Таңғы шолу: Азиядағы құлдырау, АҚШ-тағы серпіліс, мұнай, криптовалюта бағасының өсуі

АҚШ-тың қор нарығына қатысты фьючерстер аздап өсіп, өткен аптадағы құлдыраудың бір бөлігін қайтарды. Бұған Дональд Трамптың Қытайға қатысты риторикасын жұмсартуы себеп болды. Ол әлеуметтік желіде екі ел арасындағы қатынастардың «жақсы болатынын» жазды. Бұл мәлімдеме жұмадағы шиеленістен кейін жасалды — сол күні Трамп Қытай импортына 100% жаңа баж салығы енгіземін деп қорқытып, сәуірден бері АҚШ биржаларындағы ең ірі сатылымды және крипторыноктағы құлдырауды тудырған еді. Дүйсенбі күні Азия нарықтары айтарлықтай төмендеп ашылды, ал мұнай мен криптовалюта бағалары қайта қалпына келе бастады.
АҚШ фьючерстері көтерілді, ал Азия нарықтарында — жаппай сатылым
Yahoo Finance-тың мәліметінше АҚШ қор индексіне қатысты фьючерстер дүйсенбіге қараған түні ішінара қалпына келді. Трамп Truth Social платформасында Қытаймен қатынастарда «бәрі жақсы болады» деп жазып, Си Цзиньпинді «құрметті көшбасшы» деп атады және екі ел де «депрессияны қаламайды» деді.
— Dow Jones индексінің фьючерстері шамамен 0,9%-ға өсті, S&P 500 — 1,3%-ға, Nasdaq-100 — 1,8%-ға көтерілді.
Ал Азия-Тынық мұхит аймағында керісінше ірі сатылым жүріп жатыр:
— Гонконгтың Hang Seng индексі 3,4%, CSI 300 — 1,8%, Оңтүстік Кореяның Kospi — 2%-дан астам төмендеді.
Бұған дейін Қытай АҚШ тауарларына баж салығын 125%-ға дейін көтеріп, америкалық кемелер үшін жаңа порттық алым енгізді және Qualcomm компаниясына қарсы монополияға қарсы тергеу бастаған. Сонымен бірге, сирек жер металдарын экспорттауға шектеу қойды. Бұған жауап ретінде Трамп 1 қарашадан бастап Қытай импортына қосымша 100% баж салығын енгізетінін және Пекиннің «өте агрессивті сауда саясатын» айыптайтынын мәлімдеді.
Крипторынок қайта көтеріле бастады
Екі ірі экономиканың сауда соғысы салдарынан болған күрт құлдыраудан кейін криптовалюталар да біртіндеп қалпына келе бастады. Bloomberg-тің CoinGecko деректеріне сілтеме жасай отырып хабарлауынша крипторыноктың жиынтық капитализациясы 6%-дан астам өсіп, 4 трлн доллардан асты.
— Биткоин бағасы $105 000-нан төмендегеннен кейін $115 000 деңгейіне дейін көтерілді,
— Ethereum шамамен $4100 деңгейіне оралды.
Сарапшылардың пікірінше нарықтағы ралли Трамптың келісімшіл мәлімдемесіне байланысты, бірақ тәуекелдер әлі де жоғары. Сауда соғысына қатысты кез келген жаңа мәлімдеме немесе шаралар криптонарықта жаңа толқулар тудыруы мүмкін.
Мұнай бағасы Трамптың Қытаймен келісімге дайындық белгісінен кейін көтерілді
Bloomberg-тің хабарлауынша мұнай бағасы шамамен 1,5%-ға өсті. Бұған Трамп әкімшілігінің Қытаймен келіссөз жүргізуге дайын екені туралы мәлімдемесі түрткі болды. Brent маркалы мұнай баррелі $63-тен жоғары, WTI шамамен $60 деңгейіне жетті.
Сарапшылар бұл өсімді уақытша қалпына келу деп бағалайды. Себебі нарықтағы қысым әлі де күшті — оған ОПЕК+ тарапынан мұнай ұсынысының артуы мен АҚШ пен Қытай арасындағы өзара баж салықтары әсер етіп отыр.
Қытай экспорты соңғы алты айдағы ең жоғары деңгейге жетті
Қытайдың кеден қызметі хабарлағандай, қыркүйек айында елдің экспорты жылдық есеппен 8,3%-ға, ал импорты 7,4%-ға артты — бұл соңғы бір жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш.
CNBC мен Reuters мәліметінше мұндай нәтиже сарапшылар болжамынан асып түсті және АҚШ-пен шиеленіс күшейгеніне қарамастан Қытайдың сыртқы саудасының тұрақтылығын көрсетеді.
Қытай билігі Вашингтонды жаңа сауда шектеулерін алып тастап, келіссөздер үстеліне оралуға шақырды. Олар «жаңа тосқауылдар жаһандық жеткізу тізбегін бұзады» деп ескертті.








