Трамп ЕО-ға Үндістан мен Қытайға қарсы 100% баж енгізуді ұсынды — FT

АҚШ президенті Дональд Трамп Еуроодақтан Ресейге қысымды күшейту үшін Үндістан мен Қытайдан әкелінетін өнімдерге 100%-ға дейінгі баж салығын енгізуді сұрады, деп хабарлады Financial Times үш дереккөзге сілтеме жасап.
FT жазғандай, Трамп «ерекше талапты» АҚШ пен ЕО жоғары лауазымды өкілдерінің Вашингтонда Кремльге экономикалық қысымды арттыру жолдарын талқылау үшін өткізген жиынына қосылған соң қойды.
«Біз әрекет етуге дайынбыз, қазір-ақ бастауға дайынбыз. Бірақ мұны тек еуропалық серіктестеріміз бізді қолдаса ғана жасаймыз», — деді FT келтірген америкалық шенеуніктің бірі.
«Президент бүгін таңертең жиынға қосылды. Оның ойынша, айқын қадам мынадай болуы мүмкін: бәріміз жоғары баж енгізіп, оларды Қытай ресейлік мұнай сатып алуды тоқтатқанға дейін сақтайық. Шын мәнінде, мұнайды бағыттайтын нарықтар көп емес», — деді ол.
Басқа дереккөздің айтуынша, Вашингтон ЕО Қытай мен Үндістанға қатысты енгізетін кез келген бажды «айна қағидасымен» қайталауға дайын, яғни АҚШ та осы елдерден импортқа бажды көтермек.
Контекст
Қытай мен Үндістан 2022 жылдан кейін ресейлік мұнайдың ең ірі импорттаушыларына айналды. Бұл АҚШ тарапынан сынға ұшырады. Тамыз айында Трамп Үндістаннан келетін тауарларға 50%-дық баж енгізіп, ресейлік мұнай сатып алуды тоқтатуды талап етті. Соған қарамастан, үнді мұнай өңдеу зауыттары сатып алуды жалғастырды, бірақ көлемін наурыздағы ең жоғарғы деңгеймен салыстырғанда шамамен 28%-ға азайтты, деп жазды Bloomberg. Сол уақытта Қытайға жеткізілетін ресейлік шикі мұнай көлемі бес айлық максимумға жетті.








