БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Талеб «ақ аққулар» қаупі бары туралы ескертті. Инвесторлар не істей алады?

Венера  Сайфутдинова

Венера Сайфутдинова

Oninvest тілшісі
Талеб «ақ аққулар» қаупі бары туралы ескертті. Инвесторлар не істей алады?

«Қара аққу» кітабының авторы Нассим Талеб инвесторларға АҚШ экономикасында жиналып қалған құрылымдық проблемаларға байланысты қор нарығы құлдырауынан сақтануды ұсынды. Талебтің ойынша нарық қазір «ақ аққуларды», яғни АҚШ-тың өсіп жатқан қарызы сияқты айқын әрі алдын ала көрінетін тәуекелдерді елемей отыр. Бұл факторлар қазіргі тоқтаусыз болып көрінетін нарық раллиін кенеттен тоқтатуы мүмкін, деп жазады Bloomberg.

Егжей-тегжейлі

Америкалық индекстер жаңа рекордтар орнатып, корпоративтік табыс өскеніне қарамастан, шын қауіп күтпеген жағдайдан емес, көзге көрінетін тәуекелдерден — «ақ аққулардан» келеді, деді Universa Investments хедж-қорының құрметті ғылыми кеңесшісі Нассим Талеб сәрсенбіде Гринвичтегі экономикалық форумда. Bloomberg Талебтің сөзін келтірді.

Көпшілік осы «ақ аққуларды» елемейді, тек кеш болған кезде ғана байқайды. Талебтің айтуынша АҚШ қарызының өсуіне байланысты болжанған және көрінетін дағдарыспен қазірдің өзінде бетпе-бет келген. Тек күтпеген ауқымды оқиға жағдайды өзгертеді деп есептейді.

«Біз қашып құтылу мүмкін емес бір жағдайға — қарыз дағдарысына қарай бет алып барамыз. Егер ғажайып бір нәрсе болмаса, бұл тұйықтан шығу қиынға соғуы мүмкін. Қарызды өтеу мемлекеттің ең үлкен шығынына айналса — бұл қауіпті белгі. Мұндай жағдайда кім болса да — жеке адам, компания не мемлекет — бәрі қиындыққа тап болады», — деді Талеб Bloomberg-ке.

Тағы қандай «аққулар» болуы мүмкін

Тағы бір айқын тәуекел, Талебтің пікірінше, АҚШ-тың шетелдік мамандарға тәуелділігінде. Қыркүйекте АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі H-1B визасын рәсімдеу құнын он еседен астам арттырып, $100 000-ға жеткізді. Бұл арнайы жоғары білікті мамандарға арналған жұмыс визасы. Оны негізінен ірі технологиялық компаниялар пайдаланады. Талеб Трамптың бұл визаларға қатаң көзқарасы экономикалық өсімді баяулатуы мүмкін екенін айтты.

«Мұндай визаларды адамдарға төлеу керек еді», — деді ол. Мигрант ағымдары қысқарса, инновация мен өсу жылдамдығына әсері тез көрінеді, ескертті Талеб.

Талебтің айтуынша қазіргі жағдайда жаңа «қара аққу» — яғни күтпеген әрі сирек болатын оқиға — тек жақсы жаңалық болуы мүмкін.

«Мен үшін бүгінгі «қара аққу» — бізді мына тығырықтан бір сәтте шығарып алатын ғажайып. Қарыз мәселесін түкке тұрғысыз ететін бір керемет. Бірақ көкжиектен ондай ештеңе көрінбей тұр», — деді ол.

Талебтен «мұндай ғажайыпты жасанды интеллект әкеле ала ма?» деп сұрағанда, ол сақтықпен жауап берді:

«Мүмкін, ЖИ көмектесуі мүмкін. Бірақ технологиялардың өз қаупі бар — сол сирек, бірақ күйреткіш оқиғалар, мен «қара аққулар» деп атайтын құбылыстар да осыдан туындауы мүмкін», — деді экономист.

«ЖИ пайдасымен қатар қауіп те тудырады. Бұрын технологиялар адамның еңбегін жеңілдетіп, оны жоғары деңгейге көтеретін. Ал қазір керісінше — жақсы мамандардың өздері жұмысынан айырылуы мүмкін. Сондықтан ЖИ бір мезетте әрі көмек, әрі қауіп», — деді ол.

Инвесторларға не істемек керек?

Талеб басқаратын Universa Investments қоры акцияларға әлі де оң көзқарас танытуда, бірақ ол сақтықты ұмытпауға шақырды:

«Нарықтағы шамадан тыс оптимизм мен міндетті түрде хедж жасау қажеттілігі қатар жүруі керек», — деді ол.

«Қаржыны басқарудың мәні — дәл осы тепе-теңдікте. Егер сіз дағдарыстарды бастан өткермесеңіз, ешқашан шын табысқа жете алмайсыз», — деп түйіндеді Талеб.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары