Сабырлы инвестордың төрт қаруы: Saxo Bank ұсынған кеңестер

Биыл нарық инвесторларға тыныштық бермей тұр. Түрлі сауда қақтығыстары, геосаяси шиеленістер, құбылмалылық. Saxo Bank-тің инвестициялық стратегиялар бөлімінің басшысы Якоб Фелькенкрон қор нарығындағы күйзелістердің психикалық денсаулыққа әсерін сипаттап, құбылмалы жағдайда ішкі тепе-теңдікті сақтау үшін не істеу керек екенін тарқатып берді.
Қауіп тек ақшаға ғана тқніп тұрған жоқ
Фелькенкронның айтуынша ең байсалды инвестордың өзі кейде күйзеліске ұшырайды, әсіресе нарық ұзақ уақыт төмендеп тұрған кезде: «Мүмкін, сіз де бір сәтсіз күннен кейін портфеліңізге қарап, ішіңіз шымырлап, не істеріңізді білмей — сату, тағы да сатып алу немесе мүлде нарықты ұмыту туралы ойланып, түнде ұйықтай алмай жатқан боларсыз. «Қор нарығы мен инвесторлардың психикалық денсаулығы» атты соңғы зерттеу бұл мазасыздықтың ойдан шығарылмағанын көрсетті. Нарықтағы шығындар психикалық жағдайға шынымен де әсер етеді, әрі оның тигізген әсерін өлшеп шығуға болады», — деп жазады ол.
Ball State University профессорлары Чан Лю мен Маоюн Фань жүргізген зерттеу АҚШ-тағы миллиондаған инвестордың медициналық деректерін талдап, нарық күрт құлдыраған кезде антидепрессанттарды тағайындау және психотерапия сеанстарының саны айтарлықтай артатынын анықтаған.
«Бұл біздің қаржылық және эмоциялық өміріміздің аражігі қаншалықты жақын жатқанын көрсетеді», — дейді Фелькенкрон. Мәселе тек экономиканың жалпы тұрақсыздығында емес — күйзеліс адамның жеке шығынынан туындайды. Жұмыстан айырылу қаупі жоқ болса да, портфель құнының төмендеуі адамның психологиясына салмақ салады.
Қаржылық ауыртпалық
Зерттеу мінез-құлық экономикасындағы негізгі қағидалардың бірін растап отыр. Шығындар табысқа қарағанда әлдеқайда күшті психологиялық әсер қалдырады екен.
«Бұл — залалдан қашу теориясына дәл келеді. Адам табиғаты жалпы пайда тапқаннан емес, шығынға ұшыраған сәтте қаттырақ күйзеледі. Басқаша айтқанда, 1000 еуроны жоғалту 1000 еуро табудан әлдеқайда ауыр», — дейді Фелькенкрон.
Бұл әсер әсіресе 45–64 жас аралығындағы инвесторларда айқын байқалуда. Бұл жаста портфельдер ірі болады әрі инвестициялар зейнетақы немесе өмірлік маңызды мақсаттар үшін жинақ ретінде қарастырылады.
«Қор нарығының күйреуі бұл топ үшін жай ғана сәтсіздік емес — болашаққа арналған жоспарлар мен үміттерге төнген қауіппен бірдей. Бұл, әрине, эмоциялық әсерді күшейтеді», — деп есептейді ол.
Нарықтағы шығындар психологиялық қысымға айналады: «Осы тұста метафора келтіре кетсек, портфельдегі ақшаны жоғалту — жай ғана ыңғайсыз жағдай емес, отбасылық мұраны жоғалтумен пара-пар. Бұл — үлкен эмоция, бұл — жеке бастың мәселесі және ол көңіл-күйге терең бойлап әсер етеді, 2025 жылы инвесторлар бірден бірнеше тұрақсыз кезеңнен өтті. «Нарық күйреді», «Сауда соғысы күшейді» деген тақырыптар жай жаңалық емес — бұл нарыққа қатысы бар адамдар үшін психологиялық қауіп», — деп жазады Фелькенкрон.
Инвестор не істеуі керек. Saxo Bank-тің кеңестері
Фелькенкрон ақшаны ғана емес, эмоциялық тұрақтылықты да қорғауға көмектесетін бірнеше практикалық кеңес ұсынады:
Асығыс шешім қабылдамаңыз. Эмоциямен қаржылық шешім қабылдаудан аулақ болыңыз. Ең нашар шешімдер — көбіне үрей мен уайым кезінде қабылданады, ал олар рационалды ойлаудан туындамайды.
Ұзақмерзімді инвестициялық жоспардан таймаңыз және әртараптандыру туралы ұмытпаңыз. Егер портфельге құбылмалылық тым қатты әсер етсе, бұл оның жеткілікті деңгейде әртараптандырылмағанын немесе теңгерімсіздігін білдіруі мүмкін.
Біреумен сөйлесіңіз. Егер стратегияңызға сенімсіз болсаңыз, сарапшыдан кеңес алыңыз немесе жай ғана сенімді досыңызбен не отбасы мүшесімен бөлісіңіз. Ашық әңгіме уайымды азайтып, арқа сүйеу сезімін бередісенім ұялатады.
Жалғыз емес екеніңізді естен шығармаңыз және нарықтар әрдайым қалпына келеді. Тарих дәлелдегендей, тіпті ең күрт құлдыраулардан кейін де нарықтар қайта өрлейді. Сабыр мен ұзақмерзімді көзқарас — тек капиталыңызды ғана емес, жан тыныштығыңызды да сақтап қалудың жолы.
Фелькенкрон нағыз байлық — бұл психикалық денсаулық екенін еске салады.
«Бүгінгі күйзеліс мәңгілік емес. Нарық секілді, сіздің ішкі төзімділігіңіз де қайта қалпына келе алады және қалпына келері сөзсіз. Әзірге терең тыныс алыңыз, инвестицияңызды әртараптандырыңыз, мазалаған ойларыңызбен бөлісіңіз және берілмеңіз».








