Таңғы шолу: Aramco пайдасы, Starbucks стратегиясын өзгертті, OpenAI келісімі

OpenAI Amazon Web Services-пен (AWS) 38 млрд долларлық келісімге қол қойып, өзінің инфрақұрылымын әртараптандырып, Microsoft-қа тәуелділігін азайта бастады. Saudi Aramco мұнай өндірісінің артуы есебінен табысын 0,9%-ға өсіріп, 28 млрд долларға жеткізді. 4 қараша таңына арналған негізгі оқиғалар шолуын оқи отырыңыздар.
Aramco табысын арттырды: өндіріс өсті, жасанды интеллектке инвестиция жасалуда
Әлемдегі ең ірі мұнай компаниясы Saudi Aramco 2025 жылдың үшінші тоқсанында табысын 0,9%-ға өсіріп, 104,9 млрд сауд риалына ($28 млрд) жеткізгенін хабарлады, деп жазады CNBC. Бұл сарапшылар болжамынан жоғары нәтиже болды. Компанияның табысы 418 млрд риалға жетті — мұнай өндіру көлемінің өсуі мен қосымша шығындардың аз болуына байланысты.
Сонымен қатар Aramco базалық дивидендтер ретінде $21,1 млрд, ал қосымша ретінде $0,2 млрд төлем жасайтынын айтты — қаражат төртінші тоқсанда үлестіріледі.
Дегенмен, Brent және WTI маркаларының бағасы жыл басынан бері 12–16%-ға төмендеп, компанияға белгілі бір қысым көрсетіп отыр. Осы аптада мұнай бағасын OPEC+ шешімі қолдады: желтоқсанда өндірісті аздап арттырғанымен, 2026 жылдың бірінші тоқсанында квоталарды көбейтуге уақытша үзіліс жасайды.
OpenAI AWS-пен тарихтағы ең ірі келісім жасады — $38 млрд
OpenAI Amazon Web Services-пен 38 млрд долларлық бұлттық инфрақұрылымды сатып алу туралы келісімге келді, деп хабарлайды CNBC. Бұл — компанияның AWS-пен алғашқы ірі серіктестігі және Microsoft-пен эксклюзивті байланысты әлсіретудің маңызды қадамы.
Келісім аясында OpenAI АҚШ-тағы жүздеген мың Nvidia GPU-ларын AWS арқылы пайдалануды бастайды, әрі болашақта бұл қуат кеңейтіледі.
OpenAI бұл серіктестікті инфрақұрылымды әртараптандыру стратегиясының бір бөлігі ретінде қарастырады: бұған дейін компания Oracle және Google-пен де келісім жасаған. Сэм Альтманның сөзінше AWS-пен жұмыс «жасанды интеллекттің келесі дәуіріне қажет сенімді әрі ауқымды есептеу ресурстарын» береді.
Palantir табыс болжамын $4,4 млрд-қа дейін көтерді
Palantir Technologies 2025 жылға арналған табыс болжамын $4,4 млрд-қа дейін арттырды. Үшінші тоқсанда компания сатылымды 63%-ға өсіріп, $1,18 млрдқа жеткізді — бұл сарапшылар күткеннен жоғары.
Алайда инвесторларды компанияның рекордтық — $488 млрд-тық капитализациясы мен акция мультипликаторының 85 деңгейіне жетуі (S&P 500-дегі ең жоғары көрсеткіш) алаңдатып отыр, деп жазады Bloomberg.
Palantir басшысы Алекс Карп компанияның «бас айналдырар биікте» тұрғанын мойындады, бірақ «софтвер индустриясы тарихындағы ең мықты нәтижелерді көрсетіп жатқанын» атап өтті. АҚШ-та бизнес айрықша қарқынмен өсуде: коммерциялық клиенттерге сатылым 121%-ға, мемлекеттік секторға — 52%-ға артқан. Ал Еуропада өсім баяу — Карп мұны «тоқырау» деп сипаттады.
Starbucks Қытайдағы бизнестің 60% үлесін сатады
Starbucks Қытайдағы еншілес компаниясының 60% үлесін Boyu Capital инвестициялық қорына сату туралы шешім қабылдады, деп жазады Yahoo Finance. Келісім құны — шамамен $4 млрд. Сатудан кейін Starbucks 40% үлесті сақтап қалады және Қытайдағы барлық операцияларының жалпы құны $13 млрд-тан асады деп күтеді.
CEO Брайан Николдың айтуынша Boyu Capital-дың жергілікті нарықты терең түсінуі Starbucks-қа шағын қалалар мен жаңа аймақтарға кеңеюді жеделдетуге көмектеседі. Қазір компанияның Қытайда 8011 кофеханасы бар, ал ұзақмерзімді мақсат — 20 000-ға жету.
Бұл — 2017 жылы Starbucks Қытайдағы бизнесті толық өзіне қайтарғаннан кейінгі алғашқы стратегиялық өзгеріс. Енді компания қайтадан серіктестік үлгісіне оралады, бірақ бренд пен басқару құқығын өз қолында сақтайды.
Нарықтардағы ахуал
— Жапонияда Topix индексі 0,4%-ға, Nikkei 225 — 0,7%-ға төмендеді.
— Гонконгтың Hang Seng — 0,9%-ға, Қытайдың материктік CSI 300 индексі — 0,7%-ға құлдырады.
— Оңтүстік Кореяда Kospi 2,3%-ға түсті, ал Kosdaq 1,5%-ға өсті.
— Австралияның S&P/ASX 200 индексі 0,9%-ға төмендеді.
— S&P 500 фьючерстері — минус 0,9%, Nasdaq 100 — минус 1,2%, Dow Jones Industrial Average — 0,6%-ға азайды.








