Трамп чиптер импортына 100%-дық баж салығын салатынын ескертті. Intel акциялары өсті

АҚШ президенті Дональд Трамп елге әкелінетін чиптер мен жартылай өткізгіштерге 100% баж салығы енгізілетінін мәлімдеді. Алайда, ол бұл талап АҚШ аумағында өндіріс салуға уәде берген компанияларға қолданылмайтынын атап өтті. Бұл жаңалықтар аясында Nvidia мен TSMC акциялары постмаркетте 1,5%-ға дейін төмендеді, бірақ кейін құлдырауды өтеп, қалыпқа келді. Ал Intel акциялары бірден 3%-дан астамға өсті.
Егжей-тегжейлі
«АҚШ-қа келетін барлық чиптер мен жартылай өткізгіштерге 100%-дық баж салығы енгізіледі. Бірақ егер сіз АҚШ-та өндіріс орнын салуға уәде берсеңіз немесе көптеген компаниялар секілді құрылыс процесінде болсаңыз — баж салығы салынбайды», — деді Дональд Трамп Apple компаниясының бас директоры Тим Куктың көзінше. Бұл мәлімдеме Ақ үйдің YouTube-арнасында тікелей эфирде көрсетілді.
АҚШ президенті егер қандай да бір компания АҚШ-та зауыт салатынын айтып, бірақ іс жүзінде ол уәдені орындамаса, онда ол тек баж салығын ғана емес, «жинақталған қарызды» да төлеуге мәжбүр болатынын ескертті. Ол мысал ретінде АҚШ-та инфрақұрылым салып жатқан компания ретінде Apple-ді атады.
CNBC-дің жазуынша Трамп баж салығынан босатылатын компаниялар қандай өндірістік көлемді қамтамасыз етуі керектігін нақтылаған жоқ. Бұған дейін ол жартылай өткізгіштер импортына баж салығы келесі аптада күшіне енуі мүмкін екенін айтқан еді, бірақ мөлшерін алғаш рет жариялап отыр.
Нарыққа бұл жаңалықтың әсері
Nvidia — жасанды интеллектке арналған процессорлар шығаратын әлемдегі ең ірі өндіруші компанияның акциялары АҚШ-тағы кеңейтілген саудада алғашында 1,5%-ға төмендегенімен, тез арада қалпына келіп, 0,2% өсіммен жабылды.
AMD — жасанды интеллект чиптері сегментінде екінші орында тұрған бұл компанияның акциялары да бастапқыда арзандап, артынша 0,75%-ға дейін өсті.
TSMC — Тайвандық контрактілік чип өндірушінің қағаздары да 1,5%-ға құлдырағаннан кейін, қалпына келіп, кейіннен айтарлықтай қымбаттады: кей сәтте өсім 3,3%-ға жетті.
Intel — Трамптың мәлімдемесі инвесторлар тарапынан оң қабылданып, компания акциялары бірден 3%-дан аса өсіп, кейін 2,4%-ға дейін баяулады.
Apple — сауда сессиясында 5% өсім көрсеткеннен кейін, постмаркетте тағы шамамен 3%-ға қымбаттады.
АҚШ-тың негізгі индекстерінің фьючерстері айтарлықтай өзгерген жоқ: S&P 500, Dow Jones Industrial Average және Nasdaq 100 шамамен 0,1% жоғалтты, деп хабарлайды CNBC.
Контекст
Трамп пен Кук Ақ үйдің Доғал кабинетінде кездесіп, Apple компаниясының АҚШ экономикасына жаңа $100 млрд инвестиция салу жоспарын таныстырды. Осылайша, Трамп билікке қайта келгеннен кейін Apple уәде еткен жалпы инвестиция көлемі $600 млрд-қа жетіп отыр.
Bloomberg Intelligence сарапшыларының пікірінше бұл уәде Ақ үйдің Apple-ге деген наразылығын азайтуы мүмкін. Себебі, компания АҚШ нарығына арналған iPhone смартфондарын ел аумағынан тыс жерде шығарып келеді. Сарапшылардың болжауынша Apple АҚШ-та қымбат құрылғылар өндірісіне, жасанды интеллект технологияларын дамытуға және жартылай өткізгіштерді шығаруға көбірек назар аударады. Ал жаппай арзан электроника өндірісі ел ішінде жүзеге аспауы мүмкін.
Laffer Tengler Investments инвестициялық компаниясының басшысы Нэнси Тенглер Apple-дің жаңа жоспарын Тим Куктың Трампқа ұсынған «зәйтүн бұтағы» ретінде сипаттады. Жыл басында Трамп егер Apple АҚШ-та iPhone құрастыруды бастамаса, онда компания өнімдеріне 25%-дық баж салығын салатынын айтып ескерткен еді.








