Tesla-ның «алтын ғасыры»: неге Уолл-стриттегі «бұқа» акциялардың 50% өсімін күтеді

Tesla-ға қатысты оптимистік көзқарасымен танымал Wedbush сарапшысы Дэн Айвз, Уолл-стриттегі ең жоғары мақсатты бағаны белгіледі – ол акциялар шамамен 50% өседі деп күтуде. Wedbush болжамынша, алдағы бір-біржарым жылда Tesla-ның нарықтық капитализациясы $2 трлн-ға жетуі мүмкін, ал бұл өсімнің басты қозғаушы күші ретінде маусым айында Техаста іске қосылатын роботакси жобасы аталады. Алайда Уолл-стриттегі барлық сарапшылар бұл компанияға осыншалық сенім артып отырған жоқ.
Егжей-тегжейлі
Tesla-ға қатысты «бұқалық» көңіл-күйімен танымал Wedbush сарапшысы Дэн Айвз компания акцияларының мақсатты бағасын бірден $150-ға көтеріп, $500 деңгейіне жеткізді. Сонымен қатар, ол «сатып алуға кеңес» деген ұстанымын (Overweight — «нарықтан жоғары») растады, деп хабарлайды CNBC. LSEG деректеріне сілтеме жасаған арнаның мәліметінше, бұл Айвздың жаңа таргеті — Уолл-стриттегі ең жоғары баға және ол 22 мамырдағы жабылу бағасынан шамамен 47% өсімді білдіреді.
Дэн Айвздің пікірінше, Tesla-ның нарықтық құнын айтарлықтай арттыруға әлеуеті зор. Бұған 2025 жылғы маусымда Техастың Остин қаласында іске қосылуы жоспарланған роботакси жобасы түрткі болуы мүмкін. Болжамынша, жасанды интеллект пен автономды көлік саласындағы мүмкіндіктердің арқасында Tesla өз капитализациясын кемінде $1 трлн-ға ұлғайта алады. Осылайша, компанияның нарықтық құны алдағы 12–18 ай ішінде екі еселеніп, $2 трлн-ға жетуі ықтимал. Tesla алдағы онжылдықта ЖИ-ге байланысты ең тиімді инвестициялардың біріне айналуы мүмкін.
«Біз Tesla үшін автономды технологиялар дәуірінің нағыз алтын ғасыры басталды деп есептейміз. Келесі айда Остинде іске қосылуы жоспарланған [роботакси] осы өсу кезеңінің жаңа бастауы болмақ», — деп жазды Айвз өзінің жазбасында. Оның сөзін CNBC келтіреді.
Сарапшы сондай-ақ, биыл Tesla акциялары үшін оңай болмағанын мойындады. Бұған компания бас директоры Илон Масктың Дональд Трамп әкімшілігімен байланысты саяси белсенділігі себеп болды — инвесторлар Маск Tesla-ға жеткілікті көңіл бөлмей кетті деп алаңдаған. Алайда енді, Маск саяси істерге араласуын азайтып, компанияға деген адалдығын растаған соң, инвесторлар Tesla-ның жасанды интеллект «революциясындағы» рөліне қайта назар аудара алады.
Акциялардың жай-күйі
23 мамырдағы сауда барысында Tesla акциялары 1,5%-ға дейін төмендеді — бұл Трамптың Еуроодақтан келетін импортқа 50% баж енгізу туралы ұсынысынан кейін бүкіл нарықта байқалған құлдыраумен қатар жүрді. Егер жағдай өзгермесе, жұма күні Tesla акциялары қатарынан төрт күндік өсімін тоқтатуы мүмкін, деп жазады Barron’s.
Компания үшін тағы бір теріс жаңалық — Өкілдер палатасының Трамптың электромобиль сатып алушыларға берілетін федералдық салық жеңілдігін жою, сондай-ақ электромобиль иелеріне жыл сайын алым енгізу туралы бастамасын мақұлдауы болды. Бұған қоса, Сенат Калифорнияға көмірқышқыл газының шығарылымына қатысты жеке экологиялық стандарттар орнату құқығынан айыратын бастаманы қолдады. Егер бұл шешім күшіне енсе, Tesla қоршаған ортаға зияны көп автокомпанияларға «экологиялық балдарын» сату арқылы табатын жүздеген миллион доллар табыстан айырылуы мүмкін, дейді Barron’s.
Басқалар қалай ойлайды
Уолл-стриттегі барлық сарапшылар Айвз секілді Tesla-ның роботакси жобасына қатысты бірдей оптимистік көзқараста емес. Мысалы, Future Fund Active ETF қорының тең құрылтайшысы Гэри Блэк Barron’s-ке берген түсініктемесінде инвесторлар бұл жобаға шектен тыс үміттеніп отырғаны, кейіннен көңіл толмаушылыққа алып келуі мүмкін екенін ескертті. Оның үстіне, Илон Масктың өзі роботакси іске қосылуы кезең-кезеңімен өтетінін, бастапқыда көліктерді басқару әлі де адам бақылауында болатынын айтқан. Бұл дегеніміз — Tesla толық автономды жүргізуді жүзеге асыру мәселесін әлі толық шеше алмай отыр.
Wedbush-тан кейінгі Уолл-стриттегі ең жаңа ұсыным — Mizuho банкі 20 мамырда Tesla акцияларының мақсатты бағасын $325-тен $390-ға дейін көтерді. Бұл — соңғы жабылу бағасынан 14% жоғары.
Goldman Sachs 13 мамырда өз таргетін $235-тен $295-ке дейін көтергенімен, бейтарап рейтингін (Neutral) сақтап қалды. Бұл мақсатты баға, керісінше, Tesla котировкаларының шамамен 14%-ға төмендеуін болжайды.
MarketWatch мәліметінше, барлығы 57 сарапшы Tesla акцияларына рейтинг берген: олардың 30-ы сатып алуға кеңес берсе (Buy және Overweight), 15-і ұстауға кеңес береді (Hold), ал 12-сі сатуды ұсынады (Underweight және Sell). Уолл-стриттің консенсус мақсатты бағасы — $311, бұл соңғы жабылу бағасынан шамамен 9%-ға аз.








