Palantir тарихындағы ең табысты тоқсан: Уолл-стрит компанияға неге сенбейді?

Әскери және азаматтық мақсаттарға арналған жасанды интеллектіні әзірлейтін Palantir тарихындағы ең табысты қаржылық нәтижесін жариялады. Компанияның табысы 63% өсті, бұл сарапшылардың күткенінен асып түсті және жылдық болжамды көтеруге мүмкіндік берді. Алайда, Уолл-стрит сарапшылары жылдың басынан бері акциясы 170%-дан астам қымбаттаған компанияға сенбейді.
Егжей-тегжейлі
Palantir 3 қарашада өз тарихындағы ең табысты қаржылық нәтижесін жариялады, деп жазады MarketWatch. Әзірлеушінің табысы үшінші тоқсанда алғаш рет $1,18 млрд болып, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 63% жоғары болды. Yahoo Finance мәліметінше, Уолл-стриттің консенсус-болжамы — $1,09 млрд еді. Акцияға шаққандағы түзетілген пайда 110% өсіп, рекордтық $0,21 құрады. Сарапшылар $0,17 күтті.
Негізгі өсім драйвері АҚШ-тағы қызметі болды: үкіметтік келісімшарттардан түскен табыс 52% артып, $486 млн-ға жетті (Уолл-стрит $471 млн болжады), ал азаматтық коммерциялық шешімдердің сатылымы жылдық мәнде 121% өсіп, $397 млн-ға жетті — бұл күтілген $342 млн-нан көп.
MarketWatch хабарлауынша, Palantir ішкі нарықты басым бағыт ретінде қарастырады — ол қазір жалпы табыстың 75%-ын қамтамасыз етіп отыр, деді компанияның табыс және заң мәселелері жөніндегі директоры Райан Тейлор.
Palantir ағымдағы тоқсанда табыс $1,3 млрд-тан сәл жоғары болады деп күтеді, ал Bloomberg сауалнамасына қатысқан сарапшылар шамамен $1,2 млрд болжам жасаған. Компания түзетілген операциялық пайданы $695–699 млн диапазонында болжайды — бұл күтілген $575 млн-нан әлдеқайда жоғары, деп жазды Yahoo Finance. Сондай-ақ Palantir жылдық табыс болжамын $4,15 млрд-тан $4,4 млрд-қа дейін көтерді.
3 қараша кешкісін есеп жарияланғаннан кейін Palantir акциясы кеңейтілген саудада бір сәтке 7%-ға дейін қымбаттап, кейін импульсін жоғалтып, төмендей бастады.
Уолл-стриттің күмәні мен инвесторлардың сенімі
MarketWatch дерегінше, FactSet-ты қадағалайтын сарапшылардың тек 24%-ы ғана Palantir акциясын сатып алуды немесе соған тең рейтингті берді. Сарапшыларды компанияның мемлекеттік келісімшарттарға тәуелділігі (соның ішінде шатдаун қаупі аясында) және бағалануының тым жоғары болуы алаңдатады. Bloomberg мәліметінше, 31 қазан жағдайында Palantir акциясы алдағы 12 айға болжанған табысқа қатысты 85 еселік мультипликатормен саудаланған — бұл Palantir-ді S&P 500 индексіндегі ең қымбат компания етеді. Ал форвардтық P/E коэффициенті (нарықтық капитализацияның осы жылға күтілетін шоғырланған пайдаға қатынасы) 253 деңгейінде — бұл сектордағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
Дегенмен, Palantir бөлшек инвесторлардың адал базасына сүйенеді. Бас директор Алекс Карп бұл факторды компанияны басқа бағдарламалық жасақтама өндірушілерінен ерекшелейтін басты айырмашылық деп атады. «Бүгінде Америкада біздің нәтижелерімізге ең қатты қуанатындар — қарапайым америкалықтар», — деді ол MarketWatch-қа берген түсініктемесінде. Акционерлерге жолдаған хатында Карп: «Palantir бөлшек инвесторларға бұрын тек Пало-Альтоның ең табысты венчурлық капиталистеріне ғана қолжетімді болған кірістілікті алуға мүмкіндік берді», — деп атап өтті.
Citі сарапшысы Тайлер Рэдки есеп жарияланар алдында Palantir-дің өткен тоқсанда орнаған жоғары күтулерді ақтай ала ма деп күмәнданған еді. Ал табыс пен пайда бойынша болжамнан асып түсу компания өнімдеріне деген сұраныстың сақталып отырғанының айқын белгісі болды, деп жазды MarketWatch.








