Palantir-ге қарсы ставка жасаған инвесторлар неге жеңілді?

Әскери және азаматтық мақсатқа арналған AI әзірлеушісі Palantir акцияларының төмендеуіне бәс тіккен шортистер қысқа позицияларын жауып жатыр. 2024 жылдың қазанынан 2025 жылдың маусымына дейін компанияның қағаздары 300% қымбаттап, шортистер шамамен $7 млрд жоғалтты. Palantir акцияларына деген сұраныс әсіресе бөлшек инвесторлар тарапынан жоғары — олар AI-дың дамуы мен геосаяси шиеленіс тұсында компанияның табысы өседі деп сенеді. Сарапшылар акцияның бағасы жоғары деп есептегенімен, оған қарсы бәс тігуді қауіпті деп санайды.
Егжей-тегжейлі
Palantir акциясының төмендеуіне бәс тіккен инвесторлар жаппай қысқа позицияларын жауып жатыр, деп хабарлайды Bloomberg S3 Partners деректеріне сілтеме жасап. Мәліметке сай, мұндай ставкалардың үлесі қазандағы максимум 5%-дан 2%-ға дейін азайды. Осы уақыт ішінде жеке трейдерлердің қызығушылығы мен геосаяси шиеленіс әсерінен компанияның акция бағасы 300%-ға жуық шарықтады, ал шортистер шамамен $7 млрд залал шекті. Bloomberg дерегінше, акцияның өсуі төмендеуіне бәс тіккендердің барлық пайдасын толықтай жоққа шығарды.
Акциялардың жай-күйі
26 маусымда Palantir акциясы күрт өсті — бір сәтте $148-ден асты. Кейін бір бөлігі төмендесе де, рекордтық жабылу деңгейіне жақын қалды.
Жыл басынан бері компанияның акциялары екі есеге жуық қымбаттап, S&P 500 индексіндегі үздік динамиканың бірін көрсетті, деп жазады Bloomberg. Инвесторлар Palantir‑дің жасанды интеллект саласындағы жетістіктері мен Трамп әкімшілігінен алып жатқан мемлекеттік тапсырыстарына байланысты қағаздарды белсенді сатып алуда. Қазір Palantir акциясының бағасы болжанған табысынан 76 есе жоғары — бұл индекстегі ең жоғары көрсеткіш. Салыстыру үшін, AI чиптері нарығының көшбасшысы Nvidia‑да бұл көрсеткіш 17‑ге тең.
Жоғары бағасы мен тез өсуіне қарамастан, Palantir акциясы тұрақтылығын сақтап тұр, деп атап көрсетеді Bloomberg. Бұған Palantir өнімдеріне сұраныс қарқынды өседі деп сенетін жеке инвесторлардың қатты қызығушылығы себеп. Сарапшылардың болжамы бойынша, 2025–2026 жылдары компанияның табысы тиісінше 36% және 29% өседі — бұл Nasdaq 100 компаниялары арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
Palantir акциясы Interactive Brokers платформасындағы ең көп сатылатын қағаздардың қатарында, ал жеке инвесторлардың таза бөлшек сатып алуы бойынша Tesla мен Nvidia‑дан кейін үшінші орында тұр. Кейбіреулер оны тіпті нақты қаржылық көрсеткіштерден гөрі дүрлікке негізделген «мем-акцияларға» ұқсас деп есептейді.
Сарапшылар пікірі
Осындай қатты өсу тұсында Palantir-ге қарсы бәс тігу өте қауіпті, дейді Grizzle Investment Management президенті Томас Джордж. Оның айтуынша, «компания айналасындағы дүрлік аюлар ойлағаннан әлдеқайда ұзаққа созылуы мүмкін». Ол Bloomberg-ке берген сұхбатында: «Инвесторлар мұндай акцияларға қарсы ойнаймын деп талай рет ұтылды. Palantir қорғаныс технологиялары қарқынды дамитын салада жұмыс істейді, сондықтан соңғы жаңалықтар компания үшін оң перспектива ретінде қабылдануы мүмкін. Бірақ жоғары геосаяси шиеленіс Palantir-ге пайдалы болғанымен, мұндай жоғары бағасын толық ақтамайды. Көпшілік акцияны салқын есепке емес, көбіне эмоцияға сүйеніп алып жатыр», — деді.
«Palantir өте жоғары бағаланып тұр — бірақ бұл AI акциялар әлеміне тән құбылыс, — дейді Navellier & Associates басшысы және Palantir акционері Луи Навелье. — Қысқа мерзімде акцияларға қауіп аз, себебі қолжетімді барлау аналитикасына сұраныс жоғары, ал AI-ға деген қызығушылық әзірге әлсіремейді. Бірақ бағасы тым жоғары, сондықтан аюлар әлі де қайтып келеді. Олар әрқашан қайтып тұрады».
Жоғары баға Уолл-стриттегі Palantir-ге деген күмәннің басты себебі болып қала береді, дейді Bloomberg. $300 млрд-тан асатын нарықтық капиталы бар компаниялар үшін бұл сирек жағдай — сарапшылардың тек төрттен бірі ғана Palantir акциясын сатып алуды ұсынады (Buy немесе Overweight). Қалғандарының жартысынан көбі бейтарап ұстанымда, ал өзгелері сатуды ұсынады. Уолл-стриттің орташа мақсатты бағасы Palantir акциясының бір жыл ішінде 25% төмендейтінін көрсетеді — бұл Nasdaq 100 компаниялары арасындағы ең әлсіз перспектива, деп атап өтеді Bloomberg.








