БастыЖаңалықтар
Бөлісу

«Басты ереже — ақшаңды жоғалтпа»: Баффет, Далио және тағы 10 инвестордың қағидалары

Анна Краснова

Анна Краснова

Журналист
«Басты ереже — ақшаңды жоғалтпа»: Баффет, Далио және тағы 10 инвестордың қағидалары

Инвестиция жасауды ең жақсы жолы — бұл өз тиімділігін дәлелдеген адамдардан үйрену. Біз Уоррен Баффет пен Рэй Далиодан бастап, Кэти Вуд пен Сет Кларманға дейін танымал 12 инвестордың көзқарасын зерттедік. Бірі нақты кеңестер берсе, екіншілерінің стратегиясы мен әрекеттер логикасынан қорытынды шығаруға болады. Бұл мақалада инвестиция әлемінде аты шыққан шеберлерден 12 қағида және кез келген инвестордың жадында болуы тиіс 3 әмбебап кеңес жиналған.

Уоррен Баффет: қарияның өсиеттері

Инвестицияны аса мұқият таңдаңыз

Уоррен Баффет — тарихтағы ең табысты инвесторлардың бірі. Оның басшылығымен Berkshire Hathaway шығынды тоқыма кәсіпорнынан құны триллион доллардан асатын инвестициялық холдингке айналды. 1965 жылдан бастап оның басшылығымен компанияның инвесторлары жылына орта есеппен 20% табыс тапты — бұл S&P 500 индексінің орташа өсімінен екі есе көп.

Баффеттің афоризмге айналған сөздері көп:

  • «Басты ереже — ақшаңды жоғалтпа. 2-ереже — басты ережені ұмытпа»

  • «Басқалар ашкөз болғанда абай бол, ал олар қорыққанда — сен батыл бол»

  • «Нашар компанияны арзан бағамен алғаннан гөрі мықты компанияны әділетті бағамен алған дұрыс».

Баффет инвестицияға ойланып, тәртіппен және талғаммен қарауды ұсынады. Ол инвестициялық портфельді өмір бойы небәрі 20 компанияға ғана қаржы сала алатын перфокарта ретінде елестетуге кеңес береді. Бұл тәсіл инвесторға асығыс шешімдерден сақтанып, сенімді идеяларға ғана назар аударуға көмектеседі.

Чарли Мангер: алдымен — $100 000

Бастапқы кезеңдегі басты мақсат — капитал жинау

Чарли Мангер (1924–2023) — Баффеттің ең жақын серіктесі, Berkshire Hathaway вице-президенті және Daily Journal Corporation медиахолдингінің 45 жылдан астам басқарушысы. Оның инвестициялық портфелі бүгінде $300 млн шамасында.

Ол: «Алғашқы $100 000 жинау өте қиын, бірақ сіз мұны істеуіңіз керек. Не істеу керек болса да — жаяу жүрсеңіз де, тек купонмен тамақтансаңыз да — сол ақшаны табыңыз», — деген. Бұл кезең — тәртіп пен құрбандықты талап етеді. Бірақ осы межеден өткен соң, күрделі пайыз жұмыс істей бастайды, ал капитал өсімі жеңілдей түседі.

Майкл Ларсон: драмаға жол жоқ

Мақсат — табыстылық емес, тұрақтылық пен болжамдылық

Майкл Ларсон — Cascade Investment-тің инвестициялық директоры және 1994 жылдан бері Билл Гейтстің активтерін басқарып келеді. Оның басқаруымен Гейтстің байлығы $5 млрд-тан $130 млрд-қа дейін өсті.

Ол инвестицияда бастысы — тұрақтылық екенін айтады: «Мақсат — Биллдің сұлтаннан да бай болуы емес», — дейді Ларсон. Ол «жалықтыратын», бірақ сенімді бизнеске ақша салады. Қаржылық есепті, қарыз деңгейін, дивиденд саясатын, басқару сапасын мұқият талдайды. Бастапқы инвесторларға күнделікті жаңалық оқымай, стратегияны жиі өзгертпей, сенімділікке басымдық беруді ұсынады.

Карл Айкан: күнә жасама және ләззат ал

Нарық бағаламай отырған активке сенімді болсаң — батыл әрекет ет

Карл Айкан — Icahn Capital Management пен Icahn Enterprises L.P. негізін қалаушы. Ол акцияларды агрессивті сатып алу және компанияларды біріктіру арқылы аты шыққан.

Ол уақытша қиындықтары бар, бірақ мықты негізі бар компанияларға инвестиция салады. «Әлем ессіз деп санайтын нәрсені сатып алу керек», — дейді ол. Айкан екі негізгі қатені «күнә» деп атайды: асығыс шешім қабылдау және мүлде әрекет етпеу. Инвесторлық процесстің өзі де қызықты әрі интеллектуалды болуы тиіс деп санайды.

Майкл Бьюрри: «Көпшілікке ұнамайтын активтерге инвестиция құю»

Бағаға қараңыз, беделге емес

Майкл Бьюрри — ипотекалық дағдарысты алдын ала болжаған Scion Capital хедж-қорының негізін қалаушы. Ол «Көпшілікке ұнамайтын активтерге инвестиция құю» әдісін ұстанады: нарықтың елемейтін немесе жек көретін активтеріне инвестиция салады. Оның логикасы — мұндай активтердің бағасы төмен, тәуекел/табыс қатынасы оңтайлы.

