БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Таңғы шолу: АҚШ-та шатдаун, Nvidia рекорды, Баффет мәмілесі, Дуровтың улану оқиғасы

Таңғы шолу: АҚШ-та шатдаун, Nvidia рекорды, Баффет мәмілесі, Дуровтың улану оқиғасы

АҚШ-та бірнеше жылдан кейін алғаш рет шатдаун басталды. Макроэкономикалық статистика жариялау тоқтатылды, мемлекеттік қызметкерлер жаппай мәжбүрлі демалысқа жіберілді. Berkshire Hathaway $10 млрд-қа OxyChem-ді сатып алуға дайындалуда — бұл соңғы жылдардағы ең ірі мәмілелердің бірі. Nvidia OpenAI-мен келісімдер және ЖЖ-инфрақұрылым шығындарының артуы арқасында капитализациясын $4,5 трлн-нан асырып, рекорд орнатты. Осы және басқа да тақырыптар жөнінде 1 қазан таңындағы шолуымызда.

АҚШ жаңа шатдаунға кірді

АҚШ-та сәрсенбіге қараған түні Сенаттағы дауыс берулердің сәтсіздікке ұшырауы және Дональд Трамппен келіссөздердің тоқтауынан кейін бірнеше жылдан бергі алғашқы федералдық шатдаун басталды, деп хабарлайды Yahoo Finance. Федералдық ведомстволар жұмысты тоқтату жоспарларын іске қосуда: жүз мыңдаған қызметкер жалақысыз мәжбүрлі демалысқа жіберілді, жұмыспен қамту жөніндегі есепті қоса алғанда негізгі экономикалық деректердің жариялануы кейінге қалдырылды.

Әлеуметтік төлемдер мен пошта қызметі жұмысын жалғастырады, бірақ әуежайлар мен басқа салаларда іркілістер болуы мүмкін, деп нақтылайды агенттік.

Өз кезегінде Трамп мемлекеттік құрылымдардың жұмысын қайта қарау қажеттігін меңзеп «тоқтатулардан көп жақсылық шығуы мүмкін», деп мәлімдеді, .

Сонымен қатар АҚШ-та жаңа тарифтер күшіне енді. Бірқатар фармөнімдерге 100%-дық, ауыр жүк көліктеріне 25%-дық кедендік алым енгізілді. Алдағы апталарда оларға ағаш, жиһаз және шетелдік фильмдерге баж салығы қосылуы ықтимал.

Berkshire Alleghany-ден кейінгі ең ірі мәмілеге дайындалуда

Уоррен Баффет басқаратын Berkshire Hathaway Occidental Petroleum компаниясының мұнайхимия бөлімшесі OxyChem-ді шамамен $10 млрд-қа сатып алуға жақын, деп жазады Wall Street Journal. Бұл 2022 жылы $11,6 млрд-қа Alleghany сақтандыру компаниясын сатып алғаннан бергі ең ірі мәміле болмақ. Газеттің еске салуынша, қазір Berkshire-тің қолында $344 млрд көлемінде рекордтық қолма-қол қаражат бар.

95 жастағы Баффет осы жылдың соңында Berkshire-тің CEO қызметінен кетіп, директорлар кеңесінің төрағасы ретінде қалады. Оның мұрагері Грег Абель — компанияның энергетикалық бөлімшесінің бұрынғы басшысы және саладағы терең білімімен танымал. Соған қарамастан, сейсенбі күні Occidental акциялары 1,8%-ға төмендеді.

Berkshire қазіргі уақытта Occidental-дың $11 млрд-тан астам сомаға 28,2% акциясына иелік етеді. Басылым атап өткендей, Баффет бұл компанияға бұрыннан сенім артып келеді. 2019 жылы ол Anadarko-мен мәмілесін қолдады, ал 2022 жылы нарықтағы турбуленттілік кезінде акцияларды белсенді сатып алған.

Nvidia-ның капитализациясы $4,5 трлн-нан асты

Сейсенбі күні Nvidia акциялары шамамен 3%-ға өсіп, компанияның нарықтық капитализациясын $4,5 трлн-нан асырды, деп хабарлайды CNBC. Жыл басынан бері қағаздар шамамен 39%-ға қымбаттады, бұл Nvidia-ның әлемдік ЖЖ-бумының орталығындағы көшбасшылығын айқындады. Citi мақсатты баға деңгейін $210-ға көтеріп, OpenAI жобаларынан кейін инфрақұрылым шығындарының жеделдеуін атап өтті.

