Таңғы шолу: Қытайдағы құлдырау, Nasdaq-тың тәулік бойғы саудасы

PayPal АҚШ-та өз банкін ашуға өтінім берді. Nasdaq акциялармен тәулік бойы сауда жасауға көшуді жоспарлап отыр. Ал АҚШ 2025 жылдың басынан бері Дональд Трамп енгізген импорттық баж салығы есебінен $200 млрд-тан астам қаржы жинады. Осы және өзге де маңызды жаңалықтар 16 желтоқсан таңына арналған шолуда.
PayPal АҚШ-та банк ашуға ниетті
PayPal реттеуші органдарға PayPal Bank құру туралы өтінім тапсырды. Жаңа банк шағын бизнеске несие беріп, жеке клиенттерге пайыз есептелетін жинақ шоттарын ұсынбақ. Компания басшысы Алекс Крисстің айтуынша, бұл PayPal-дың жұмысын тиімдірек етеді.
PayPal Venmo мобильді төлем сервисіне ие және банк ашу арқылы дәстүрлі банктермен бәсекені күшейтуді көздеп отыр. Компания қазірдің өзінде несие желілерін ұсынып, қаржылық қызметтер аясын кеңейтіп келеді.
Ford электромобиль стратегиясын өзгертеді
Ford таза электромобиль жобаларының бір бөлігін тоқтатып, гибридтерге және ұзақ жүретін электромобильдерге (EREV) басымдық бермек. Компания $19,5 млрд көлемінде активтерді есептен шығаратынын хабарлады.
Қазіргі F-150 Lightning өндірістен алынады, ал келесі буын пикап EREV платформасына көшіп, Мичиганда шығарылады. Теннесси зауыты жүк көліктеріне ауысады, Огайодағы зауыт коммерциялық көліктерге бейімделеді.
Ford 2030 жылға қарай сатылымының 50%-ы гибридтер мен электромобильдерге тиесілі болады деп күтеді (2025 жылы — 17%).
Nasdaq тәулік бойы саудаға өтпек
Nasdaq АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржа комиссиясына (SEC) акциялармен 24 сағат сауда жасауға рұқсат сұрап өтінім бермек. Бұл режим аптасына бес күн жұмыс істейді.
Жоспарға сәйкес, сауда күні 4:00–20:00 аралығында өтеді, бір сағаттық үзілістен кейін түнгі сессия басталады. Сауда жексенбі кешінде ашылып, жұма күні жабылады. Егер инфрақұрылым дайын болса, жаңа жүйе 2026 жылдың екінші жартысында іске қосылуы мүмкін.
АҚШ баж салығынан $200 млрд жинады
2025 жылдың басынан бері АҚШ $200 млрд-тан астам импорттық баж салығын жинады. Бұл Дональд Трамп енгізген «өзара» және «фентанилдік» баждар есебінен түсті.
Алайда қарашада түсімдер $30,75 млрд-қа дейін азайды. Бұл импорттың баяулауымен және кейбір баж мөлшерлемелерінің төмендеуімен байланысты.
Нарықтардағы жағдай
— Қытай акциялары күрт арзандады: MSCI China мен Hang Seng шамамен 2% төмендеді. Alibaba мен Tencent қағаздары қысымға түсті.
— Жапонияда Topix −2%, Nikkei 225 −1,5%.
— Оңтүстік Кореяда Kospi −1,9%, Kosdaq −2,5%.
— Австралияда S&P/ASX 200 −0,4%.
— АҚШ фьючерстері де минуста: S&P 500 −0,6%, Nasdaq −0,9%, Dow Jones −0,4%.








