БастыReview
Бөлісу

Трамп ядролық реформа жүргізбек: бұдан қай компаниялар пайда көруі мүмкін?

Едіге  Қасымжан

Едіге Қасымжан

Трамп ядролық реформа жүргізбек: бұдан қай компаниялар пайда көруі мүмкін?

23 мамыр күні АҚШ президенті Дональд Трамп елдегі атом энергетикасы саласын реформалау туралы бірнеше құжатқа қол қойды.

Енді Ядролық реттеу жөніндегі комиссия (NRC) жаңа жобаларға лицензия беру шешімін 18 ай ішінде, ал жұмыс істеп тұрған реакторлардың лицензияларын ұзарту шешімін 12 ай ішінде қабылдауы тиіс болады. Салыстыру үшін: қазіргі таңда NRC 2030-жылдардың басында электр қуатын өндіре бастайтын шағын ядролық реакторларды салғысы келетін компаниялардың өтінімдерін қарауға үш жыл немесе одан аз уақыт қажет болады деп есептейді, деп жазады Associated Press. Қол қойылған жарлықтар АҚШ Қорғаныс және Энергетика министрліктері үшін федералдық жерлерде реакторлар салуды да жеңілдетеді.

АҚШ-тың мақсаты – алдағы 25 жылда ядролық энергия өндіру көлемін төрт есе арттыру. Трамп бұл реформа шағын реакторлармен қатар ірі станциялар құрылысын да қолдайтынын мәлімдеді.

«Біз ірі станциялар жайлы да айтып отырмыз — өте, өте үлкен, ең үлкендері туралы. Біз оларды да саламыз», — деді Трамп (CNBC дәйексөзі).

«Бізде Қытаймен жасанды интеллект (AI) саласындағы технологиялық бәсекеде жеңіске жетуге мүмкіндік беретін жеткілікті электр энергиясы бар», — деді АҚШ-тың ішкі істер министрі Даг Бергум (AP агенттігі келтіреді). «Алдағы бес жылда электр энергетикасы саласында қабылдайтын шешімдеріміз бен атқаратын істеріміз алдағы елу жылдағы бүкіл саланың дамуын айқындайды», — деп қосты ол.

Реформадан кім пайда табады?

Атом энергетикасына деген қызығушылықтың қайта жандануы дата-орталықтар мен ЖИ инфрақұрылымының электр энергиясына сұранысының артуымен байланысты. BlackRock Investment Institute 27 мамырдағы апталық шолуында АҚШ-тағы дата-орталықтардың электр тұтынуы 2030 жылға дейін 50–200%-ға артады деп болжайды.

Бұл таза энергетика секторындағы компаниялардың акциялары үшін нені білдіреді деген сұрақ қояды BlackRock сарапшылары. 2021 жылы бірден өскеннен кейін бұл сектордың акциялары ұзақ уақыт төмендеп келді, бірақ биыл сәуірден бастап заңнамалық өзгерістерге деген үмітке байланысты дәстүрлі энергетика компанияларының акцияларынан оза бастады, делінген BlackRock есебінде. АҚШ президенті Ақ үйге қайта оралғалы бері таза энергетика жобаларын қолдауды қысқарту бойынша бірнеше қадам жасағанымен, оның «Үлкен керемет» бюджет жобасында ядролық энергетика жобаларына салықтық жеңілдіктер қарастырылған.

«Біз ядролық энергетикаға, америкалық табиғи газға және жаңартылатын көздерге инвестиция құюдың мүмкіндіктерін көріп отырмыз», — делінген BlackRock материалдарында.

Мамыр айында бірнеше инвестициялық банк ядролық энергетика секторы компанияларына қатысты ұсынымдарын жариялады.

Wedbush 23 мамырдағы есебінде шағын реакторларды әзірлеуші Oklo компаниясының мақсатты бағасын $45-тен $55-ке көтерді — бұл Трамп ядролық энергетиканы дамыту туралы жаңа жарлықтарға қол қоймас бұрын болды. Бұл 29 мамырдағы жабылу бағасы ($52,9) негізінде 3,9% өсу әлеуетін білдіреді.

Wedbush-тың ойынша ядролық энергетика реформасы Oklo жобаларын едәуір жеделдете алады, әсіресе компания 2027 жылдың соңына дейін Айдахо Ұлттық зертханасы аумағында алғашқы коммерциялық станцияны іске қосуды жоспарлап отырғанын ескерсек.

Инвестбанк Oklo компаниясы клиенттерге электр энергиясын тікелей ұзақмерзімді келісімшарттармен сататынын атап өтеді. Бұл тұрақты табыс негізін қалыптастырады және дәстүрлі ядролық жобаларға тән операциялық тәуекелдерді азайтады. Сондай-ақ Wedbush компанияға OpenAI бас директоры Сэм Альтман қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті. Ол директорлар кеңесін басқарған, бірақ сәуірде бұл қызметтен кеткені белгілі болды. Бұл Oklo-ға OpenAI немесе өзге де ірі компаниялармен серіктестік орнатуда үлкен икемділік береді, өйткені дата-орталық операторлары тұрақты энергия көздеріне мүдделі, деп жазды CNBC.