Өткен аптада OpenAI Nvidia компаниясы оған $100 млрд-қа дейін инвестиция салып, жүздеген миллиард долларға деректер орталықтарын салатынын жариялады. Бұдан бөлек, OpenAI және Oracle Stargate жобасы аясында құны $500 млрд болатын бес алып деректер орталығын салуды жоспарлап отыр, олар жүздеген мың Nvidia GPU-ларымен жабдықталады. Генеральды директор Дженсен Хуанның айтуынша, компания өнімдері жаңа ЖИ-орталық құнының шамамен 70%-ын құрайды.

Nvidia тек OpenAI-дан ғана емес, Meta мен Google-дың да қуаттарға шығындарын күрт арттыруынан ұтады. Nvidia-ның серіктесі CoreWeave Meta-мен $14,2 млрд-қа келісім жасады.

Alphabet соңғы 20 жылдағы ең ірі тоқсандық өсімді көрсетті

Bloomberg дерегінше, Alphabet акциялары тоқсанды 38% өсіммен аяқтады — бұл 2005 жылдан бергі ең үздік нәтиже. Жыл басынан бері қағаздар шамамен 30%-ға қымбаттады, бұл Nasdaq 100 индексінің өсімінен (+17%) әлдеқайда жоғары. Компанияның капитализациясы қысқа уақыт ішінде $3 трлн-нан асып, қазір шамамен $2,93 трлн деңгейінде тұр.

Инвесторлардың оптимизмі антимонополиялық шешімнен кейін күшейді — онда Chrome браузерін сатуды қоса алғандағы ең қатаң шаралардан аулақ бола алды. Қосымша серпін тоқсандық есептерден келді: ЖЖ өнімдеріне сұраныс сатылымды қолдап отыр. Alphabet сондай-ақ ЖЖ-режимдегі визуалды іздеуді іске қосты, ал The Information-ның хабарлауынша Meta компаниясымен жарнамаға арналған ЖЖ-модельдерді пайдалану жөнінде келіссөздер жүріп жатыр.

Павел Дуров улану әрекеті туралы айтты

Telegram негізін қалаушы Павел Дуров 2018 жылдың көктемінде өзін улауға әрекет жасалғанын айтты, деп хабарлайды ол Лекс Фридманның подкастында берген сұхбатында. Миллиардердің сөзінше оны көршісі жасауы мүмкін: «үй есігінің алдына бірдеңе қалдырып кеткеннен кейін» жағдайы күрт нашарлап, «денесі икемге келмей, қатты ауыра бастаған». «Өмірімімде алғаш рет өлетіндей сезіндім», — деді ол.

Дуров ол кезде болған жағдайды командасына хабарламағанын айтты, өйткені оларды алаңдатқысы келмеген. Ол уақытта команда TON криптовалютасына қаржы тартумен айналысып жатқан, ал бірнеше ел Telegram-ды бұғаттауға әрекет жасап жатқан еді.

Тайвань АҚШ-тың 50/50 чип өндіру ұсынысын қабылдамады

Тайвань жартылай өткізгіштер өндірісін «елу де елу» бөлу туралы АҚШ ұсынысымен келіспейтінін вице-премьер Чэн Личжюнь Вашингтондағы келіссөздерден кейін айтты, деп хабарлайды Yahoo Finance. Ол мұндай тақырып талқыланбағанын және Тайбэй мұндай міндеттемелер алмайтынын атап өтті.

Қазіргі уақытта АҚШ тайвандық экспортқа 20%-дық тариф енгізіп отыр, келіссөздер оны азайтуға бағытталған.

TSMC Аризонада $165 млрд-қа зауыт салып жатқанына қарамастан, негізгі өндіріс аралда қала береді, себебі әлемдік келісімшарттық чип өндірісінің өзегі осында шоғырланған, деп жазады агенттік. Тайвань АҚШ-та тиімдірек тарифтік режимге үміт артады, бірақ вице-премьер «толыққанды консультациялар» белгілі бір ілгерілеу әкелгенін, алайда нақты егжей-тегжейлерді ашпағанын айтты.

Нарықтағы ахуал

— Жапонияның кең Topix индексі 1,4%-ға төмендеді, Nikkei 225 — 0,9%-ға құлдырады.

— Оңтүстік Кореяда Kospi индексі 0,8%-ға, шағын компаниялар индексі Kosdaq 0,4%-ға өсті.

— Австралияның S&P/ASX 200 индексі 0,2%-ға төмендеді.

— Nasdaq 100 фьючерстері 0,6%-ға, S&P 500 — 0,5%-ға, Dow Jones Industrial Average — 0,4%-ға арзандады.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары