«Тамаша сәттегі тамаша инвестиция»: алтын нарығындағы көпіршік жарылып кетпей ме?

Алтын бағасының өсуі 2025 жылы 36-рет рекорд жаңартып, қаржы сарапшылары оның нарығында көпіршік (баға шамадан тыс көтерілген жағдай) қалыптасып келе жатыр ма деген сұрақ қоя бастады, деп жазады MarketWatch. Алайда Уолл-стриттегі барлық экономистер қымбат металлдың бұл раллиі (жедел бағалық өсімі) тым артық кетті деп ойламайды.
Егжей-тегжейлі
Алтын бағасы 2023 жылдың ортасынан бері үздіксіз өсіп келеді. Көптеген инвесторлар оны «тамаша сәттегі тамаша инвестиция» деп санайды. Себебі алтын инфляция, валютаның құнсыздануы, қарыз тәуекелдері, әлеуметтік-экономикалық шиеленістер және геосаяси жанжалдармен байланысты үрей мен белгісіздік жағдайында актив ретінде басымдыққа ие, дейді MarketWatch басылымына берген пікірінде Winhall Risk Analytics сарапшысы әрі OptionMetrics қызметкері Бретт Фридман.
Фридманның айтуынша, алтын — «апаттардан сақтандырғысы келетіндерге арналған керемет құрал». Ол металға деген қызығушылық жоғары, және бұл — соңғы жылдардағы оның әсерлі бағалық өсуіне байланысты заңды құбылыс. Алайда сарапшының пайымынша, бұл алтын нарығында көпіршік бар немесе қалыптасып жатыр дегенді білдірмейді.
Қаржы нарығындағы көпіршіктерді нақты анықтау өте қиын. Олар көбінесе тек өткен уақытпен бағалағанда ғана айқын болады. Бірақ опциондар нарығы тұрғысынан қарағанда, қазіргі алтын нарығында «нағыз көпіршіктерге тән жоғары құбылмалылық пен дүрліккен мінез-құлық» байқалмайды, дейді Фридман.
«Керісінше, алтын агрессивті және тұрақты өсу фазасында тұр», — деп жазды ол.
«Идеал дауыл» жағдайы
BullionVault зерттеулер бөлімінің директоры Эдриан Эш алтын мен күміс бағасын өсіретін факторлар «идеалды дауыл» жағдайында» қалыптасып жатқанын айтады.
«Америкада ішкі қайшылықтар мен саяси зорлық-зомбылық ушығып бара жатқанда, АҚШ Федералды резервінің мөлшерлемені төмендетуі НАТО мен Ресей арасындағы шиеленіспен қатар жүруде. Мұның бәрі алтын мен күмісті қорғаныс активі ретінде тартымды етеді», — дейді ол.
Сондай-ақ, ол Батыс елдерінің Газа соғысынан бастап Қытайдың жаһандық амбицияларына деген көзқарасқа дейінгі көптеген мәселелер бойынша ортақ ұстанымын жоғалтып отырғанын да атап өтті — бұл да бағалы металдарға сұранысты арттырып отыр.
Teucrium инвестициялық компаниясының басқарушы директоры және портфельдік менеджері Джейк Хэнли алтын бағасы 1 қыркүйектен бері техникалық тұрғыда «сау бұқалық трендте» екенін айтты.
Бұл тренд инфляцияға қатысты алаңдаушылық пен геосаяси қатерлердің күшеюімен негізделіп отыр.
Сарапшы атап өткендей, алтын бағасының осы аптада өсуіне себеп болатын айтарлықтай жаңалық болмаған.
Контекст
2025 жылы алтын 45 жылдағы ең үздік өсу қарқынын көрсетіп, 40%-дан астамға қымбаттады.
22 қыркүйекте бағалы металлға арналған фьючерстердің құны $3750, ал құйма алтын бағасы бір трой унциясына $3700-ден асты.
Алтынмен қамтамасыз етілген ETF қорларына капитал ағымы үш жыл ішіндегі ең жоғары деңгейге жетті. Сонымен қатар әлем елдерінің орталық банктері де алтын қорын ұлғайтып жатыр.
Yahoo Finance басылымының жазуынша алтын бағасының өсуіне АҚШ долларының әлсіреуі де әсер етті — алтын бағасы доллармен белгіленетіндіктен, валюта арзандаса, алтын қымбаттайды. 2025 жылдың басынан бері доллардың индексі (оны басқа валюталарға қатысты өлшейтін көрсеткіш) шамамен 10%-ға төмендеген.








