Таңғы шолу: Сенат шатдаунды тоқтатты, Баффет соңғы хатын жазды

АҚШ Сенаты үкімет жұмысын қайта жандандыру жөніндегі келісімді мақұлдап, ел тарихындағы ең ұзақ шатдаунның аяқталуына жол ашты. Ал аңызға айналған инвестор Уоррен Баффет инвесторларға арнап соңғы хатын жазып, өмір мен ізгілік туралы өсиетін қалдырды. Осы және өзге де маңызды оқиғалар 11 қараша таңындағы шолуда.
Сенат шатдаунды тоқтату жөніндегі келісімді қабылдады
CNBC-дің хабарлауынша АҚШ Сенаты федералды үкіметтің жұмысын қайта бастау және оны қаңтар айының соңына дейін қаржыландыру туралы заң жобасын бекітті. Бұл ел тарихындағы ең ұзақ үкімет тоқырауына нүкте қоюы мүмкін. 60 сенатордың, оның ішінде бірқатар демократтардың қолдауына ие болған құжат енді Өкілдер палатасына жөнелтіледі, содан кейін президент Дональд Трамптың қол қоюына ұсынылады. Трамп құжатты қолдайтынын растады.
Келісімге сәйкес, федералды қызметкерлер үзіліс кезеңіндегі еңбекақысын алады, ал SNAP азық-түлік көмегі сияқты әлеуметтік бағдарламаларға қыркүйекке дейін қаржы бөлінеді. Дегенмен, пікірталас сақталып отыр: демократтар желтоқсанда аяқталатын ACA медициналық сақтандыру субсидияларын ұзартуды талап етуде. Ал Өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон бұл мәселе бойынша нақты кепіл бермеді.
Уоррен Баффет инвесторларға соңғы хатын жолдады
Berkshire Hathaway компаниясының бас директоры қызметіндегі соңғы хатында 95 жастағы Уоррен Баффет өз дәуірін қорытындылады. Ол өзін бұрынғыдан да жақсы сезінетінін айтып, «ешқашан жақсаруға кеш емес» деген ойымен бөлісті.
Баффет әр адамның өз мұрасын қалай қалыптастырғысы келетінін ойлануға шақырды: «Өз өміріңді өзіңнің некрологыңды жазуға лайық болатындай өткіз». Ол адамдарды құрмет тұтатын тұлғалардан үйренуге, табысты ақша мен билік арқылы емес, мейірімділік арқылы өлшеуге үндеді. Баффеттің сөзімен айтқанда, «тазалықшы да, директорлар кеңесінің төрағасы да — екеуі де адам».
Швейцария АҚШ-пен тарифтерді төмендету жөніндегі келісімге жақын
Bloomberg деректеріне сүйенсек, Швейцария тамызда енгізілген рекордтық 39% тарифтен кейін АҚШ-пен экспорттық баждарды 15%-ға дейін төмендету жөніндегі соңғы келіссөздерді жүргізіп жатыр. Келісім алдағы екі аптада жасалуы мүмкін. Дональд Трамп Швейцарияға көмек ретінде «жақсы мәміле әзірленіп жатқанын» растады және келіссөздерді жеделдетуді тапсырды.
Егер келісім жүзеге асса, тариф Еуроодақ деңгейімен теңеседі және бірнеше айға созылған дипломатиялық кездесулердің нәтижесінде Швейцария үшін маңызды жеңіс болмақ. Алайда жоғары тарифтер ел экономикасына әлдеқашан әсер етті: үшінші тоқсанда ЖІӨ төмендеп, жұмыссыздық соңғы төрт жылдағы ең жоғары деңгейге жетті.
Sony аниме мен чип өндірісінің арқасында пайда болжамын арттырды
Yahoo Finance-тың мәліметінше Sony компаниясы жылдық операциялық пайда болжамын 8%-ға — 1,43 трлн иенге ($9,5 млрд) дейін көтерді. Бұл ойын-сауық пен жартылай өткізгіш секторындағы тұрақтылық және АҚШ баждарының күткеннен аз әсерімен түсіндіріледі. Екінші тоқсандағы пайда 10%-ға өсіп, 429 млрд иенге жетті. Өсімге Demon Slayer: Kimetsu no Yaiba — Infinity Castle фильмінің жетістігі айтарлықтай үлес қосты.
Дегенмен, Destiny 2 ойыны бойынша шығындар ойын бөлімшесінің пайдасын азайтты. Соған қарамастан, PlayStation 5 консолінің сатылымы 3,9 млн данаға дейін өсті. Sony 100 млрд иенге дейінгі сомаға 35 млн акцияны кері сатып алу бағдарламасын жариялаған соң, оның акциялары 6%-ға қымбаттады. Wolfe Research сарапшылары компания рейтингін Outperform деңгейіне көтеріп, «ойындар, аниме және музыка — Sony-дің үш есе артықшылығы» екенін атап өтті.
Нарықтардағы жахуал
Жапонияның кең Topix индексі 0,12%-ға, ал Nikkei 225 — 0,5%-ға төмендеді.
Гонконгтың Hang Seng индексі 0,4%-ға, Қытайдың материктік CSI 300 индексі шамамен 1%-ға азайды.
Оңтүстік Кореяның Kospi индексі 0,5%-ға өсті, ал Kosdaq 0,7%-ға төмендеді.
Австралияның S&P/ASX 200 индексі 0,2%-ға түсті.
АҚШ-та S&P 500 фьючерстері 0,1%-ға, Nasdaq Composite фьючерстері 0,2%-ға арзандады, ал Dow Jones Industrial Average дерлік өзгеріссіз қалды.