JPMorgan 22 мамырдағы есебінде GE Vernova компаниясының көрсеткіштері өседі деп болжайды. Банк бұл акцияларға «нарықтан жоғары» деген ұсыныс берген. MarketWatch дерегінше компания акцияларының орташа мақсатты бағасы — $438,54, бұл 29 мамырдағы жабылу бағасынан 6,9%-ға төмен. JPMorgan сарапшылары 2028 жылға дейін компанияның табысы жыл сайын орта есеппен 15%-ға, ал EBITDA 40%-ға өседі деп болжайды. 2024 жылы GE Vernova-ның кірісі $34,9 млрд, түзетілген EBITDA көрсеткіші — $2 млрд болды.

GE Vernova мен жапондық Hitachi-дің Global Nuclear Fuel деген бірлескен кәсіпорны бар, ол қайнаған су-сулы реакторларына арналған отынмен қамтамасыз етеді.

Банк сарапшыларының айтуынша бүгінгі күні нарықтағы ең жоғары әлеует — GE Vernova әзірлеп жатқан қуаттылығы 300 МВт болатын шағын модульдік реакторларға тиесілі. Бұл реакторларды қолдану арқылы станцияны 8–10 жылдың орнына 3–4 жылда салуға болады және капиталдық шығындарды шамамен 30–40%-ға азайтады, дейді JPMorgan. GE Vernova сонымен қатар жұмыс істеп тұрған АЭС-терді сервистік қызметпен қамтамасыз ету арқылы кірісті ұлғайтып келеді: техникалық қызмет көрсету мен отын жеткізу келісімшарттарының жыл сайынғы көлемі 8–10%-ға өсуде, бұл қызмет көрсету бизнесінің табыстылығын 20%-дан асырады.

NextEra Energy компаниясының акциялары 21–22 мамырда бірден 10%-ға құлдырады — бұл «Үлкен керемет» заң жобасының ұсынылуымен байланысты, ол таза энергетикаға берілетін жеңілдіктерді қысқартуды көздейді. Дегенмен, UBS сарапшылары 22 мамырдағы есебінде бұл акцияларға «Сатып алу» деген ұсынысты сақтап қалды, бірақ мақсатты бағасын $94-тен $84-ке түсірді. Осыған қарамастан, акциялардың өсім әлеуеті — 21,7%. 29 мамырдағы жабылу бағасы — $69.

UBS мамандары ядролық активтердің электр қуатын үздіксіз өндіретінін атап өтеді, ал күн мен жел энергиясы ауа райына тәуелді болғандықтан, тұрақсыз болып саналады. АҚШ-та жасыл энергетикаға берілетін субсидиялар қысқаруы мүмкін жағдайында ядролық сегменттің тұрақтылығы бүкіл портфельдің бәсекеге қабілеттілігін сақтаудың кепілі болады, делінген есепте.

BMO Capital Markets cарапшылары 11 мамырдағы есебінде Constellation Energy компаниясының мақсатты бағасын $291-ден $337-ге көтеріп, оған «нарықтан жоғары» деген ұсыным берді. Бұл 29 мамырдағы жабылу бағасымен салыстырғанда 11% өсімді білдіреді.

Сарапшылардың айтуынша Constellation компаниясының ауқымын кеңейтуге сәтті кезең туды — ірі корпорациялар тарапынан «таза» энергияға сұраныс артып келеді. Салықтық бастамалар мен реттеуші ортадағы жақсартулар да компания өсуінің катализаторы бола алады, делінген BMO Capital Markets есебінде.

Constellation қазіргі таңда 33 ГВт ядролық, газ және жаңартылатын генерация қуатына ие. Ядролық энергия әсіресе технологиялық алыптар мен дата-орталықтар арасында жоғары сұранысқа ие. 2024 жылдың қыркүйегінде Microsoft пен Constellation Energy 20 жылдық электр энергиясын сатып алу келісіміне қол қойды. Бұл келісім аясында Microsoft 2019 жылдан бері тоқтап тұрған Three Mile Island АЭС-інің бірінші энергоблогын қалпына келтіруге және іске қосуға қаржылық қолдау көрсетеді. Айта кетейік, 1979 жылдың наурызында Three Mile Island станциясында АҚШ тарихындағы ең ірі ядролық апат орын алған. Салқындату жүйесіндегі ақау мен операторлар қателігі салдарынан екінші энергоблоктағы реактор балқып кеткен. Бұл оқиға АҚШ-тағы атом энергетикасының дамуында бетбұрыс сәт болып, салада бақылауды күшейтуге әкелді.

Bank of America 8 мамырдағы есебінде америкалық реакторлар өндірушісі BWX Technology компаниясына «Сатып алу» ұсынысын және $135 мақсатты бағасын растады. Бұл 29 мамырдағы жабылу бағасы ($125,25) негізінде 7,8% өсімді білдіреді.

Bank of America жазуынша BWX — АҚШ-тың сүңгуір қайықтары мен әуе тасымалдаушы кемелеріне ядролық қондырғылар жеткізетін жалғыз жеткізуші. Компания сонымен қатар АҚШ-тың Ұлттық ядролық қауіпсіздік агенттігінің отандық уранды байыту технологияларын дамыту бағдарламасына (DUECE) белсенді қатысуда. BWX тәжірибелік байыту зауытын салу бойынша келісімшартқа ие болды және оны Энергетика министрлігінің Оук-Ридж ұлттық зертханасына жақын орналасқан 97 акр жер теліміне салуды жоспарлап отыр.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары