БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Таңғы шолу: АҚШ үкіметі жұмысын қайта бастады, BP Castrol-ды сатпақ

Ангелина Клейменова

Ангелина Клейменова

Таңғы шолу: АҚШ үкіметі жұмысын қайта бастады, BP Castrol-ды сатпақ

АҚШ-та ел тарихындағы ең ұзақ, 43 күнге созылған шатдаун аяқталды. Бұл оқиға ел экономикасына айтарлықтай залал келтіріп, келесі бюджеттік келіссөздер алдында саяси шиеленісті күшейтті. Ал BP компаниясы $8 млрд көлемінде маңызды активін, Castrol брендін сату туралы келіссөздер жүргізіп жатыр. Осы және өзге де маңызды жаңалықтар 13 қараша таңындағы негізгі шолуда.

Трамп шатдаунды тоқтату туралы заңға қол қойды

Дональд Трамп 43 күнге созылған рекордтық шатдаунды аяқтайтын заңға қол қойды, деп хабарлайды Bloomberg. Үкіметтің тоқтауы әлеуметтік көмек бағдарламаларының, экономикалық статистика жарияланымдарының және мыңдаған әуе рейстердің уақытша тоқтауына себеп болған еді. Енді үкімет қайта жұмысын бастайды, бірақ қалпына келу үдерісі бірнеше аптаға созылуы мүмкін. Мемлекеттік агенттіктер мен штаттар азық-түлік купондары мен өзге де бағдарламалардың қайта іске қосылуында кідірістер болатынын ескертті. Bloomberg-тің мәліметінше Конгресс бюджеттік басқармасының есебі бойынша шатдаун АҚШ-тың ІЖӨ өсімін осы тоқсанда 1,5 пайыздық тармаққа тежеген.

Саяси тартыс республикашылдардың 30 қаңтарға дейін уақытша қаржыландыруға келісуімен аяқталды, алайда олар демократтардан Obamacare бағдарламасын ұзарту бойынша басты жеңілдіктерді ала алмады. Бұл жағдай демократтардың өз ішінде де алауыздық тудырды: кейбір сенаторлар ымыраны қолдап, партияның прогрессивті қанатының наразылығына ұшырады. Денсаулық сақтау және бюджет құрылымы мәселелері шешілмегендіктен, жаңа саяси қақтығыстар қаңтарда қайта жалғасуы мүмкін.

BP Castrol-ды $8 млрд-қа сатуы мүмкін

Reuters-тің хабарлауынша BP компаниясы Castrol брендин сату туралы Stonepeak инвестициялық фирмасымен келіссөздер жүргізіп жатыр. Актив шамамен $8 млрд-қа бағаланған. Бұған дейін Stonepeak және One Rock компаниялары сатып алу туралы өтініш білдірген, бірақ екінші үміткермен келіссөздер жалғасып жатыр ма, әзірше белгісіз.

Castrol-дың сатылуы BP-ның $20 млрд көлеміндегі дивестициялық және реструктуризациялық жоспарының бөлігі саналады. Компания соңғы уақытта «жасыл» жобалардан фокусын азайтып, кірістілікті арттыру бағытына бет бұрған. Агенттік дереккөздерінің айтуынша активке қызығушылық жоғары. Castrol-ды сату BP-ның құрылымын жеңілдетуге, мұнай-газ бизнесінен түсетін табысты арттыруға және шығындарды қысқартуға бағытталған қадамдардың бірі болып отыр. Бұл шешімге, сондай-ақ, белсенді инвесторлар қысы, соның ішінде Elliott қорының талаптары да әсер етті.

Cisco ЖИ-сұраныс аясында болжамнан жоғары нәтиже көрсетті

CNBC-дің хабарлауынша Cisco компаниясы тоқсандық есеп бойынша болжамды асырып түсті: табыс 8%-ға өсіп, $14,88 млрд-қа жетті, ал акцияға шаққандағы пайда $1 болды (күтілгені — 98 цент). Өсімге негізінен 15%-ға ұлғайған негізгі желілік бизнес түрткі болды. Компания өз стратегиясын жасанды интеллектке бағытталған инвестициялармен байланыстырып отыр: ірі бұлттық клиенттерден ЖИ-инфрақұрылымға тапсырыстар көлемі $1,3 млрд-қа жеткен.

Екінші тоқсанда Cisco табысты $15,2 млрд деңгейінде болжауда, бұл нарық консенсусынан жоғары көрсеткіш. Компания желілік шешімдерді жаңарту есебінен өсімнің жалғасуын күтеді. Дегенмен, қауіпсіздік пен коллаборация бағыттарындағы сатылымдар әлсіз болып, аналитиктердің болжамынан төмен түсті. Жылдың қорытындысы бойынша Cisco жалпы табыс болжамын $61 млрд, ал акцияға шаққандағы пайданы $4,14 деңгейінде көтерді.

Сингапур цифрланған мемлекеттік облигацияларды сынақтан өткізеді

Yahoo Finance-тің хабарлауынша, Сингапурдың орталық банкі (MAS) келесі жылы қысқа мерзімді мемлекеттік облигациялардың (MAS bills) цифрлық нұсқаларын сынақтан өткізуді және стейблкоиндарды реттеу туралы заң жобасын ұсынуды жоспарлап отыр. MAS басшысы мұндай активтердің танымалдылығы артып келе жатқанын, бірақ жаппай таралмағанын атап өтті. Сондықтан жаңа ережелер резервтердің сенімділігі мен айырбастау кепілдігіне баса назар аударады.

Сондай-ақ MAS BLOOM бастамасы аясында реттелетін стейблкоиндар мен токенделген банктік міндеттемелерді жылдам әрі қауіпсіз есеп айырысулар үшін қолдану мүмкіндіктерін сынап көруді жалғастыруда. Сингапурдың үш ірі банкі — DBS, OCBC және UOB — орталық банктің цифрлық валютасын (CBDC) пайдалана отырып, алғашқы түнгі (overnight) несиелік операцияларын жүзеге асырды. Енді MAS сынақ аясын кеңейтіп, токенделген MAS bills бойынша есеп айырысуларды да қамтиды. Осы аптада токенделген қаржы құралдарын реттеу жөніндегі нұсқаулық жарияланып, Сингапур бұл салада халықаралық үйлестіруді жеделдетпек.

Нарықтағы жағдай

— Жапонияның кең ауқымды Topix индексі 0,54%-ға, ал Nikkei 225 — 0,28%-ға өсті.

— Гонконгтың Hang Seng индексі өзгеріссіз қалды, ал Қытайдың құрлықтық CSI 300 индексі 0,85%-ға көтерілді.

— Оңтүстік Кореяда Kospi индексі 0,51%-ға, ал Kosdaq — 1,15%-ға артты.

— Австралияның S&P/ASX 200 индексі 0,52%-ға төмендеді.

— S&P 500 және Dow Jones фьючерстері шамамен 0,2%-ға, ал Nasdaq Composite бойынша келісімшарттар 0,3%-ға өсті.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары