БастыЖаңалықтар
Бөлісу

«Трамп мүмкін еместі талап етуде»: сарапшылар Phone-ды АҚШ-та өндіру талабы туралы

Евгения Ватаманюк

Евгения Ватаманюк

Oninvest тілшісі
«Трамп мүмкін еместі талап етуде»: сарапшылар Phone-ды АҚШ-та өндіру талабы туралы

АҚШ президенті Дональд Трамптың Apple-ден iPhone-ды ел ішінде өндіруді талап етуі — шын мәнінде мүмкін емес, дейді Rosenblatt Securities сарапшысы Бартон Крокетт. Трамп 23 мамырда АҚШ-тан тыс жерде жиналған барлық Apple смартфонына 25% көлемінде баж салығын енгізетінін ескертті, кейін бұл талап Samsung және өзге брендтерге де қатысты екенін нақтылады. Уолл-стрит пікірінше, Apple үшін АҚШ-та зауыт салудың орынына баж салығын төлеу жеңіл әрі арзан болуы мүмкін.

Егжей-тегжейлі

«Мұның шынымен жүзеге асарына сену қиын. [Дональд Трамп] Apple-ден іс жүзінде мүмкін емес нәрсені талап етіп отыр — яғни, iPhone-ды АҚШ-та жаппай өндіруді жолға қоюды», — деді Rosenblatt Securities компаниясының аға сарапшысы Бартон Крокетт (CNBC). — «Бұл жақын арада жүзеге асатын нәрсе емес, әсіресе Ақ үйде Трамп отырған тұста».

23 мамырда Дональд Трамп Apple компаниясына өндірісті АҚШ-қа көшіру немесе шетелден әкелінетін құрылғылар үшін баж салығын төлеу қажет болатынын мәлімдеді. CNBC атап өткендей, бұл – Трамптың сауда саясаты аясында алғаш рет нақты бір компанияға бағытталған талап.

«Мен Apple бас директоры Тим Кукке бұны әлдеқашан айтқанмын: АҚШ-та сатылатын iPhone құрылғылары осы елде құрастырылуы тиіс. Егер олар Үндістанда не басқа елдерде жасалатын болса, онда Apple кемінде 25% көлемінде тариф төлейтін болады», — деп жазды АҚШ президенті Truth Social желісінде.

Мұнан кейін Apple акциялары арзандады: негізгі сауда-саттықта құны 4% төмендеп, $193,46 дейін жетті — бұл 7 мамырдан бергі ең төменгі көрсеткіш.

Кейінірек жұма күні Трамп бұл шара тек Apple-ге емес, оның басты жаһандық бәсекелесі — Samsung және басқа да өндірушілерге де қатысты болатынын нақтылады, деп хабарлайды Bloomberg.

Apple үшін нені білдіреді?

Rosenblatt Securities сарапшысы Бартон Крокетттің пікірінше, Apple барлық iPhone құрылғыларын АҚШ-та өндіре алмайды, бірақ президенттің қысымын азайту үшін қандай да қадам жасауы мүмкін. Мысалы, өндірістің шағын бөлігін АҚШ-қа көшіру арқылы Трамптың талабына «жұмсақ жауап» бере алады.

«Олар АҚШ-та бірнеше мың iPhone шығаратын шағын зауыт салып, робототехника саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландырып, бұл әрекетті болашақтағы өндірістік қадам ретінде көрсете алады», — дейді Крокетт.

Ал Wedbush Securities сарапшысы Дэн Айвзтің айтуынша, iPhone-ды АҚШ-та өндіру компания үшін тым қымбатқа түседі — бір смартонға  $3500 шамасында. Бұл қазіргі орташа баға — $1000-нан үш есе жоғары. MarketWatch келтірген Айвздің есебінше, өндірісті толық көшіру кемінде 5–10 жыл уақыт алады және бұл «орындалуы қиын арман».

Barron’s келтірген жазбасында Wedbush сарапшысы Дэн Айвз: «iPhone өндірісінің АҚШ-та жақын болашақта басталуы екіталай — бұған шығын моделі мен жеткізу тізбегіндегі логистика кедергі», — деп жазады. Бұған дейін Айвз iPhone-ның көптеген компоненттері де шетелде жасалатынын атап өткен.

Evercore ISI сарапшылары да сәуір айында Apple-дің өндірісті АҚШ-қа көшіруі экономикалық жағынан тиімсіз екенін мәлімдеген. Олардың есебінше, тек еңбек шығындарының өзі iPhone өндірісінің өзіндік құнын 50%-дан аса қымбаттатуы мүмкін — бұл Трамп ұсынып отырған 25% баж салығынан екі есе көп. MarketWatch жазуынша, Evercore ISI: «Глобалдық баж салығы 50% болса да, өндірісті АҚШ-қа көшіру экономикалық тұрғыдан орынсыз» деп бағалайды.

Gimme Credit сарапшылары да былтыр сәуірде дәл осындай пікір білдірген: тіпті өндірістің бір бөлігін АҚШ-қа көшірудің өзі қазір мүмкін емес. «Физикалық инфрақұрылымды құру мен дамыту үшін ауқымды уақыт пен инвестиция қажет. Одан да маңыздысы — АҚШ-та қажетті білікті және жеткілікті жұмыс күшін табу қиын», — делінген есепте. Сонымен қатар, Gimme Credit Apple-дің кейбір компоненттерді бәрібір Қытайдан импорттауға мәжбүр болатынын да атап өтеді.

Контекст

Қазіргі таңда iPhone-ның негізгі өндірісі Қытайда орналасқанымен, Apple компаниясы құрастыруды ішінара Үндістанға көшіруде — себебі бұл елдің АҚШ-пен сауда қатынастары қолайлырақ. Bloomberg деректеріне сәйкес, 2024 жылдың наурызындағы жағдай бойынша Apple бір жыл ішінде Үндістанда барлық iPhone құрылғыларының шамамен 20%-ын, яғни 40 млн-нан астам құрылғы шығарған.

Енді компания 2026 жылдың соңына дейін АҚШ-та сатылатын негізгі флагмандық смартфондардың көпшілігін Үндістаннан жеткізуді көздеп отыр, деп жазады Bloomberg. Apple-дің айтуынша, Қытайдан емес, Үндістан мен Вьетнамнан өнім тасымалдау компанияға екінші тоқсан ішінде $900 млн-ға жуық қосымша шығын түсіруі мүмкін, деп жазады Barron’s.

Акциялардың жай-күйі

Citi жұма күні Apple акцияларына қатысты «сатып алуға кеңес» (Buy) рейтингін сақтап, мақсатты бағасын $240 деңгейінде белгіледі. Бұл баға 22 мамыр, бейсенбі күнгі жабылу құнынан шамамен 20% жоғары.

MarketWatch деректеріне сәйкес, қазіргі таңда Apple-ді бақылап отырған 50 сарапшының 32-сі акцияларын сатып алуға кеңес береді. Ал сатуды ұсынатындар саны — небәрі төртеу.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары