Таңғы шолу: SoftBank-тің құлдырауы, Microsoft пен Amazon-ның Nvidia-ға қысымы

SoftBank Nvidia-дағы үлесін толық сатуынан кейін акциялары арзандауды жалғастыруда. Amazon мен Microsoft Nvidia чиптерінің Қытайға экспортын одан әрі шектеуді көздейтін заң жобасын қолдады. Осы және басқа да маңызды жаңалықтар 14 қараша таңындағы шолуымызда.
SoftBank үш күн қатарынан құлдырауда
14 қараша, жұма күні SoftBank акциялары алғашында 9%-ға жуық төмендеп, кейін бір бөлігін қайтара алды. Бұл компанияның Nvidia-дағы бүкіл үлесін $5,8 млрд-қа сатқанын жариялағаннан кейінгі үшінші күн қатарынан жалғасқан терең құлдырау.
Соңғы аптада холдингтің нарықтық құны $50 млрд-қа азайды, бұл 2020 жылдың наурызынан бергі ең нашар көрсеткіш, деп жазады CNBC.
Сарапшылардың пікірінше төмендеу тек SoftBank жаңалығына байланысты емес, технологиялық және жартылай өткізгіш секторындағы жалпы нашарлаған көңіл күйдің әсері де зор.
Amazon мен Microsoft Nvidia-ға қарсы экспорттық шектеулерді қолдады
Amazon Microsoft компаниясының бастамасына қосылып, Gain AI Act заң жобасын қолдады, деп хабарлайды The Wall Street Journal. Заң жобасы Nvidia чиптерінің Қытайға экспортын одан әрі шектеуді көздейді.
Инициативаны Anthropic стартапы да қолдап отыр. WSJ-дың мәліметінше заң жобасы чип өндірушілерден алдымен АҚШ-тағы сұранысты қамтамасыз етіп, содан кейін ғана Қытай мен қару-жарақ эмбаргосы бар елдерге экспорт жасауын талап етеді. Big Tech қолдауы Конгрессте құжаттың жылдам өтуіне серпін беруі мүмкін.
Биткоин $97 мыңнан төмен түсті
Биткоин бағасы $97 мыңнан төмендеп, қазан айынан бері криптонарықтан $450 млрд-тан астам капитализацияны жойған құлдырауды тереңдетті.
Bloomberg-тің түсіндіруінше технологиялық акциялардағы түзету мен тәуекелден қашу фонында негізгі қолдаушылар институционалдық инвесторлар, ETF ағындары және корпоративтік қазынашылықтар белсенділікті азайтқан. Бұл криптонарықтың әлсіз тұстарын айқындап отыр.
10x Research-тің мәліметінше нарық расталған «аю» кезеңіне енді: ETF-тен қаржылай ағындар азаюда, ұзақмерзімді инвесторлар сатуда, ал жеке инвесторлар өте әлсіз.
Соған қарамастан, биткоин жыл басынан бері әлі де 5%-ға қымбат, бірақ шарықтау шегінен 20%-дан артық төмен.
Pine Labs акциялары алғашқы сауда күні секіріп өсті
Үндістанның финтех-компаниясы Pine Labs биржадағы алғашқы күнінде акцияларын 29%-ға дейін қымбаттатып, нарықтық капитализациясын 320,3 млрд рупийге ($3,64 млрд) жеткізді, деп жазады Yahoo Finance.
Бұл өсім нарықтағы шамадан тыс бағалау туралы күдіктерді сейілтті. Үндістанда IPO нарығы қызып тұр: жыл басынан бері 300-ден аса компания $16,55 млрд қаржы тартып үлгерген, ал жалпы көлем 2024 жылғы рекорд — $20,5 млрд-ты жаңартуы мүмкін.
Аналитиктер Pine Labs-тың цифрлық төлемдер мен клиенттік базаның кеңеюінен пайда табатынын айтады. Бірақ ұзақмерзімді кірістілік және жоғары мультипликаторлардың ақталуы негізгі сын-қатер болып тұр.
IPO аясында компания $440 млн тартты, бағалау $2,9 млрд — бұл 2022 жылғы жеке раундтағы $5 млрд бағадан да, бәсекелес Paytm-ның $9,5 млрд капитализациясынан да төмен.
Нарықтағы ахуал
Жапония: Topix −0,8%, Nikkei 225 −1,8%.
Гонконг: Hang Seng −1,3%, Қытай CSI 300 −0,8%.
Оңтүстік Корея: Kospi −3,5%, Kosdaq −2,2%.
Австралия: S&P/ASX 200 −1,4%.
АҚШ фьючерстері: S&P 500 және Dow Jones −0,1%, Nasdaq Composite −0,3%.