Мысалы, ол Quipp Inc. деген газет жабдығын шығаратын компанияға инвестиция салды. Бұл бизнес ескірген болып саналатын, бірақ компания үш жылда $14,4 млн таза ақша ағынын құрды. Бұл компания екі жылдық табыстан да арзан бағаланып тұрды.

Кен Гриффин: жас кез — тәуекел уақыты

«Керемет сәтті күтпей-ақ, қолыңызда бармен бастай беріңіз»

Citadel LLC басшысы Кен Гриффин — активтері $65 млрд-тан асатын ірі инвестор. Ол жастық шақ — инвестициялауға ең қолайлы уақыт деп санайды. «20 жаста не болуы мүмкін? Ештеңе», — дейді ол. Ал 40-та шығын ауыр болуы мүмкін.

Гриффин қорғаныс позициясына түсіп, «қауіпсіз» деп саналған активтерге сене бермеуге шақырады. Егер мақсат тек ақшаны сақтау болса — жай ғана қолма-қол ақшада ұстаған дұрыс.

Билл Акман: жүйелі талдау

Чек-лист арқылы бағалап, жоспардан ауытқымаңыз

Pershing Square Capital Management басшысы Билл Акман компанияны таңдаудың 8 қағидасын жасаған. Оларға: бизнестің қарапайымдылығы, саланың көшбасшысы болуы, мықты бренд, бәсекеден қорғау және кәсіби басқару кіреді. Бұл қағидалардан ауытқыса — ақша жоғалтады. Сондықтан оларды кеңсесіндегі үстел үстіне қойып қойған.

Ли Лу: бос көлде қармақ салма

Компанияны толық сатып алуға дайын болмасаңыз, акциясын да алмаңыз

Ли Лу — Himalaya Capital Management басшысы және Мангердің сенімді адамы. Ол «балық бар жерде қармақ таста» қағидасын ұстанады. Ол акцияны жай қағаз емес, компаниядағы үлес деп қарауға шақырады. Егер бүкіл компанияны сатып алуға дайын болмасаңыз — бір бөлігін де алмаңыз.

Кэти Вуд: инновация мен төзім

Салаларды түбегейлі өзгертетін технологияларға сеніңіз

ARK Invest басшысы Кэти Вуд жаңашыл технологияларға басымдық береді: жасанды интеллект, ДНҚ секвенирлеу, робототехника, қуат жинау және блокчейн. Бұл бағыттар 10–15 жылда $50 трлн нарықтық құн әкеледі деп санайды. Бірақ ол ұзақмерзімді көкжиекті ұсынады — кемінде 7 жыл.

Сет Кларман: «қауіпсіздік жастығы»

Нақты құнынан айқын дисконтпен сатып алыңыз

Baupost Group басшысы Сет Кларман өзінің Margin of Safety кітабында активтің ішкі (нақты) құны мен нарықтық бағасы арасындағы айырманы қорғаныс буфері ретінде сипаттайды. Егер компания $100 тұрса, ал сіз оны $70-ке алсаңыз — бұл 30% маржа.

Ол тек осындай жағдайда ғана инвестиция құю керек дейді. Бұл тәсіл шығыннан қорғайды және сабырлы шешім қабылдауға көмектеседі.

Ховард Маркс: екінші деңгейлі ойлау

Тек фактіні емес, нарықтың реакциясын да саралаңыз

Oaktree Capital Management тең құрылтайшысы Ховард Маркс — «меморандумдарымен» танымал. Ол «екінші деңгейлі ойлау» дағдысын дамытуды ұсынады: тек «факт бар — сатып алайық» емес, сол фактіні нарық қалай қабылдағанын, оның бағасы ескерілген-ескерілмегенін, тәуекелдер еленіп-еленбегенін түсінуге тырысыңыз.

Рэй Далио: абзалы «кез келген ауа райына төтеп бере алатын» портфель құру

Тек актив бойынша емес, тәуекел түрлері бойынша әртараптандырыңыз

Bridgewater Associates басшысы Рэй Далио «All Weather» стратегиясын жасады. Ол экономика қандай күйде болса да — өсу, құлдырау, инфляция немесе дефляция — портфель тұрақты болуы тиіс дейді. Ол үшін акция, облигация, алтын мен шикізатты теңгерімді бөлу қажет. Бұл стратегияға негізделген ETF 2025 жылдың наурызында іске қосылды.

Әмбебап қағидалар: бәріне ортақ 3 кеңес

  • Тәуекелді басқару және әртараптандыру:

    Бір ғана салаға немесе компанияға сеніп, бәрін тігу — қауіпті. Баффет те жаңадан бастағандарға әртүрлі сектордан кемінде 15–20 компанияны алуға кеңес береді.

  • Ұзақ мерзімді көзқарас:

    «Егернарық 10 жылға жабылса да, сіз ұстауға дайын активті ғана сатып алыңыз», — дейді Баффет. Қысқамерзімді толқулар — стратегияны бұзбауы керек.

  • Қателікті мойындау және үйрену:

    Баффет Berkshire Hathaway-ті сатып алуды ең ақымақ шешімім деп атаса, Айкан Hertz пен Blockbuster-ден сабақ алған. Қателік — тәжірибе, ал сабыр мен сыншылдық — табыс кепілі.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары