Apple АҚШ-қа 100 млрд доллар инвестиция салмақ: Кук Трампқа «зәйтүн бұтағын» ұсынды

АҚШ президенті Дональд Трамп Apple компаниясының елдегі өндірісті дамытуға бағытталған 100 млрд доллар көлеміндегі жаңа инвестициялық жоспарын жариялауға дайындалып жатыр. Бұл — iPhone өндірушісінің өндірісті жергілікті етіп, Ақ үйдің тарифтік қысымынан құтылу жолындағы кезекті қадамы. Осы жаңалықтың аясында Apple акциялары бірден 6%-ға қымбаттады.
Егжей-тегжейлі
Bloomberg агенттігінің хабарлауынша Дональд Трамп 6 тамызда Apple-дің АҚШ-тағы өндірісіне тағы $100 млрд инвестиция салу туралы жаңа міндеттемесін жариялайды. Ақ үйдің аты-жөнін атағысы келмеген шенеунігінің айтуынша, бұл қаражат жеткізу тізбегін қайта құру мен маңызды құрамдас бөлшектерді АҚШ ішінде өндіруге бағытталады. Bloomberg мәліметінше, бұл Apple-дің АҚШ-та өндірісті ұлғайтуға бағытталған келесі қадамы — iPhone импортына жаңа кедендік баж салығы салу қаупі артып тұр. Бұған дейін компания төрт жыл ішінде $500 млрд инвестиция салуға уәде берген еді. Оған жасанды интеллект серверлерін шығаратын зауыттың Хьюстонда салынуы және Мичиганда жеткізушілер академиясының құрылуы кіреді.
Ақ үй өкілі Тейлор Роджерс: «Президент Трамптың «Америка бәрінен бұрын» атты экономикалық стратегиясы елге триллиондаған доллар инвестиция тартуға жол ашты. Бұл жұмыс орындары мен бизнесті қолдайды. Apple-мен жасалған жаңа келісім – өнеркәсіп секторы үшін үлкен жеңіс және ұлттық әрі экономикалық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған қадам».
6 тамыздағы сауда сессиясында осы жаңалықтан кейін Apple акциялары 6%-ға өсіп, $214,7-ге жетті. Алайда, жыл басынан бері инвесторлардың тарифтерге және компанияның ЖИ саласында артта қалуынан қауіптенуіне байланысты Apple акциялары 14,5%-ға арзандаған еді.
Бұл нені білдіреді?
Bloomberg Intelligence талдаушыларының пікірінше уәде етілген инвестиция Ақ үйдің Apple-ге қатысты ренішін жұмсартуы мүмкін — әсіресе компания iPhone-ды АҚШ нарығы үшін Үндістанда жинайтын жағдайды ескерсек. Сарапшылардың айтуынша, Apple АҚШ-та қымбат құрылғыларды, жасанды интеллект пен жартылай өткізгіш технологияларын дамытуды шоғырландырады, ал арзан электрониканы бұрыңғыдай шетелде шығаруы мүмкін.








