БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Трамп Қытай импортына салынған баж салығын 57%-дан 47%-ға дейін төмендетуге келісті

Альберт Фахрутдинов

Альберт Фахрутдинов

Трамп Қытай импортына салынған баж салығын 57%-дан 47%-ға дейін төмендетуге келісті

АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдан келетін тауарларға фентанил контрабандасына байланысты енгізілген баж салығын екі есе қысқартты. Нәтижесінде ҚХР-дан импортқа жалпы баж мөлшерлемесі 47%-ға дейін төмендейді. Америкалық көшбасшы ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен сирек кездесетін жер металдарын жеткізу жөнінде бір жылдық келісімге қол жеткізгенін мәлімдеді. Ал Nvidia компаниясының ең жаңа чиптерін экспорттау мәселесі Трамптың алдын ала айтқан мәлімдемесіне қарамастан, кездесуде талқыланбаған.

Егжей-тегжейлі

Оңтүстік Кореядан ұшып шыққан Трамп президенттік ұшақта журналистерге берген сұхбатында Си Цзиньпинмен кездесуді «керемет» деп атап, «көптеген шешімдер қабылданғанын» мәлімдеді, деп хабарлайды CNBC. «Сирек жер металдары мәселесі шешілді», — деді АҚШ президенті, Қытайдан бұл элементтердің экспортын қайта бастау жөніндегі келісім жыл сайын қайта қаралатынын нақтылап.

Фентанилге байланысты баж салығы бірден 20%-дан 10%-ға дейін төмендетілетінін Трамп уәде етті. Соның нәтижесінде Қытай импортына жалпы кедендік мөлшерлеме 57%-дан 47%-ға дейін азаяды. Трамптың айтуынша Пекин бұған жауап ретінде «фентанил жеткізілімін тоқтату үшін бар күшін салады», сондай-ақ АҚШ-тың соя бұршағы мен басқа да ауылшаруашылық өнімдерін сатып алуды қайта бастайды, деп хабарлады телеарна.

Nvidia чиптеріне қатысты жағдай

Көшбасшылар кездесуінің ең көп күтілген тақырыптарының бірі — Nvidia өнімдерінің Қытайға жеткізілуі болды. Кездесудің қарсаңында Трамп компанияның ең қуатты жасанды интеллект чипі Blackwell экспортын талқылауға дайын екенін меңзеген еді. Алайда кездесуден кейін президент тараптардың «көптеген чиптер» жайында сөйлескенін, бірақ ең озық Blackwell туралы сөз болмағанын айтты.

Ол Пекиннің америкалық чип өндірушілермен келіссөздер жүргізуді жоспарлап отырғанын жеткізді. «Мен [Сиға] бұл — оның мен Nvidia арасындағы мәселе екенін, ал біздің рөліміз төрелік ету екенін айттым», — деп Трамптың сөзін Reuters келтіреді.

Жасанды интеллектке арналған жетекші чип өндіруші Nvidia басшысы Дженсен Хуанг бұған дейін Blackwell чипін Қытайға экспорттау үшін АҚШ лицензиясына өтініш бермегенін, себебі Қытай билігі «қазір Nvidia-ның нарықта болуын қаламайтынын анық білдіргенін» айтқан. Сонымен қатар Reuters дереккөздерінің хабарлауынша, компания АҚШ талаптарына сай Қытайға экспорттауға арналған Blackwell архитектурасына негізделген әлсіретілген жаңа чипті әзірлеуде.

Сарапшылар не дейді

АҚШ-тың фентанилге байланысты баж салығын төмендету шешімі — «Қытайдың негізгі талабына жауап» әрі Пекиннің фентанил прекурсорларының экспортын шектеуге бағытталған, Вашингтон ұзақ уақыт мойындамаған әрекеттерін «ақыры мойындау» екенін көрсетеді, деп есептейді The Asia Group консалтинг компаниясының Қытай жөніндегі директоры Хань Шэнь Линь.

Ankura Consulting компаниясының басқарушы директоры Альфредо Монтуфар-Элу Трамп пен Си Цзиньпин арасындағы келіссөздердің «аралық нәтижелері күткеннен де жоғары» деп бағалады.

Сингапурдегі Saxo Markets компаниясының бас инвестициялық стратегі Чару Чанана бұл жаңалықтарға күмәнмен қарайды. Ол америкалық-қытайлық келіссөздердегі ілгерілеу аясында алтын бағасының өсуін түсіндіріп: «Бұл — АҚШ пен Қытай арасындағы қатынастарды қайта форматтауға талпыныс сияқты: сенімді қалпына келтіру үшін жекелеген сауда арналарының жұмысын жаңарту. Дегенмен алтын әлі де белгісіздік факторын сезінуде — оған ФРЖ саясатының жұмсаруы мен геосаяси тәуекелдердің сақталуы әсер етуде», — деді.

Контекст

2025 жылы Трамптың сауда саясаты Қытайдың қатаң ұстанымына тап болып, екі ірі экономиканың арасындағы шиеленісті күшейтті. Бұл жағдай жасанды интеллект чиптері, сирек жер металдары, соя жеткізілімі мен TikTok мәселелеріне де әсер етті. Сауда бітіміне қарамастан, Nikkei Asia атап өткендей, соңғы айларда Вашингтон мен Пекин арасындағы қатынастар ерекше тұрақсыз болып тұр.

Қытай сирек жер металдары мен басқа да тауарлардың экспортына кең көлемді шектеулер енгізген соң, Трамп қытайлық жеткізілімдерге қосымша 100 пайыздық баж cалығын енгіземін деп сес көрсетті. Сондай-ақ тараптар бір-бірінің порттық жеткізілімдеріне жаңа алымдар салды.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары