Трамп Қытайдан келетін импортқа 100% қосымша баж салығын енгізетінін жариялады

АҚШ президенті Дональд Трамп 1 қарашадан бастап Қытай тауарларына қолданыстағы баж салығына қосымша 100% қосуға ниетті. Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісінде хабарлады.
«АҚШ 2025 жылғы 1 қарашадан бастап (немесе Қытайдың алдағы әрекеттеріне қарай бұдан да ертерек) Қытай тауарларына қазіргі уақытта қолданыстағы баж салығының үстіне қосымша 100 пайыздық баж салығы енгізеді», — деп жазды Трамп.
Бұған қоса, 1 қарашадан бастап АҚШ маңызды бағдарламалық қамтамасыз етуге қатысты экспорттық шектеу енгізеді, деді ол.
Бұл не білдіреді?
Егер Трамп өз ісін орындаса, онда Қытайдан АҚШ-қа келетін тауарларға салынатын жалпы баж алымдары 130%-ға дейін өседі, деп жазады Bloomberg. Нәтижесінде жиынтық алымдардың мөлшері биыл жылдың басында Трамп енгізген 145%-дық деңгейден сәл ғана төмен болады. Ол кезде екі ел сауда бітіміне келіскен еді.
Контекст
Бұған бірнеше сағат қалғанда Трамп Пекинді «барған сайын өшпенді саясат ұстанып отыр» деп айыптады. Себебі, Қытай сирек жер металдарының экспортына жаңа шектеулер енгізген — бұл материалдар АҚШ-тың технологиялық және қорғаныс салалары үшін негізгі ресурс. Жаңа ережеге сәйкес, егер шетелдік өнім құрамында 0,1% немесе одан да көп Қытайдан шыққан сирек жер материалдары болса, экспорттаушыларға Пекиннің арнайы рұқсатын алу қажет болады. Трамптың айтуынша, осыған жауап ретінде АҚШ Қытай импортына баж салығын айтарлықтай көтеруді қарастырып жатыр. Сонымен, ол Қытай басшысы Си Цзиньпинмен АТЭС саммитінде өтетін жоспарлы кездесуден бас тартуы мүмкін екенін де меңзеді.
Әлемнің екі ірі экономикасы арасындағы сауда шиеленісінің эскалациясы акциялардың құлдырауына әкелді. 10 қазанда Dow Jones Industrial Average индексі 1,9%, S&P 500 — 2,7%, ал Nasdaq Composite — 3,6% құлады, бұл сәуірден бергі ең қатты құлау болды.








