект нарығының бумымен ерекшеленді, дейді Reuters. Bridgewater Associates Nvidia, Alphabet және Microsoft-тегі позицияларын, сондай-ақ Broadcom мен Palo Alto Networks-тегі үлестерін ұлғайтып, AI секторының өсуіне сенді. Discovery Capital Meta-дғы позициясын екі есе арттырып, инвесторларының қатарында Nvidia бар CoreWeave компаниясында жаңа позиция ашты және UnitedHealth-тегі үлесін көбейтті.
Tiger Global Management Amazon, Alphabet, Nvidia, Microsoft және Meta акцияларындағы позицияларын күшейтіп, жабдық өндіруші Lam Research-ке инвестиция салды. Coatue Management Arm Holdings пен Oracle-да ірі позициялар ашып, CoreWeave-дегі үлесін $2,9 млрд-қа дейін жеткізді. Lone Pine Capital UnitedHealth-ке $528 млн көлемінде инвестиция салды.
Сонымен қатар қорлар қорғаныс, тұтынушылық және бөлшек сауда сияқты артта қалып келе жатқан секторларға салынған инвестицияларын қысқартты. Технологиялық алыптардың котировкаларының қалпына келуі S&P 500 индексінің жыл басынан бері 10% өсуіне ықпал етті, ал ең ірі IT-компаниялар индекстің нарықтық капитализациясының үштен бірін құрайды.
Circle IPO-дан екі ай өткен соң $1,4 млрд көлемінде акцияларын сатуда
Стейблкоин эмитенті Circle Internet Group және оның акционерлері, соның ішінде бас директор Джереми Аллэйр, маусымдағы IPO-дан бері котировкалары 349% өскен сәтті пайдаланып, шамамен $1,4 млрд сомасына 10 млн акция сату туралы жариялады, дейді Bloomberg. Бұл мәміле биржаға шығудан небәрі екі ай өткен соң жасалып отыр: акциялармен мәміле жасауға тыйым салатын локап әлі күшінде, алайда IPO-ның жетекші ұйымдастырушысы болған JPMorgan сатуға рұқсат берді.
Сарапшылардың айтуынша, бұл қадам «оппортунистік» сипатта және жоғары сұраныс аясында пайдаға бекіту ниетін көрсетеді: ұсыныс артық жазылып, нарықтық бағадан дисконтымен орналастырылмақ. Ағымдағы баға маусым айындағы ең жоғары көрсеткіш — $298,99-дың екі есе төмен болғанына қарамастан, орналастыру көлемі IPO кезіндегі түсімнен асып түседі.
Мұндай орналастырулар биржаға шыққаннан кейін көп ұзамай дотком дәуірінде кең тараған еді. 2025 жылы бұл жолды Karman Holdings, Viking Holdings, UL Solutions және StandardAero компаниялары да таңдаған. Ал Circle үшін осыншама ерте қайталама орналастыру рекордтық жылдамдықпен өтті, бірақ қағаздарға деген жоғары қызығушылық пен тұрақты сауда белсенділігінің арқасында инвесторлар оны сабырмен қабылдады.
Shein-нің Ұлыбританиядағы сатылымы 2024 жылы 32% өсті
Онлайн-ретейлер Shein-нің Ұлыбританиядағы бөлімшесі 2024 жылы сатылымын 32,3% арттырып, £2,05 млрд ($2,77 млрд) көрсеткішіне жетті, ал салыққа дейінгі пайдасы £24,43 млн-нан £38,25 млн-ға өсті, деп жазады CNBC. Компания жылдағы негізгі оқиғалар қатарында Лондондағы (King’s Cross) және Манчестердегі кеңселердің ашылуын, Ливерпульдегі поп-ап дүкенді және 12 қалада өткен рождестволық автобус турын атады.
Shein бірқатар қауіптерді атап өтті: жеткізу тізбегіндегі кешігулер, валюта бағамының ауытқуы мен фрахттан туындайтын шығындардың өсуі, IT-жүйелердегі ақаулар, сондай-ақ Ұлыбританиядағы реттеулердің өзгеруі, бұл тауарларды өзгертуге немесе сатылымнан алуға мәжбүр етуі мүмкін. Қосымша қысым жоғары инфляция мен өмір сүру құнының өсуі аясындағы әлсіз тұтынушылық сенімділік арқылы да туындауы ықтимал.
Жыл басында компания Гонконгте IPO өткізуге құпия түрде өтінім берді, бұл Лондонда ұзаққа созылған процесс кезінде реттеушілердің мақұлдауын алудағы қиындықтардан кейін листингті жылдамдату мақсатын көздейді.
Нарықтың ахуалы
— Жапонияның Topix кең индексі 1,5% өсті.
— Nikkei 225 бенчмаркі 1,7% көтерілді.
— Оңтүстік Кореяда биржалар жабық болды.
— Австралияның S&P/ASX 200 индексі 0,7% өсті.
— S&P 500 фьючерстері 0,25%, Nasdaq 100 — 0,06%, ал Dow Jones Industrial Average — шамамен 0,8% өсті.








