«Керемет компаниялар» енді жеңімпаз емес пе? Баффет ережесі жұмыс істемей қалды ма?

1989 жылы акционерлерге жолдаған хатында Уоррен Баффет өзінің басты инвестициялық қағидаларының бірін былай сипаттаған еді: «Әдеттегіні керемет бағамен алғаннан гөрі, керемет компанияны әділ бағамен алған дұрыс». Бұл сөздер аңызға айналған инвестордың ең танымал ұстанымдарының біріне айналды.
Алайда 30 жылдан астам уақыт өткен соң, Macquarie Group сарапшылары Баффет ережесі уақыт сынынан өтпей қалды деп есептейді. Олар неге «Уолл-стрит ұстазымен» келіспейді және инвесторларға қандай кеңес береді?
Баффет ережесі деген не?
Баффет негізінен классикалық value investing (құндық инвестициялау) тәсілін ұстанады. Компанияны оның ішкі (әділ) құнынан төмен бағамен іздеу. Оның стратегиясының өзегі – мықты фундаменталды көрсеткіштері бар, бірақ нарық бағалауы төмен компанияларды табу. Бұл – жоғары капитал өтімділігі, төмен қарыз деңгейі, тұрақты ақшалай ағын.
Баффет әрқашан түсінікті бизнес-модельдер мен ашық басқару командаларын таңдаған, ал тым күрделі немесе қымбат акциялардан аулақ болған.
Berkshire Hathaway-дің екінші тоқсан қорытындысы да осыны көрсетіп отыр. Ол әлі де орташа бағамен сапалы компанияларға ставка жасауда. Мысалы, екінші тоқсанда Berkshire UnitedHealth сақтандырушысының 5 млн-нан астам акциясын сатып алды, оның бағасы құлдыраған кезде.
Бұл стратегия қалай тексерілді?
Macquarie Group сарапшылары (Oninvest алған зерттеу) компания сапасын сандық тұрғыда өлшейтін арнайы модель жасады. Баффет айтқан «тамашалықты» олар кірістілік, қаржылық тұрақтылық, өсім динамикасы мен капиталды басқару арқылы бағалады. Нәтижені компания акцияларының әділ құнымен салыстырды.
Сөйтіп олар үш топты анықтады:
Керемет компания, әділ баға (Wonderful Company, Fair Price – WCFP) – Баффет ұнататындар;
Әдеттегі компания, керемет баға (Fair Company, Wonderful Price – FCWP) – Баффет әдетте аулақ болатындар;
Аралас категория (Mixed).
Содан кейін Macquarie Research 30 жылдық деректерді 10 ірі нарық бойынша (АҚШ, Еуропа, дамушы елдер) қарап, әр топтан құралған портфельдің қайсысы тиімді екенін модельдеді. Әр ай сайын портфельді қайта теңестіріп отырған.
Тест нәтижесі қандай болды?
Баффет қағидасына қайшы, ұзақ мерзімде ең табыстысы – «әдеттегі компаниялар, бірақ керемет бағамен» шықты, дейді Macquarie Research.
Зерттеу көрсеткендей, әлемнің 10 ірі нарығының тоғызы бойынша Баффет ұсынған «тамаша компаниялар, әділ бағамен» әлдеқайда төмен кіріс әкелген. Тек Австралияның ASX300 индексіндегі акциялар ерекше жағдай болды.
Мысалы, Macquarie зерттеуінде «әдеттегі компания, керемет бағамен» тобына Bank of China, жапондық Mitsubishi HC Capital және австралиялық Amcor кірген. Олар арзан бағаланып, бірақ тұрақты табыс көрсетіп отырған. Бұл комбинация «керемет компаниялардан» да жоғары кіріс берді.
Macquarie сарапшылары мұны былай түсіндіреді. Арзан бағамен алынған әдеттегі компанияларда мультипликаторлардың қайта өсуіне көбірек орын бар. Ал «керемет компаниялар» әділ құнға жақын бағаланады, сондықтан өсу әлеуеті аздау.
Дегенмен зерттеу тағы бір маңызды қорытындыға келді. Екі стратегия да табысты. «Керемет компаниялар» да өз артықшылығын сақтайды — олар турбуленттілік кезеңдерінде тұрақты қорғаныс береді. Ал «әдеттегі компаниялар» экономикалық өсім кезінде нарықты озып кетеді.
Инвестор не істеуі керек?
Macquarie талдаушылары бұл зерттеу Баффет формуласын толығымен жоққа шығармайды, дейді. Мұндағы басты тұжырым – динамика.
Өсу кезеңінде «әдеттегі компаниялар, керемет бағамен» басымдыққа ие;
Құлдырау кезеңінде «керемет компаниялар, әділ бағамен» сенімді қорған болады.
Яғни бұл – бірін-бірі толықтыратын екі түрлі стратегия. Инвесторларға екеуін де ескеру ұсынылады.
Дегенмен Macquarie-дің деректері шектеулі. 30 жылдық тест Баффет философиясын толық өлшей алмайды. Оның басты қағидасы – капиталды ұзақ мерзім бойы өсіру және тәуекелді азайту. Бұған брендтің құндылығы, компания беделі сияқты сапалық факторлар да кіреді.
Баффет сөзі – бұл қатаң математикалық формула емес, инвестициялық философия.








