БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Таңғы шолу: Уолл-стрит жаңа шыңға шықты, Dell әлсіреуде, Intel АҚШ-тан $5,7 млрд алды

Ангелина Клейменова

Ангелина Клейменова

Таңғы шолу: Уолл-стрит жаңа шыңға шықты, Dell әлсіреуде, Intel АҚШ-тан $5,7 млрд алды

АҚШ-тың қор нарығы тарихи максимумды жаңартты. Бұған АҚШ-тың ЖІӨ-інің екінші тоқсанда 3%-дан 3,3%-ға қайта қаралуы себеп болды, деп хабарлайды Bloomberg. Бұл өсімге тұрақты тұтынушылық сұраныс ықпал етті. Дегенмен, ол инфляцияға қатысты алаңдаушылықты да арттырып отыр. S&P 500 индексі 6500 тармақтан асты. Нарықты технологиялық акциялар, әсіресе Nvidia мен Dell, қолдады.

Инвесторлар назарын жұма күні жарияланатын жеке тұтыну шығындары индексіне (PCE) аударып отыр — бұл ФРЖ үшін негізгі инфляциялық көрсеткіш. Болжам бойынша базалық индекс 2,9%-ға жетіп, соңғы бес айдағы ең жоғары деңгейге көтерілуі мүмкін. Көрсеткіш күткендегіден төмен болса, қыркүйекте пайыздық мөлшерлеме төмендейді деген үміт артады. Олай болмаған жағдайда, Уолл-стриттегі оптимизм су сепкендей басылады.

Екі жылдық мемлекеттік облигациялардың табыстылығы 3,63%-ға дейін өсті. Қаржы нарығы жыл соңына дейін ФРЖ екі мәрте мөлшерлемені төмендетеді деп болжауда. Сарапшылар нарықтың қазірдің өзінде қыркүйектегі жұмсартуды бағаларға енгізіп қойғанын айтады. Алайда өсу жалғасуы үшін инфляция деректері шешуші рөл атқарады. Көптеген сарапшылар «бұқалық нарық» әлі де тұрақты деп санайды — оны тек рецессия сынды күрт өзгеріс тоқтата алады.

Dell акциялары болашақтағы әлсіз болжамнан кейін құлдырады

Dell Technologies екінші тоқсандағы табысы мен кірісі сарапшылар күткеннен жоғары болғанына қарамастан, үшінші тоқсанға жасаған көңіл көншітпейтін болжамнан кейін акциялары 5%-дан астамға төмендеді, деп хабарлайды CNBC. Компания түзетілген табысын $2,32 деп жариялады (күтілгені — $2,30), ал кірісі $29,78 млрд болды (күтілгені — $29,17 млрд). Dell жылдық болжамын да көтерді — енді $107 млрд кіріс және бір акцияға шаққанда $9,55 табыс күтілуде.

Алайда үшінші тоқсанға болжам: EPS $2,45, бұл нарықтық күткен деңгейден ($2,55) төмен. Ал $27 млрд көлеміндегі кіріс болжамы $26,1 млрд болжамнан жоғары. Dell бұл маусымдық себептермен байланысты екенін, әсіресе деректер сақтау сегментінде негізгі кірістің төртінші тоқсанға келетінін түсіндірді. Екінші тоқсанда жалпы кіріс 19%-ға өсті. Әсіресе, серверлер мен желілік жабдықтар (соның ішінде AI серверлері) 69%-ға ұлғайып, $12,9 млрд-қа жетті.

Компания соңғы екі тоқсанда $10 млрд көлемінде AI серверін жеткізгенін және 2026 қаржы жылында бұл көрсеткішті $20 млрд-қа жеткізуді жоспарлап отыр. Дегенмен, деректерді сақтау кірісі 3%-ға қысқарып, $3,86 млрд болды (болжам — $4,1 млрд). Клиенттік шешімдер (ПК және т.б.) сату көлемі тек 1%-ға өсіп, $12,5 млрд болды. Dell осы тоқсанда $1,3 млрд акцияларды кері сатып алуға және дивидендтерге жұмсады.

Intel АҚШ үкіметінен $5,7 млрд инвестиция алды

Intel қаржы директоры Дэвид Зинсер компания АҚШ үкіметінен $5,7 млрд көлемінде қаржы алғанын растады, деп хабарлайды CNBC. Бұл қаражат Чип өндіруші компанияға қатысты Ақ үйдің 10% үлес сатып алуға деген шешімі аясында берілген. Алайда Ақ үй өкілі мәміле әлі келісу процесінде екенін және толық бекітілмегенін атап өтті.

Зинсер сондай-ақ компания сыртқы инвестициялар тарту арқылы чип өндіру бағытындағы литейлік бизнесін дамытқысы келетінін айтты. Бұл бағыт инвесторлар арасында алаңдаушылық тудыруда. Екінші тоқсанның жақсы нәтижелеріне қарамастан, Intel акциялары 8%-ға төмендеді.

Компания өз есебінде үкіметпен келісім кейбір инвесторлар, серіктестер және қызметкерлер тарапынан теріс реакция тудыруы мүмкін екенін ескертті. Сонымен қатар, мәміле саяси және қоғамдық назарды күшейтіп, сот істеріне де әкеп соғуы ықтимал.

Microsoft өз AI-моделін сынақтан өткізіп, OpenAI-дан тәуелділікті азайтуда

Microsoft компаниясы өзінің алғашқы ірі AI-моделі — MAI-1-preview-ті көпшілікке сынауға ұсынғанын хабарлады, деп жазады CNBC. Тест платформасы ретінде LMArena қолданылады, ал алдағы апталарда бұл модель Copilot көмекшісінің нақты сценарийлеріне енгізіле бастайды. Компания сондай-ақ әзірлеушілерге арналған ерте қол жеткізу формасын ашты.

Microsoft OpenAI-ға $13 млрд инвестиция салғанымен, енді бәсекелеске айналып келеді. OpenAI басқа бұлттық провайдерлермен жұмысын кеңейтіп жатыр. Microsoft компаниясы OpenAI-ды енді Amazon, Apple, Google және Meta сынды бәсекелестер қатарына қосып отыр.

MAI-1-preview — Microsoft ішінде толықтай оқытылған алғашқы базалық модель. Оны оқыту үшін шамамен 15 000 Nvidia H100 GPU және GB200 кластері қолданылды. Microsoft AI бөлімінің басшысы Мустафа Сулейман компанияның алдағы уақытта өз инфрақұрылымын дамытып, AI шешімдерін миллиардтаған пайдаланушыға жеткізуді көздейтінін мәлімдеді.

Etsy мен eBay акциялары АҚШ-тағы сауда «саңылауының» жабылуына байланысты құлдырады

Etsy мен eBay акциялары АҚШ үкіметінің «de minimis» ережесін алып тастауы нәтижесінде күрт төмендеді, деп хабарлайды MarketWatch. Бұл ереже бойынша $800-ге дейінгі тауарларды АҚШ-қа кедендік салықсыз кіргізуге болатын. Бұл жеңілдік мамыр айында Қытай үшін жойылған, енді басқа елдерге де тыйым салынды. Осы аптада Etsy акциялары 14%-ға, eBay — 6%-ға құлдырады. Ал Nasdaq индексі 1%-ға өсті.

Аналитиктер Etsy, eBay және Shopify-дың осы арнаға қатты тәуелді екенін атап өтуде. Компаниялар сатушыларға жаңа жағдайларға бейімделуге көмектесетінін айтты. eBay басшысы Джейми Янноне шығындар өсіп жатқанын мойындады, бірақ компанияның тұрақты екенін жеткізді.

Evercore ISI бағалауы бойынша, «de minimis» арқылы жеткізілетін тауар көлемі $65 млрд (АҚШ импортының 2%) құраған. Бұл шешім АҚШ экономикасына айтарлықтай әсер етпейді. Бірақ тұтынушылар, әсіресе төмен табысты үй шаруашылықтары, бағаның өсуін сезінуі мүмкін. Ақ үй бұл шаралар жалған тауарлар мен есірткі ағынын азайтады және бюджетке қосымша $10 млрд кіріс әкеледі деп сенеді.

Нарықтағы жағдай

  • Жапония: Topix –0,45%, Nikkei 225 –0,37%.

  • Оңтүстік Корея: Kospi –0,21%, Kosdaq –0,25%.

  • Австралия: S&P/ASX 200 –0,17%.

  • АҚШ фьючерстері: S&P 500 –0,11%, Nasdaq 100 –0,19%, Dow Jones –0,17%.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары