БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Баффет жапондық алпауыттарға тағы да сенім артты: «сого сёся» құпиясы неде?

Альберт Фахрутдинов

Альберт Фахрутдинов

Баффет жапондық алпауыттарға тағы да сенім артты: «сого сёся» құпиясы неде?

Уоррен Баффет өзінің Berkshire Hathaway инвестициялық компаниясы арқылы Жапониядағы екі ірі сауда үйіндегі үлесін арттырды. Соның нәтижесінде оның Mitsubishi корпорациясындағы үлесі алғаш рет 10%-дан асты. Баффет бұл конгломераттарға 2019 жылдан бері инвестиция салып келеді және алдағы 50 жылда акцияларын сатпайтынын айтқан.

Егжей-тегжейлі

Berkshire-дың 100% еншілес компаниясы National Indemnity Company Mitsubishi Corporation-дағы үлесін 9,7%-дан 10,2%-ға дейін ұлғайтты. Mitsubishi – Жапониядағы бес ірі «сого сёсяның» бірі. Бұл жаңалық бүкіл сектордағы бағамдардың өсуіне түрткі болды. Токиода таңертең арзандаған Mitsubishi акциялары түстен кейін 2,9%-ға көтеріліп, 2024 жылдың шілдесінен бергі ең жоғарғы деңгейіне жетті, деп жазады Nikkei. Bloomberg-тің дерегінше басқа төрт «сого сёсяның» – Mitsui, Itochu, Marubeni және Sumitomo акциялары 1,6–3,5% аралығында қымбаттады.

Mitsui де Berkshire өз акцияларын сатып алғанын растады, бірақ үлесі 10%-дан аспайды. 2025 жылдың наурызына қарай Баффеттің инвесткомпаниясы Mitsui акцияларының 9,82%-ын бақылаған.

Баффет Жапонияның бес ірі сауда үйіне алғаш рет 2019 жылы инвестиция салды. Бұл компаниялардың бизнес-портфелі әртүрлі. Мұнай-газ өндіруден бастап, лосось өсіруге және тәулік бойы жұмыс істейтін дүкендер желісіне дейінгі салаларды қамтиды. Алғашында «Омаханың оракуласы» 10%-дан төмен үлесті ғана сақтауға уәде берген еді. Алайда 2025 жылғы ақпандағы жыл сайынғы хатында ол «сого сёсяның» бұл лимитті «орташа деңгейде жеңілдетуге» келіскенін айтты. Сол жылдың наурызында Berkshire олардың әрқайсысындағы үлесін шамамен 10%-ға дейін ұлғайтты.

Баффет бұл акцияларды неге жақсы көреді

Баффеттің жапондық ірі сауда үйлеріне жасаған инвестициясы value play деп аталады, яғни «нарықта бағаланбай тұрған активке ставка». Бұған дейін «сого сёся» халықаралық инвесторларға тым күрделі әрі түсініксіз идея болып көрінетін. «Біз олардың қаржылық есептерін зерттедік және акцияларының арзан екеніне таңғалдық», – деп жазды Berkshire-тің бас директоры соңғы хатында.

Баффет 2023 жылы Nikkei-ге берген сұхбатында жапон конгломераттарына құйған инвестициясына «қатты мақтанатынын» айтқан. 2025 жылғы мамырда ол Berkshire акционерлеріне: «Алдағы 50 жылда бұл акцияларды сату ойымызда жоқ», – деп сендірді.

Әрине, «сого сёся» бизнесінің көпқырлылығына байланысты жаһандық сауда соғыстарынан зардап шегеді. Бірақ оларда бұл кемшілікті теңестіретін бірқатар артықшылықтар бар. Morningstar агенттігі 2025 жылғы сәуірде атап өткендей, бұл компаниялар дивидендтерді арттыру және акцияларды кері сатып алу арқылы акционерлерге барған сайын қолайлы саясат ұстанып келеді. Ал Баффеттің айтуынша оларды ерекше тартымды ететін нәрсе – иендегі арзан несиелер беретін «қауіпсіздік қоры».

Уолл-стрит не дейді?

Соңғы бес жылда жапондық Nikkei 225 индексі 87%-ға өсті. Осы уақыт ішінде Mitsubishi акциялары 326%-ға, Mitsui – 279%-ға, Itochu – 219%-ға, Marubeni – 478%-ға, Sumitomo – 227%-ға қымбаттады.

FactSet деректерін бақылайтын аналитиктердің орташа болжамы бойынша, ең тартымдысы – Marubeni акциялары. Олар үшін консенсус-рейтинг Buy («сатып алу») болып тұр. Mitsui, Itochu және Sumitomo қағаздарына берілген баға да Overweight («сатып алуға ұсынылады»). Ал Mitsubishi акцияларына қатысты көзқарас бейтарап: аналитиктердің көбі қазіргі бағамен сатып алмауды, бірақ сатпауға да кеңес береді.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары