БастыЖаңалықтар
Бөлісу

FOGI феномені: ірі инвесторлар неге акция сатып алудан тартынып отыр?

Анна Краснова

Анна Краснова

Журналист
FOGI феномені: ірі инвесторлар неге акция сатып алудан тартынып отыр?

Allianz Global Investors сарапшылары өз шолуында институционалдық инвесторлардың сақтықты көбірек танытып отырғанын жазады. Олар бұл мінез-құлықты кеңінен танымал FOMO (пайдадан құр қалудан қорқу) терминіне ұқсас FOGI (нарыққа кіруден қорқу) деп атайды. Сарапшылар бұл үрейді немен түсіндіреді және қарапайым инвесторлар ірі ойыншылардың жолын ұстануы тиіс пе?

Жаңа қорқыныштар: күтуді жөн санау

FOGI – бұл нарыққа кіруден, яғни актив сатып алудан қорқу. Allianz Global Investors мамандарының жазуынша соңғы айларда дәл осы үрей институционалдық инвесторларға тән бола бастады. Олар тәуекелден бас тартып, нарыққа кіруден сақтанып отыр. Бұған себеп ретінде нарықтардағы жуырдағы құбылмалылық пен Дональд Трамп әкімшілігінің саясатының болжап болмайтындығы аталады.

Осы жазда ірі инвесторлардың барынша сақтық танытып отырғанын Reuters те жазады. UBS-тің еуропалық акциялар бойынша стратегия бөлімінің басшысы Джерри Фаулердің айтуынша, опциондар нарығының динамикасы трейдерлердің былтырғы тамыздағыдай құбылмалылықтың қайталануын күтіп отырғанын көрсетеді. Ол: «Жаз маусымы мүмкін болатын нарықтық катализаторларға толы, сондықтан бірқатар трейдер демалысқа кетуге жүрексінеді», – дейді.

FOGI-мен жеке инвесторлар да бетпе-бет келуде. Reuters сәуірдегі нарықтық құлдырау кезінде, әсіресе зейнет жасына жақындаған инвесторлар қаржылық кеңесшілеріне қоңырау шалып, портфельдерімен не істеу керек екенін сұрағанын жазды. Көбі нарықтан мүлдем шықпағанымен, жаңадан актив сатып алудан уақытша бас тартқан. Алайда уақыт өте келе бұл үрей сейілген секілді, шілденің басында S&P 500 индексі тарихи рекордқа жетіп, сәуірдің ең төменгі деңгейінен 26% жоғарылаған.

Ескі қорқыныштар: өсімнен қалып қоймау

Бұл үрейдің орнын FOMO — пайдадан қалып қоямын ба деген қорқыныш басуы мүмкін. Бұл FOGI-ге қарама-қайшы психологиялық модель. FOMO мінез-құлқы инвесторлар арасындағы циклдік эмоционалдық реакцияларда жақсы зерттелген: дүрбелең кезінде активтерден жаппай бас тарту фазасынан кейін, әдетте, абайлап оптимизм мен қалпына келу кезеңі басталады. Дәл осы сәтте FOMO шарықтайды – баға жылдам өскенде, өсімнен құр қалу қорқынышы рационалды есептеулерден басым болады.

Инвесторлар психологиясына ақпараттық орта қатты әсер етеді. 2025 жылдың сәуірінде Трамп АҚШ-тың сауда серіктестеріне қатаң тарифтер енгізген кезде Уолл-стриттегі қорқыныш деңгейі бес жыл ішіндегі ең жоғары шекке жетті. Кейінірек сауда соғысында «үзіліс» жарияланғанда, S&P 500 бір күнде 10%-ға өсіп, 2008 жылдан бергі ең үлкен күндік өсімге қол жеткізді. Осындай жүйкесін жұқартатын жағдайларда инвестор қауіп әлі де сақталып тұрса да, «раллиді өткізіп алмау үшін» тәуекелге барады.

Алда не күтіп тұр — FOGI ме, әлде FOMO ма?

Allianz Global Investors шолуында инвесторлар алдағы уақытта қандай мінез танытатынына қатысты сұрақ ашық күйде қалуда. Егер геосаяси шиеленіс азайып, нарықтар тұрақталса, қазіргі FOGI жаңа FOMO толқынына орын бере ме?

Сарапшылар тарихи тұрғыда АҚШ-тың акцияларына салынған инвестициялар әрдайым табыс әкелетінін атап өтуде. Ал Американы табысты бизнес ортасы еткен факторлар — жоғары капитал кірістілігі, жасанды интеллект саласындағы көшбасшылық және қолайлы демографиялық жағдай — өзгерген жоқ.

Сондықтан олар инвесторларға өсу әлеуеті әлі де бар секторларға (технология мен өнеркәсіп) назар аударып, АҚШ-тағы кей секторлардан портфельді бөліп, басқа нарықтарға бағыттауды ұсынады. Мысал ретінде Еуропадағы киберқауіпсіздік, жасанды интеллект, қорғаныс және әскери технологиялар саласындағы компаниялар аталады — бұл салалар Еуропадағы бюджет шығыстарының артуынан пайда көруі мүмкін.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары