«Маған шектен тыс ұзын сабан бұйырды»: Уоррен Баффеттің қоштасу хатындағы ойлары

Уоррен Баффет Berkshire Hathaway компаниясының бас директоры қызметін 60 жыл атқарғаннан кейін, қоштасу хатын жариялады. Екі айдан соң ол басшылық тізгінін өзінің орынбасары Грег Абельге табыстайды, бірақ директорлар кеңесінің мүшесі ретінде қала береді. Сегіз беттік хатында Баффет өміріндегі сәтті кезеңдерін еске алып, балаларына айтқан кеңестерімен бөлісіп, Berkshire компаниясының болашағына баға берді.
— Алғыс айту күні жақындаған сайын, мен 95 жасқа жетіп, тірі жүргеніме шексіз ризамын. Жас кезімде мұндай ғұмыр маған бұйырады деп ойламадым. 1938 жылы ауыр іш ауруының кесірінен өмір мен өлімнің арасында қалдым. Біздің үй дәрігері Харли Хотц мені тексеріп, таңертең бәрі өтеді деді. Бірақ кейін ол менің белгілерім жайлы ойлап, түнде мені жедел түрде Әулие Екатерина ауруханасына аппендицит отағына жіберді.
Ауруханада жатқандағы ең есте қаларлық сәт — менің сүйікті тәтем Эдидің сыйы болды. Ол маған саусақ іздерін алуға арналған кәсіби жиынтық алып келді. Мен сол сәттен бастап мені бақылайтын барлық монах әйелдердің іздерін алып шықтым. Бұл ойым, әрине, мүлде ессіз еді: бір күні олардың бірі «жаман жолға түсіп кетсе», ал ФБР монах әйелдердің іздерін жинамаған болса, менің коллекциям елге танымал болар еді деп қиялдадым. Әрине, бұл ешқашан іске аспады.
— Жасөспірім жылдарым Вашингтонда өтті, ол кезде әкем Конгрессте жұмыс істейтін. 1954 жылы мен Манхэттенде тұрақты жұмыс таптым деп ойладым. Сол жерде маған Бен Грэм мен Джерри Ньюман керемет қолдау көрсетті. Бірақ 1956 жылы Омахаға қайта оралдым және содан бері кетпедім. Қазір ойланып қарасам, мен де, Berkshire де дәл осы қаланы база еткені үшін көп жетістікке жеттік деп ойлаймын. АҚШ-тың орталығы — отбасын құрып, бизнес жүргізуге тамаша жер. Шынымды айтсам, дүниеге келген сәтімде маған шектен тыс ұзын сабан бұйырған екен.
— Қарттық туралы. Менің гендерім аса ұзақ ғұмырмен ерекшеленбейтін. Отбасымызда ең ұзақ өмір сүрген адам 92 жыл жасаған. Бірақ мені әрдайым құтқарып отырған данагөй әрі қамқор дәрігерлерім. Үшеуі де менің үйімнен бірнеше миль ғана жерде өмір сүрді. Енді мен мейірбикелердің саусақ іздерін алмаймын, өйткені 95 жасында адамға да бір шектеу керек.
— Ұзақ өмір сүру — сәттіліктің сыйы. Біз күн сайын апаттан, найзағайдан, мас жүргізушіден немесе жай ғана банан қабығынан аман қаламыз. Алайда Тәңірі Тағдыр әділ емес. Көп бай мен көшбасшылар өмірде өз үлесінен әлдеқайда артық сәттілікке ие, бірақ бұны мойындамайды. Бірі дүниеге келісімен байлыққа кенелсе, енді бірі өмірін ауыр сынақтармен бастайды. Мен 1930 жылы дені сау, ақ нәсілді, ақыл-ойы бар ер адам болып, Американың өзінде тудым. Міне, осының бәрі — таза бақ. Бірақ енді Тағдыр ханымның маған уақыты азайған сияқты.
— Ал Уақыт мырза маған барған сайын көбірек назар аударуда. Ол ешкімді аямайды. Тепе-теңдік, көру, есту және есте сақтау қабілеті жоғала бастағанда, Уақыттың жанымызда екенін сеземіз. Мен қартайдым және мұны мойындамау — бос әурешілік.
— Бәрібір өзімді жақсы сезінемін. Жүрісім баяу, оқу қиындағанмен, мен әлі де аптасына бес күн кеңседемін. Кейде пайдалы идеялар келеді немесе бізге ерекше ұсыныстар түседі. Berkshire ауқымды компания болғандықтан, мүмкіндіктер аз, бірақ бар.
— Ұзақ өмір сүрудің тағы бір салдары — отбасым мен қайырымдылық жоспарларым үшін. Балаларымның үшеуі де 67–72 жаста. Сондықтан мен олардың қорларына өмірімде көбірек қаражат бөлуім керек. Олар — ақылды, энергиясы мол және интуициясы мықты адамдар. Ең бастысы, олар анасының жақсы қасиеттерін мұра еткен.
Мен оларға қателесуден қорықпау керек екенін айттым. Қателік — өмірдің бір бөлігі. Маңыздысы — қоғамдағы әдеттегі мемлекеттік не жеке бағдарламалардан сәл де болса тиімді нәтиже көрсету.
— Тағы бір маңызды нәрсе: мен Berkshire компаниясының А санатындағы акцияларының бір бөлігін өзіме қалдырғым келеді. Себебі акционерлер жаңа басшы Грег Абель мен Чарли Мангерге сенім артқанға дейін уақыт керек. Бірақ бұл ұзаққа созылмайды.
— Менің өмірімде жасап жатқан қайырымдылықтарымның көбеюі Berkshire-ге деген сенімімнің азайғанынан емес. Керісінше, Грег Абель — мен кездестірген ең қабілетті басшы. Мен оның Berkshire-ді келесі онжылдықтар бойы сенімді басқаруына кәміл сенемін.
— Жалпы, Berkshire компанияларының болашағы жақсы, бірақ 10–20 жылдан кейін кейбір компаниялар бізден асып түсуі мүмкін. Дегенмен Berkshire апатты жағдайларға ең аз ұшырайтын бизнес болып қала береді. Акция бағасы кейде 50%-ға дейін түсіп кетуі мүмкін, бірақ одан қорқудың қажеті жоқ: Америка да, Berkshire де әрдайым қайта қалпына келеді.
— Мен енді жыл сайынғы есеп жазбаймын және көпшілік алдында ұзақ сөйлемеймін. Бұл міндетті Грег Абельге тапсырамын. Ол — адал, еңбекқор және әділ басшы. Мен тек жыл сайынғы Алғыс айту күні жолдауында Berkshire жайлы ойларыммен бөлісіп тұрамын.
Berkshire акционерлері — ерекше адамдар, табысымен бөлісуге жомарт. Мен осындай қауымдастықтың бір бөлігі болғаныма ризамын.
Хат соңында Баффет инвесторларға арналған жеке кеңестерін «Үздік атануға ешқашан кеш емес»: Баффеттің қоштасу хатындағы бес кеңес» атты материалдан танысуға болады.








