БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Уолл-стритте қорқыныш индексі төмендеді. Deutsche Bank жазғы дағдарыс тәуекелін көрді

Венера  Сайфутдинова

Венера Сайфутдинова

Oninvest тілшісі
Уолл-стритте қорқыныш индексі төмендеді. Deutsche Bank жазғы дағдарыс тәуекелін көрді

Уолл-стриттегі қорқыныш индексі наурыз айының соңындағы деңгейге дейін төмендеді. Ол кезде АҚШ әлі барлық сауда серіктестеріне баж салығын күрт өсіру туралы мәлімдеме жасамаған болатын. Алайда Deutsche Bank стратегиясы нарықта құбылмалылықты тудыруы мүмкін бірнеше қауіп барын атап өтті. Олардың қатарында: сауда соғысының ушығуы, баж салығының өсуі, инфляциялық қысымның күшеюі, және фискалдық тәуекелдер бар.

Егжей-тегжейлі

Deutsche Bank сарапшысы Генри Алленнің жазуынша, инвесторлар жаз ортасына қарай жаңа тұрақсыздық толқыны болуы мүмкін деп алаңдай бастады. Ол 2025 жылы нарық тағы бір соққы алуы мүмкін екенін жоққа шығармайды, деп жазады Seeking Alpha.

Алленнің айтуынша, үшінші тоқсан — тарихта «қорқыныш индексі» VIX-тің ең жиі күрт өсетін кезеңі. Бұл уақытта өтімділік азаяды, ал көптеген дағдарыстар дәл жаздың соңында басталған.

Қазір нарықтар салыстырмалы түрде тыныш: қорқыныш индексі VIX үш аптадан бері 20-дан төмен, бұл нарықтағы құбылмалылықтың төмен екенін білдіреді. Наурыз айының соңында да VIX осы деңгейде болған, сол кезде Ақ үй барлық сауда серіктестеріне баж салығын өсіру туралы мәлімдеген еді.

2025 жылы нарықты не шайқалтуы мүмкін?

— Биылғы жазда нарықтағы тұрақсыздықтың ең ықтимал себебі — сауда соғысының ушығуы, деп есептейді Генри Аллен. Оның айтуынша, бұл инфляцияның жеделдеуіне және инвесторлардың ФРЖ пайыздық мөлшерлемені төмендетеді деген үмітінен бас тартуына әкелуі мүмкін.

«Биыл нарықтар таңқаларлықтай тұрақтылық көрсетіп отыр. Макроэкономикалық негіздер берік, ал саясаткерлер нарықтағы тұрақсыздыққа қарай өз ұстанымдарын өзгертуге дайын екенін көріп отырмыз (мысалы, Трамптың сәуірдегі құлдыраудан кейін баж салығын кейінге шегеруі). Сондықтан нарықтағы динамика саясатқа өзі ықпал етіп отыр. Бірақ жағдай осылай қала берсе, нарықта ұзақ дағдарыс басталуы үшін жай саясатпен реттей салуға келмейтін әлдеқайда күшті соққы қажет болады», — деп жазады сарапшы.

Генри Алленнің айтуынша, болат, автокөлік және алюминийге салынған баж салығынан бөлек, басқа салаларға да қосымша шектеулер енгізілуі мүмкін. Ол бұл тәуекелді нарықтар әлі толық бағасына қосып үлгермегенін айтады.

Сарапшының сөзінше, көпшілік жаңа сауда келісімдері жасалып, баж салығы «Бостандық күні» белгіленген деңгейге қайта жетпейді деп үміттенеді. Алайда егер тамызда баж салығы күрт көтерілсе, бұл сценарийге толық сәйкес келеді және нарықта жаңа сату толқынын туындатуы мүмкін.

Нарықтағы тұрақсыздықтың екінші себебі ретінде Аллен инфляциялық қысымның күшеюін атайды. Қазірге дейін баж салығының тұтынушылық бағаларға айтарлықтай әсері байқалмағанымен, инвесторлар маусым мен шілдедегі тұтынушылық баға индексіне (CPI) ерекше назар аударып отыр. Егер инфляция белгіленген мақсатты деңгейден жоғары күйде қалса, ФРЖ жақын арада мөлшерлемені төмендетпейді, дейді Аллен.

Алленнің айтуынша, қазір еңбек нарығы жақсы жағдайда, сондықтан пайыздық мөлшерлемені шұғыл түрде төмендетудің қажеттілігі жоқ. Ал егер инфляция мақсатты деңгейден де жоғары өссе, мөлшерлемені төмендету қажеттігін ақтайтын тағы бір себеп жойылады, дейді ол.

Нарықты шайқалтуы мүмкін үшінші қауіп — фискалдық тұрақтылыққа қатысты алаңдаушылық, деп жазады MarketWatch. Бұл тек АҚШ-қа ғана емес, G10 елдерінің бірнешеуіне қатысты.

2025 жылы инвесторлар ұзақ мерзімді қарыз құралдары үшін қосымша кіріс талап ете бастағандықтан, АҚШ (30 жылдық облигациялар бойынша 4,969%), Жапония (3,065%) және Ұлыбританияда (5,473%) ұзақ мерзімді облигациялардың кірістілігі күрт өсті.

MarketWatch жазуынша, кірістіліктің өсуі инвесторлардың бюджет тапшылығын қаржыландыруға қатысты алаңдаушылығын көрсетіп отыр.

Генри Алленнің пікірінше, нарықтағы тұрақсыздыққа себеп болуы мүмкін басқа факторлар да бар. Олар: экономикалық өсімнің баяулауы және геосаяси күйзелістер, әсіресе мұнай бағасының күрт өсуіне әкелетін оқиғалар.

Дегенмен, Алленнің айтуынша, нарықтар әзірге тарифтерге және геосаяси белгісіздікке қарамастан, тұрақтылығын сақтап отыр.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары