Трамп әкімшілігі Intel-дің 10% акциясын алуы мүмкін. Неге бағалы қағаздар арзандады?

АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Intel компаниясының шамамен 10% акциясын сатып алу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Bloomberg дереккөздеріне сілтеме жасап. Бұл жағдайда АҚШ үкіметі қиындықтарға тап болған компанияның ең ірі акционері атанбақ. Алайда чип өндіруші инвесторлар күткендей жаңа қаржы тартпауы мүмкін. Осы жаңалықтан кейін Intel акциялары шамамен 4%-ға төмендеді.
Егжей-тегжейі
Bloomberg-тің мәліметінше, АҚШ үкіметі CHIPS and Science Act аясында Intel-ге бөлінген гранттардың бір бөлігін немесе барлығын компания капиталына үлеске айналдыруды қарастырып отыр. Бұл заңға сәйкес АҚШ Сауда министрлігі ел ішінде өндіріс дамытатын чип өндірушілерді субсидиялайды. Intel-дің коммерциялық және әскери өндірісіне бөлінген жалпы сома $10,9 млрд құрайды. Бұл сома чипмейкердің қазіргі капитализациясы бойынша 10% акция құнына шамалас, деп жазады Bloomberg.
Әзірге әкімшіліктің қанша үлес алатыны нақты емес, талқылаулар жабық форматта жүріп жатыр. Ақ үй өкілі Куш Десаи пікір білдіруден бас тартып, ресми хабарландыруға дейін ешқандай шешім түпкілікті болмайтынын айтты. Intel мен CHIPS Act бағдарламасын қадағалайтын Сауда министрлігі де түсініктеме берген жоқ.
Дүйсенбі күнгі саудада Intel акциялары 3,7%-ға арзандап, $23,7 болды. Жыл басынан бері олар 18%-ға өскен.
АҚШ Intel-ге қанша инвестиция құймақ?
Bloomberg-тің түсіндіруінше, басты сұрақ — мемлекеттік қолдау соңғы жылдары сатылымы төмендеп, шығынға ұшыраған Intel бизнесін қайта жандандыра ала ма? Компания технологиялық көшбасшылықтан айырылып, әзірге оны қайтара алған жоқ.
Егер CHIPS Act бойынша бөлінген қаражат акция үлесін сатып алуға жұмсалса, бұл қаржы көлемінің артуын емес, тек бөліну мерзімінің жеделдеуін білдіреді. Заңға сәйкес қаражат кезең-кезеңмен, нысандар құрылысы мен іске қосылу барысына қарай берілуі тиіс. 2022 жылғы заң бойынша гранттардың басым бөлігі Байден әкімшілігі кезінде бөлінді. 2025 жылдың қаңтарына дейін Intel $10,9 млрд гранттың $2,2 млрд-ын алған. Алайда бұл сома акция үлесіне есептеле ме, Трамп билікке келгеннен бері қосымша транштар болды ма, төлем кестесі қандай болатыны әзірге белгісіз.
Контекст
Өткен аптада Intel бас директоры Лип-Бу Тан Ақ үйде Дональд Трамппен кездескен. Бұған дейін Трамп оны Қытаймен байланысы үшін сынап, тіпті отставкаға кетуге шақырған еді. Бірақ кездесуден кейін Трамп пікірін өзгертіп, Танды «тамаша өмірбаяны бар адам» деп атады. Bloomberg-тің жазуынша, Intel үлесін алу идеясы осы кездесуден соң пайда болған. Бұл жаңалықтан кейін инвесторлар оптимизм танытып, компания акциялары 7%-ға өскен.
Intel болашағы Трамп әкімшілігі үшін басты алаңдаушылықтардың бірі болып отыр. Соңғы жылдары компания смартфон, сервер және жасанды интеллект жүйелеріне арналған озық чиптер шығаратын TSMC-ға жол беріп қойды. АҚШ-та TSMC мен Samsung Electronics зауыт салып жатқанымен, ел ішінде алдыңғы қатарлы чип өндіретін америкалық компанияның болуы Трамп әкімшілігі үшін де, Байден үкіметі үшін де басымдыққа ие.
Сарапшылардың пікірі
Bernstein сарапшысы Стейси Расгонның айтуынша, АҚШ-тың Intel-ге үлес сатып алуы компанияның түпкілікті мәселелерін шешпейді. Оның ойынша, компанияға қаржыландырудан гөрі стратегиялық көзқарас қажет, ал мемлекет оған қалай көмектесе алатыны белгісіз. Intel-дің төрт жыл ішінде бес жаңа өндірістік процесс іске қосу жоспары да ойдағыдай жүріп жатқан жоқ.
Расгон «нақты технологиялық стратегиясыз бұл бастама ондаған миллиард долларды босқа өртеу сияқты болады» деп жазды. Сондай-ақ ол Трамп Intel-ден не күтетінін түсініксіз деп отыр. АҚШ бұған дейін Nvidia мен AMD компанияларымен Қытайға сатылатын ЖИ чиптерден 15% түсім алуға, ал MP Materials-тан сирек жер металдарын сатудан табыстың 30%-ын алуға келіскен. «Intel одан (Трамптан) жақсы шарттар ала ала ма, көреміз», — деп жазды Расгон.
Bloomberg атап өткендей, мұндай тәжірибенің ең жақын тарихи мысалы — 2008–2009 жылғы қаржы дағдарысында АҚШ үкіметінің сақтандыру алыбы AIG-ді құтқару үшін акция үлесін сатып алуы. Сол кезде билік компанияға $182 млрд қаржы бөліп, 2012 жылы $23 млрд пайдамен шыққан.
Intel-ді AIG-мен салыстыру оның жүйелік маңызына байланысты: компания америкалық экономикада, әсіресе технологиялық секторда аса маңызды рөл атқарады. Ол — жобалау мен өндірісті «бір шатырдың астында» жүзеге асыратын ең ірі чип өндіруші.
Өткен тоқсанда Intel шамамен $2,9 млрд шығынға ұшырағанымен, оның несие рейтингі инвестициялық деңгейде сақталып отыр, ал нарықтық капитализациясы $100 млрд-тан асады, деп жазады Barron’s.








