Telegram ЖИ көмегімен жаңарады — Павел Дуров

Telegram мессенджері алдағы күндері платформаға жасанды интеллектті енгізетінін жариялайды, деді оның негізін қалаушы Павел Дуров Ослодағы еркіндік форумында. Қосымша мәліметтер келтірмеді.
Егжей-тегжейлі
Telegram мессенджері алдағы бірнеше күн ішінде ЖИ-ге негізделген жаңа функцияларды енгізетінін жариялайды. Бұл туралы қосымшаның негізін қалаушы Павел Дуров Human Rights Foundation ұйымдастырған Осло форумында мәлімдеді. Ол нақты қандай жаңалықтар болатынын ашып айтпады.
Дуров форумға видеобайланыс арқылы қатысты. Себебі Франция соты оған елден шығуға тыйым салған. Франция билігі Павел Дуровты заңсыз қаржылық операцияларға арналған онлайн-платформаны басқаруға қатысқан және тиісті органдардың сұранысына қарамастан ақпарат пен құжаттар ұсынудан бас тартқан деп айыптап отыр. Кәсіпкер бұл істі Telegram мессенджерінің тәуелсіздігін сақтаудың құны деп атады.
Дуров тағы не айтты?
Сол баяндама барысында Павел Дуров ашық архитектурасы мен цифрлық сәйкестендіру мүмкіндіктері бар TON блокчейнін дамытуды жалғастырғысы келетінін айтты. Telegram ішіндегі түрлі операциялар үшін қолданылатын TON криптовалютасының капитализациясы 2024 жылғы тамызда Дуров ұсталғаннан кейін екі есе қысқарып, қазір шамамен $7,5 млрд деңгейінде тұр.
Кейінірек Дуров X әлеуметтік желісіндегі парақшасында Telegram Premium ақылы қызметіне жазылғандар саны бір жыл ішінде екі есеге артып, 15 млн пайдаланушыға жеткенін жазды.
Контекст
Наурызда Дуров Telegram-ның ай сайынғы белсенді қолданушылары 1 млрд-тан едәуір асқанын жазды. Бұл көрсеткіш оны WhatsApp-тан кейінгі әлемдегі ең танымал мессенджер етеді (қытайлық WeChat-ті есептемегенде). Сондай-ақ ол 2024 жылы платформаның $547 млн пайда тапқанын айтты.
Telegram үш жылдық монетизациядан кейін табыс таба бастағанын Дуров алғаш рет 2024 жылдың соңында мәлімдеді. Ол келесі мәліметтерді келтірді: өткен жылы компанияның жалпы табысы $1 млрд-тан асып, криптоактивтерді есептемегендегі ақшалай резерві $0,5 млрд болған.
Дуров бірнеше ай ұсталар алдында Telegram-ды әлеуетті инвесторлар $30 млрд-тан жоғары бағалап отырғанын және компания IPO өткізу мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтқан еді.








